АҚСУЛЫҚ СПОРТШЫЛАР РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЖАРЫСТАН ЖҮЛДЕМЕН ОРАЛДЫ

Уақыты: 20.04.2021
Оқылды: 1190

Спорттың ерек түрі - джиу-джитсудан Екібастұз қаласында байрақты бәсеке өтті. Сайыпқырандар сайысында Ақсу ауданының өрендері үздік шықты. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Н.Есеболатов ауылында тұратын балалар ҚР Чемпионатында топ жарды. Тарқатып айтсақ, қыздар арасында 47 келі салмақта Аружан Жақан 1 орынды иеленсе, жүлделі екінші орынды Айнұр Алпысбай қанжығалады. Ақерке Рафхатқызы 59 келімен 3 орыннан табылды. Ал Аяжан Жақан 40 келі салмақта, Ағжан Саят 64 келіде 1 орыннан көрінді. Ал Алишер Төлеубек 70 келі салмақта өнер көрсетіп, қарсыластарын сан соқтырып, 1 орынға шықты. Осылайша, ақсулық өрендер Республика аумағында шашасына шаң жұқтырмас жүйрік екенін дәлелдеп бақты.

Кіл мықтыларды дайындаған бапкердің аты-жөні - Азат Мұсабаев. «Ұстаздан шәкірт озар» деген осы болса керек. Аламанда асықтары алшысынан түсе берсін деген тілек қана бізде. Өрлей бер, жас ұлан!

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"