ПАНФИЛОВ АУДАНЫНДА КОВИД ӨРШІП ТҰР: ӘКІМ ОРЫНБАСАРЫ АРНАЙЫ БАРДЫ

Уақыты: 30.12.2020
Оқылды: 1260
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Панфилов ауданында коронавируспен ауырғандар санының көбеюіне байланысты Алматы облысы әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов жұмыс сапарымен Жаркент қаласына барды. Бұл туралы "Жетісу" газеті облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

Облыс әкімінің орынбасары аудан басшылығымен, ауылдық округ әкімдерімен аймақтағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты жедел штаб отырысын өткізіп, округ әкімдерінің қабылдап жатқан шаралар туралы есебін тыңдады.

Аудандағы инфекцияның өсуіне байланысты ведомствоаралық комиссия төрағасы эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру мақсатында шектеу шараларын күшейтуді тапсырды.

Жиналыстан кейін облыс әкімінің орынбасары аудандық орталық аурухананың жұмысымен танысып, КВИ-мен ауырғандарды емдеуге арналған дәрілік заттардың қорын және жақында аурухана жанынан ашылған оттегі стансасының жұмысын тексерді.

Панфилов ауданында 2020 жылғы 30 желтоқсандағы жағдай бойынша КВИ-дің 363 жағдайы тіркелген. Биылғы жылдың 1 желтоқсанынан бері 183 жағдай тіркелді, бұл жалпы сырқаттанушылықтың 53,2 пайызын құрайды. Соңғы аптада барлығы жазиралы Жаркент өңірінде 74 адамнан ковид анықталды. Соның 17-cі (23 пайызы)14 жасқа дейінгі балалар.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"