Өзгеше жарыс өтті

Уақыты: 27.06.2024
Оқылды: 308

Айналасына қарайласа жүргеннің жаны жомарт, ізгілікте ісі ілкімді болмақ. Жазушы Марк Твен «Жақсылық – бұл кереңнің ести алатын, соқырдың көре алатын дүниесі» депті. Осы ретте облыстың бас имамы Керімбек Даутов «Showdown» спорт түрінен жарыс ұйымдастырып, игілікті іс қылды. Имамдар мен көру қабілеті нашар зағип жандар арасында өткен үстел теннисінен жолдастық кездесуде шын мықтылар анықталды.

Showdown үстел теннисін алғаш рет 1960 жылы Канадада Джо Льюис пен Патрик Йорк ойлап тапқан. Содан кейін бұл спорт түрі араға 36 жыл салып барып әлемге кеңінен тарала бастаған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша 2,2 млрд. адам әртүрлі көз ауруымен ауыратын көрінеді. Ал Қазақстанда 27 000 адам зағиптар қатарында болса, оның 2 000-ға жуығы Жетісу облысында тұрады.

Спорттық шарада әуезді ән шырқалды. Жиынның өтуіне мұрындық болған азаматтар сөз сөйлеп, Мұхаммед пайғамбардың өмір тарихынан мысалдар келтірді.

– Бүгінгі жиынның мақсаты – зағип жандардың спорт арқылы болашаққа сенімдерін арттырып, ортаға бейімделіп кетуіне жол ашу. Сонымен қатар, саламатты өмір салтын насихаттап, халықаралық спорт жарыстарына қатысатын құрама команда жинау. Бұл жарыста жүлдегерлер медаль, диплом және 20 000 теңгенің сертификатымен марапатталады, – дейді «IT-services & Education» жастар қоғамдық бірлестігінің басшысы Қуаныш Қапанов.

Жарысқа  20-дан аса адам қатысты. Бұл ойында бита, доп, қолғап және жарық өткізбейтін бетперде қолданылады. Мақсаты – допты қарсыластың қақпасына кіргізу. Қозғалыс кезінде дыбысқа құлақ түру маңызды. Бұл жерде ең бірінші адамның сезімталдығы сыналады. Екі кезеңде ең көп ұпай алған ойыншы жеңіске жетеді.

– Имамдар мен зағип жандар арасындағы тартысты ойын өтті. Алланың берген әр мүшесі бізге берілген ұлы нығмет екенін ұмытпағанымыз жөн. Жалпы, адамзат баласына ғибрат болсын деп, осы жарысты ұйымдастырдық. Расымен де тас қараңғы көзілдірік кисең өмірдің қадірін әрі әр нығметтің үлкен сый екенін сезінеді екенсің, – дейді облыстың бас имамы Керімбек Даутов.

Жарыс қорытындысы бойынша І-орын «Зағиптар» қоғамдық қорының мүшесі Ербол Атайбековке, ІІ-орын қалалық «Тәубе» мешітінің бас имамы Серік Шәріпке бұйырды. Ал, ІІІ орыннан «Зағиптар» қоғамдық қорының мүшесі Серік Ахметов көрінді.

Айта кетейік, өңір имамдары мен ізгілікке жаны құмар жарандар бірлесіп Құрбан айт мерекесіне орай Жастар саябағында балар үшін тегін балмұздақ таратып, тегін ойын-сауық ұйымдастырған. Сонымен қатар, Айналайын балалар үйінің өрендерімен кездесіп, Бөбектер үйіндегі бүлдіршіндердің жай-күйімен танысыпты. Аталған Showdown үстел теннисінен ұйымдастырылған сайыста Құрбан айтты тойлау шеңберінде қолға алынған негізгі істің бірі.

Медет ЖҰМАБАЙ