ПЛЕЙ-ОФФТА ОЙНАЙДЫ

Уақыты: 02.05.2024
Оқылды: 313

Футзалдан ел чемпионатының негізгі кезеңі аяқталып, қорытынды жасайтын тұсқа келді. Жалпы біріншілікке қатысқан 11 команданың арасынан турнирлік кестеде ұпайы жоғары алты команда плей-офф кезеңінде ойнайды. Шешуші сәтке жолдама алғандар қатарында «Жетісу» да бар.


«Жетісу» футзал клубы чемпионаттың негізгі бөлігін 50 ұпаймен 6-орында аяқтады. Жалпы 40 ойында (16 жеңіс, 2 тең, 22 жеңіліс) 123 гол салып, өз қақпасына 143 гол жіберді. Кейінгі өткізген кездесуінде сырт алаңда «Каспий» (Ақтау) командасын 7:0, 6:3 есебімен жеңді. Команданың бас мергені, маусымның ортасында командаға қосылған бразилиялық ­- Кадиньо. Ол 26 ойында 23 гол салды.

- Плей-оффта ойыншылар барын салады. Дәл қазір дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Жетісулықтарды жеңіспен қуантқымыз келеді, - дейді «Жетісу» футзал клубының директоры Әсет Мұқашев.

Плей-офф кезеңі екі жеңіске дейін ойналады. «Жетісу» Талдықорғандағы «Жастар» спорт сарайында 2 мамырда «Аят» командасын қабылдайды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"