АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ НӘЗІК ЖАНДАРЫ БАС ЖҮЛДЕНІ ҚАНЖЫҒАЛАДЫ

Уақыты: 27.07.2021
Оқылды: 1142

Талдықорғандағы «Жастар» спорт кешенінің маңында орналасқан әуе добы алаңында жағажай волейболынан ерлер мен әйелдер арасында ел кубогы сарапқа салынды. Доданы тамашалауға облыс әкімі Амандық  БАТАЛОВ келді. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі хабарлады.

Жарыста ерлер арасында 10, әйелдер арасында 9 команда бақ сынасты. Қиыршық құмда өткен дода тартысқа толы болды. Жағажай волейболшылары алғашқы партиядан-ақ барын салып, әдемі ойын өрнегін көрсетті. Әуе добының шеберлері бірде жойқын соққыларымен ала допты ұршықша иірсе, енді бірде қорғаушылардың желкесінен асыра салып та ұпай жинады. Асқан шеберлік пен тактиканы паш еткен спортшылар нағыз классикалық ойын үлгісін көрсетті. Әсіресе, финалдық ойын жұртшылықты тәнті етіп, волейболшылар көрермендердің қошеметіне бөленді.

Жарыс қорытындысы бойынша ерлер арасында Алматыдан келген «Буревестник» командасының үш құрамы қарсыластарын қоғадай жапырып, жүлдені өзара бөліп алды. Ал әйелдер арасында облыс намысын қорғаған «Жетісу» командасы топ жарды. 8 дүркін ел біріншілігінің, 6 мәрте Қазақстан кубогының жеңімпаздары Татьяна Машкова мен Ирина Цимбалова бұл жолы да қарсыласты шақ келтірмей, алтынан алқа тақты. Күміс жүлдені «Каспий-1» командасы еншілесе, «Каспий-3» тұғырдың үшінші сатысынан көрінді.

Жарыс соңында сөз алған облыстық спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев:

– Облысымызда жағажай волейболы қарыштап дамып келеді. Оған дәлел – Қазақстан кубогын 7 рет қатарынан жеңген волейболшы қыздардың жетістігі. Ізбасарлары да Азия чемпионатына қатысып қайтты. Қыркүйек айының соңында әлем біріншілігінде өнер көрсетеді. Аудандарда да жағажай волейболы өркендеп келеді. Атап айтсақ, Талғар, Қарасай, Панфилов, Алакөл аудандарынан мықты спортшылар шығып жатыр, – деді.

Айдар ҚАЛИЕВ

Алматы облысы