АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ КЛИНИКАСЫ ШАЛА ТУҒАН НӘРЕСТЕЛЕРДІ ДЕ ҚАРАУҒА КӨШТІ

Уақыты: 23.12.2020
Оқылды: 805
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасында жаңа туған нәрестелерге арналған патология бөлімі ашылды. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Енді мұнда шұғыл медициналық көмекті қажет ететін сәбилерге барлық жағдай жасалады. Бөбектердің тезірек ширап, қатарға қосылуына мүмкіндіктер мол.

Аталған ауруханада осыған дейін патология бөлімі болмаған. Ауыр жағдайда босанған аналарды, шала туған балаларды қаладағы балалар ауруханасына, арнайы ғылыми орталықтарға апаратын. Бұдан былай бұл өзекті мәселенің түйіні осы жердің өзінде-ақ шешілетін болды.

Патология бөлімінің ашылу рәсіміне қатысқан Республикалық педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының төрайымы Риза Боранбаева сөз алып, жақсы жаңалықтың ана мен балаға тигізетін мол пайдасы туралы кеңінен әңгімеледі.

– Перинатология және неонтология саласында бірқатар жетістіктерге қол жеткіздік. Білікті кадрлар дайындауда еліміздегі жетекші жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орнаттық. Мұндай қарым-қатынастар өз нәтижесін беруде. Соның бір дәлелін өздеріңіз көріп отырсыздар. Түрлі патологиялық өзгерістермен туған сәбилерді енді ары-бері тасымаймыз. Осындағы перзентхана жанынан алғашқы көмек беретін бөлімнің ашылуы үлкен жетістік. Сол арқылы біз нәрестелердің өміріне төнген қауіпті сейілтеміз, – деді Риза Боранбаева.

Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасы - облыстағы ірі медициналық мекеме. Бұл жерге, әсіресе, оңтүстік өңірдің тұрғындары көптеп жүгінеді. Ондағы халық саны 1 миллион 300 мыңнан асады. Осының өзі-ақ ауруханаға артылған жүктің оңай еместігін көрсетіп тұр. Аурухана директоры Эльмира Ахметова жаңадан ашылған патология бөлімін жан-жақты таныстырды.

– Енді бұл бөлімді көп жылдық тәжірибесі бар дәрігер, медицина ғылымының кандидаты, доцент Қарлығаш Жұбанышева басқаратын болады. Қалған дәрігерлер де шетелдерде білімін шыңдаған білікті мамандар. Мұнда ультрадыбыстық зерттеу апараттары, жасанды тыныс алу құрылғылары және басқа да құрал-жабдықтар жетерлік. Ана мен бала денсаулығын үнемі өз бақылауында ұстап отыратын облыс әкімі Амандық Баталовқа алғысымыз шексіз. Биыл аурухана жаңа медициналық құрылғылармен толыға түсті, – деді Эльмира Ахметова.

Жаңадан ашылған бөлім 10 орынға арналған. Онда ем алып жатқан сәбилерді де көрдік.

– Нәрестемді жеті айлығында босандым. Туғанда салмағы аз және өте әлсіз болды. Бүгін, міне, оныншы күн, жағдайымыз жақсы. Осындай бөлім ашқан ақ халатты абзал жандарға ризашылығымыз шексіз, – дейді нәрестелі болған ана Назым Сердалиева.

Ана мен баланың денсаулығы, сәбилердің ойдағыдай жетіліп-өсуі – қоғамдағы басты қажеттілік. Жаңадан ашылған патология бөлімі осы істерге өзіндік үлес қосады деген сенімдеміз.

Болат МӘЖИТ

Алматы қаласы