АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА 79 АДАМ КОРОНАВИРУСТАН ҚАЙТЫС БОЛДЫ

Уақыты: 26.12.2020
Оқылды: 1052
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

«Жетісу медиа» ақпараттық алаңында Алматы облысы әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов, облыстағы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Асхат Шарапиев пен облыстық білім басқармасының басшысы Майгүл Омарова «Облыстағы эпидемиологиялық жағдай және коронавируспен күрес бойынша қабылданып жатқан шаралар» тақырыбында баспасөз мәслихатын өткізді. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Бүгінде коронавирус індетімен күрес қарқынды жүргізілгенімен ауру ауыздықталмай жатыр. Қазанда 187 адам ауырып, қарашада 291 жағдай тіркелсе, желтоқсанда мыңға жуық жанның індет жұқтырғаны белгілі болды.

Осы орайда облыс әкімінің орынбасары: «Облысымызда жалпы 6525 жағдай тіркелді, оның 5758-і емделіп шықса, 328 адам емделіп жатыр, реанимацияда 22 адам, өкпені жасанды желдету аппаратында бір адам жатыр. Науқастарға барлық жағдай жасалған. Өкінішке қарай, осы айда 12 адам көз жұмды. Негізгі себеп: дәрігерлерге кеш хабарласуы. Бүгінде медициналық мекемелер жанынан құрылған 391 мобильді бригада науқастарға үйде амбулаториялық көмек көрсетуде. Аталған бригадалар желтоқсанның өзінде он мыңнан астам шақыртуларға барды. Осы тұста қандай да бір аурудың белгісі білінсе, дәл осы бригадалардың көмегіне жүгінуге шақырамын», – дей келе, Жетісу жұртшылығынан карантин режимін қатаң сақтауын сұрады.

Өзіне сөз кезегі келгенде Асхат Сәкенұлы: «Кейінгі көрсеткіштер (18-24 желтоқсан) бойынша Панфилов, Сарқан, Жамбыл, Ұйғыр, Талғар, Қарасай, Ескелді аудандарында індет жұқтырғандар саны көп. Тіркелген 61 жағдайдың 30-ы симптомды. Бүгінде Панфилов ауданы қауіптің қызыл деңгейіне енсе, Талдықорған, Текелі, Ұйғыр, Көксу аудандары қауіптің сары деңгейіне көтерілді. Індетпен күрес жүріп жатыр», – деді.

Білім саласы бойынша дәл қазіргі статистиканы айтқан Майгүл Тілеутайқызы: «Бүгінде 190 мектеп штаттық режимде жұмыс істейді (бала саны – 15 742). Ал Панфилов ауданында 11, Көксу ауданы мен Текеліде бір мектептен штаттық режимнен қашықтан оқытуға көшті. Ата-аналар өтініші бойынша 4076 кезекші сынып ұйымдастырылып, 51 448 бала білім алып жатыр. Санитарлық талаптар толығымен сақталған. Үшінші тоқсаннан бастап бітіруші сынып оқушыларын аралас форматта оқыту үшін қазіргі уақытта дайындық жұмыстары жүргізілуде», – деп баспасөз мәслихатын түйіндеді.

26 желтоқсан, сағат 11:45-тегі ресми мәлімет бойынша Алматы облысында ковид жұқтырғандар саны 6786 адамға жеткен. Ал жалпы наурыз айынан бері қайтыс болғандар саны - 79. Жұқтырғандардың 5703-і емделіп шыққан.

Серік ҚАНТАЙ

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды