ЖАРКЕНТ ӨҢІРІНЕ КҮНІНЕ 50 АДАМ ҚАБЫЛДАЙТЫН АМБУЛАТОРИЯ САЛЫНДЫ

Уақыты: 25.12.2020
Оқылды: 849
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Панфилов ауданында жаңа амбулатория ашылды. Бұл туралы Панфилов ауданы әкімінің баспасөз хатшысы мәлімдеді.

"Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасы аясында салынған амбулатория Пенжім ауылдық округінің 10 000-нан астам тұрғынына қызмет көрсетеді. Күніне 50 адамды қабылдайтын медициналық орталықтың құрылысына 259,2 млн.теңге қаражат бөлінген. Бұған дейін ескі ғимаратта тұрғындарға қызмет көрсеткен медициналық орталық енді жаңа нысанда үш елді мекеннің тұрғындарын қабылдайды. 45 миллионға жуық теңгеге жаңа медициналық құралдар сатып алынған. Заманауи технологиямен жабдықталған зертханалар мен стоматология сынды бөлімдер жергілікті тұрғындарға қолжетімді.

- Бұрындары толықтай қаралу үшін аудан орталығына баратынбыз. Енді өз ауылымызда барлығы бар. Сәл күтсек те, жаңа медициналық орталық ашылды. Биыл ауыр жыл болса да, халық үшін осындай жаңа орталық салып берген әкімдік тарапына алғыс айтамыз, - дейді ауыл тұрғыны Бекен ата.

707 шаршы метр аумақты алып жатқан жаңа нысанда 42 жұмысшы еңбек етеді. 4 дәрігер, 28 орта буынды түрлі деңгейдегі қызметкерлер мен 10 техникалық жұмысшыға толықтай жағдай жасалған.

Бүгінде Панфилов ауданында 16 амбулатория бар. Барлығы дерлік заманауи талапқа сай халыққа қызмет көрсетуде. Жалпы, Пенжім ауылдық округінің дамуына биыл 1 млрд.-қа жуық қаржы бөлінген.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"