Ауылдағы жарыс

Уақыты: 15.12.2017
Оқылды: 1025

Алакөл ауданы, Екпінді ауылдық  округінде   Елбасы Н. Назарбаевтың ‘’Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру’’ атты бағдарламалық мақаласын қолдау, өскелең ұрпақ арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында округ Әкімшілігінің ұйымдастыруымен  шағын футболдан жарыс өтті.

Теңбіл доп шеберлері бәсекеге түскен дода аудан әкімі Ә. Жақанбаевтың тікелей қолдауымен ‘’Өңірлерді дамыту’’ бағдарламасы негізінде тұрғызылып, таяуда ғана пайдалануға берілген жаңа спорт алаңында өтті. 
Шараны салтанатты түрде ашқан округ әкімі Ә. Қыстаубаев пен мектеп директоры Т. Нүсіпова құттықтау сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Түс ауа басталған дода өте тартысты өтіп, қас қарая өз мәресіне жетті. Намысты қолдан бермеуге тырысқан жалынды жастар өздерінің жеңіске деген жігерін көрсетті. Қарсылас командалардан ұпай санымен оқ бойы озық шыққан М. Әубәкіров атындағы мектептің 11-сынып оқушылары жүлделі    1-орынды жеңіп алса, ‘’Екпінді жастары’’ командасы 2-орынды қанжығаларына байлады. Мектептің жас ұстаздарынан құралған команда 3-орынды місе тұтты. Ойын барысында тамаша өнер көрсетіп, көзге түскен Қарлығаш ауылынан Болат Әділхан ‘’Үздік ойыншы’’, Үшқайың ауылынан Төлеген Тоқтаров ‘’Үздік қорғаушы’’ атанды. ‘’Жас ойыншы’’ болып Мәулен Құрмашев танылды. Жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге округ әкімінің марапаты мен бағалы сыйлықтары табысталды.

Дархан ШАРИҒАТОВ,
спорт жөніндегі нұсқаушы.
Алакөл ауданы,
Екпінді ауылы.