АМАНДЫҚ БАТАЛОВ "ЖЕТІСУ" ФУТБОЛ КЛУБЫНЫҢ ЖАҢА ҚҰРАМЫМЕН ТАНЫСТЫ

Уақыты: 10.03.2021
Оқылды: 961

Санаулы күннен кейін футболдан Қазақстан Республикасының чемпионаты жалауын көтереді. Дәл осы кезде ҚР Премьер-лига ойындарына еліміздің барлық командасы жаңа құрам жасақтап, ойынға тас-түйін дайын десе болады. Бұл ретте талдықорғандық «Жетісу» футбол командасы да өз құрамын жасақтап, облыс әкімі Амандық Баталовқа таныстырды, - деп хабарлайды "Жетісу" газеті.

Облыстық әкімдіктің мәжіліс залына жиналған футболшылар аймақ басшысы Амандық Ғаббасұлымен кездесті.

Ең бірінші болып сөз алған Амандық Баталов футболшыларды жаңа маусымның ашылуымен құттықтап және биыл «Жетісу» футбол клубының құрылғанына қырық жыл екенін тілге тиек етті. Мұнан кейін жаңадан сайланған бас бапкер Ринат Әулетовты тұрғызып, команданың жай-күйін сұрады.

- Команда құрамында жастар көп. Республика бойынша «Жетісу» командасы кілең жастардан құралған. Ойыншылардың жас ерекшелігі 18 бен 24 аралығы. Біз басымдықты жергілікті ойыншыларға бердік. Командаға жерлестерімізді тартуға тырыстық. Нақтырақ айтқанда, 75 пайызы өзіміздің ойыншылар, яғни, «Жетісу» футбол клубынан және футбол орталығынан тәрбиеленіп шыққан балаларды алдық. Сонымен қатар, сырттан төрт ойыншы тарттық. Осылайша, команда толықтай құралып, оқу-жаттығу жиынын Түркияда өткізіп, жаңа маусымға тас-түйін дайын отырмыз. Негізгі меже - Премьер-лига сапынан түсіп қалмау және барынша жоғары нәтижеге қол жеткізу, - деді бас бапкер.

Мұнан кейін Амандық Ғаббасұлы ойыншыларды жеке-жеке тұрғызып, олардың бұрынғы ойнаған клубтары мен жеке көрсеткіштеріне көз жүгіртті. Олардың әрқайысына ақыл-кеңес беріп, әр ойыншының бойында намыс болу керектігін де жете түсіндірді.

- «Жетісу» командасы жай команда емес. Оның аты, жеткен жетістігі, ең бастысы, түпкі негізі бар команда. Жалпы, Жетісу жерінің қай саласын алсаң да Республикаға танымал. Сол секілді футбол командасы да танымал болуы керек. Бүгін мен байқап отырмын, команда өте жас ойыншылардан құралған екен. Бұл өте жақсы. Өзіміздің талантты ұлдарымызға мүмкіндік беру керек, оларға барлық жағдайды жасау керек. Бірақ сіздердің ойларыңызда бір ғана мақсат, ол – намыс! Намыс болған жерде ғана жеңіс болады. Бүгінен бастап, жастар, сіздер өз болашақтарың үшін еңбек ету керексіздер және жеке спорттық тұлға қалыптастыру маңызды. Сонда сендердің атақ-абыройларың өседі, ол абырой ертең өздеріңе қызмет етеді және сендерге қарап жас таланттар өсетінін ұмытпаған жөн, - деп сөзін түйіндеді.

Одан кейін «Жетісу» футбол клубының басшысы Серік Мұқанов ойыншылардың жеке деректері мен алдағы ойын кестесін айтып берді. Жаңа маусымның бірінші ойыны өткен жылдың чемпионы «Қайрат» командасымен өтеді. Бұған дейін Қазақстан Премьер-лигасында доп тебетін командалардың бюджеті үлкен қомақты қаржы болатын. Биылдан бастап мемлекеттен бөлінетін қаржы біркелкі болып, барлығы теңестірілді. «Жетісу» футбол командасына да өзге командалар секілді бір миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінді.

Жиынның соңында команда капитаны Андрей Шабанов сөз алып, облыс әкімі Амандық Баталовқа спортқа, оның ішінде, футболға көңіл бөліп, барлық жағдай туғызып отырғаны үшін алғысын білдіріп, команда атынан жетінші нөмірлі футбол жейдесі мен команданың қолы қойылған футбол добын сыйға тартты.

Кездесу соңында Амандық Ғаббасұлы командаға сәттілік тілеп, жоғары нәтижеге қол жеткізуді қадап айтты. Жиын соңында футболшылармен естелік суретке түсіп, ақ жол тіледі.

Ришад ТҰРҒАНБАЕВ

Алматы облысы