КЕШІККЕН МЕДАЛЬ КОВИДТЕН КӨЗ ЖҰМҒАН МАРҚҰМНЫҢ ЖАРЫНА ТАБЫСТАЛДЫ

Уақыты: 31.12.2020
Оқылды: 1115
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Қарғалы ауылындағы Жамбыл аудандық ауруханасын бірнеше жыл бойы біліктілікпен басқарып келген Сертай Сағиев биыл жазда коронавирустан көз жұмған болатын. Жуырда аталған емдеу мекемесіне марқұмның Ұлттық Медицина ұйымы тарапынан марапатталғаны жөніндегі құжат келді. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Ұлттық Медициналық ассоциациясының «Алтын дәрігер» төсбелгісін Сертай Сейфоллаұлының артында қалған жары Салтанатқа Қарғалы аудандық ауруханасының қазіргі директоры Дархан Сыбанбаев тапсырды.

Ассоциация президенті Айжан Садықованың қолы қойылған құжатта адамдардың өмірін қорғауға және сақтауға қосқан ерен еңбегі үшін Сағиев Сертай Сейфоллаұлының осы төсбелгімен марапатталғаны жазылған. Қарғалы ауруханасының жаңа басшысы марапатты тапсырғаннан кейін көргенділік танытып, марқұмның рухына құран бағыштатты. Сондай-ақ, ұжымда бірге жұмыс істеген қызметтестер білікті басшы, абзал азамат туралы естеліктерімен бөлісіп, оның Қарғалы ауруханасын басқарған жылдары қол жеткізген жетістіктері мен өнеге боларлық жеке қасиеттерін айтты.

Сертай Сағиев 1957 жылғы 28 қазанда Шығыс Қазақстан облысында туған. 1980 жылғы Алматы мемлекеттік медицина институтының стоматология факультетін бітірген. 1981–1986 жылдары Қарғалы ауруханасының дәрігер-стоматологы, 1986–1991 жылдары Жамбыл аудандық орталық ауруханасы стоматология бөлімінің меңгерушісі, 1991–1997 жылдары осы аудандық стоматология емханасының бас дәрігері, 1997-2005 жылдары «Алмас-мед» жекеменшік медициналық орталығының директоры, 2005-2009 жылдары Жамбыл аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары болып қызмет істеді. 2009 жылдан өмірінің соңына дейін Қарғалы ауруханасының директоры – бас дәрігері қызметін зор жауапкершілікпен атқарды. Оның білікті басшылығымен емдеу мекемесінің жұмысы заман талабына сай жаңа деңгейге көтеріліп, ауруханаға 2013 жылы аудандық мәртебе берілген еді.

Ол қай ортада жүрсе де кішіпейілділігімен, адамгершілігімен танылған майталман медицина маманы екенін дәлелдеді. Осынау жемісті қызметінің нәтижесінде 2013 жылы Қазақстан Республикасы «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен, 2016 жылы «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалімен марапатталып, «Жамбыл ауданының Құрметті азаматы» атанды. Аудан, облыс, республика деңгейінде басқа да көптеген марапаттарға ие болды.

Сертай Сейфоллаұлы зайыбы Салтанат екеуі Алмас, Малика, Мадина есімді өнегелі ұл-қыз тәрбиелеп өсірді.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Жамбыл ауданы

Алматы облысы