ТҰҢҒЫШ ЧЕМПИОН ҚЫЗ ҚАЗІР ҚАЙДА ЖҮР?

Уақыты: 08.03.2021
Оқылды: 1455

Гауһар ЕРМЕКБАЙ – бокстан жасөспірімдер арасында қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы. Боксшы қыз 1995 жылдың 8 сәуірінде Райымбек ауданы Қарасаз ауылында дүниеге келген. Албан Асан Барманбекұлы атындағы орта мектептің, Талдықорғандағы олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің және Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Бүгінде Алматыдағы №108 жалпы білім беретін мектепте дене тәрбиесінен және бокстан жаттықтырушы болып жұмыс істейді. Алғашқы бапкері – Жангелді Ахметов.

– Сенсеңіз боксқа деген әуестігім, қызығушылығым сегізінші сыныпта спорт интернатта жүргенде оянды. Бастапқыда интернатқа садақ ату бойынша қабылданып, сол сала бойынша білім алып жаттым. Жатақханадағы құрбыларым боксқа баратын, солардың айтуымен бір-екі жаттығуға қатыстым. Ұнады. Содан Жангелді ағамен сөйлесіп, сол кісінің тобына жазылдым. Әкем мен шешем қарсы болып, «интернаттан шығасың» деп те айтты. Бала махаббат боксты қалап тұрғаннан кейін соңына дейін түсіндірдім, ата-анам да соңына қарай жолымды бөгемеді, – дейді Гауһар.

Кейіпкеріміздің спорттық карьерасындағы ең ірі жетістігі – 2013 жылы Болгарияның Албена қаласында өткен жасөспірім қыздар арасындағы бокстан әлем чемпионатында қазақ қыздарының арасынан тұңғыш болып топ жаруы (жалпы сол чемпионатта Қазақстан бойынша жалғыз алтынды 69 келіде Гауһар алды). Финалда ирландиялық Кристина Десмондты жеңді. Дәл осы әлем чемпионатына 32 елден 299 боксшы қатысса, қазақ қыздары жалпы 16 медаль алды. Өміріндегі ерекше сәт жөнінде:

– Ол кезді ұмытпаймын, ұмыту мүмкін емес. Бәрі кешегідей көз алдымда. Қазақстанның туы жоғары көтеріліп, әнұранның асқақтаған сәтінде бойдағы мақтаныш сезімі жөнінде сөзбен айтып жеткізу  қиын. Бүгінде шәкірттермен жұмыс істеп жатырмын. Өзім бағындырмаған белестерді солар бағындырып, ел абыройын асырып жүрсе деген арман бар. Қыздар боксын үзбей қараймын. Бүгінде бәсекелестік жоғары, – дейді.

Гауһар спортта көл-көсір жүлде алып, жарыстан жарысқа шығудың орнына ерте тұрмыс құрып, бала тәрбиесіне база назар аударды. Өмірдегі басты жеңісі де, жетістігі де – отбасы. Бүгінде бір ұл мен бір қызды тәрбиелеп отырған отбасының ұйытқысы.

– Әрине, балаларым боксты таңдаса (ойланып), қызым тек өзі үшін айналыспаса, жарысқа шығып, оқу-жаттығу жиындарында жүруіне келіспес едім. Бәлкім, өзім әке-шешемді көндіргенімдей, менің де көңілімді табар (күліп). Ал ұлымның қатысуына рұқсат. Сайып келгенде, бала өзіне керектіні таңдаса, әке-шеше де келісетін сияқты, – деп өзінің құлыншақтарының таңдауы жөнінде де айтып өтті.

Гауһар бала тәрбиесімен айналысып жүріп те, ұзақ үзілістен кейін де ел чемпионатында бақ сынап көрді. Кіл мықтыларға жол берді. 2017 жылы әлем чемпионы Валентина Хальзоваға, 2019 жылы Олимпиада жүлдегері Дариға Шәкімоваға есе жіберді.

– Отбасың бар, бала-шағаң болғаннан кейін-ақ спортпен бұрынғыдай таңнан кешке дейін айналысуға, зал жағалап жүруге уақыт жоқ. Менің түсінігімдегі қыз баланың өмірдегі негізгі миссия-сы – дүниеге бала алып келіп, оның тәрбиесіне мән беру. Сондықтан да болар, менің спорттық карьерамда, әсіресе, ересектер арасында аса айтарлықтай ауыз толтырып айтатын жүлде жоқ, – деп түйді сұхбатын кейіпкеріміз.

Серік ҚАНТАЙ

Алматы облысы