САРЫЕСІКТЕ СПОРТ КЕШЕНІ АШЫЛДЫ

Уақыты: 29.06.2024
Оқылды: 356

Аптаның ортасында Қаратал ауданында қос бірдей жаңалықтың куәсі болдық. Аудан орталығынан ең шалғайда жатқан Көпбірлік ауылында әкімдік ғимараты мен спорт кешенінің лентасы қиылды.


Осындай айтулы күнге ауыл тұрғындары мен қала қонақтары көп жиылды. Ең бірінші ауылдық әкімдіктің ғимаратын салтанатты түрде ашқан аудан әкімі Ұлан Досымбеков сөз сөйлеп, ауыл тұрғындарын жаңа нысанның ашылуымен құттықтады. Сондай-ақ, ауданда істеліп жатқан игілікті істерді айта келе Көпбірлік ауылындағы жұмыстарға да тоқталды. Бір ғана ауылдың өзінде ауыз толтырып айтатын жаңалық көп екен. Мәселен, аудан орталығынан алыста жатқан ауылға дейінгі тас жол жөнделіп жатыр. Ерте көктемде басталған жол жасау жұмыстары жыл аяғына дейін аяқталатын түрі бар. Сонымен қатар, ауылдағы ауызсу мәселесі көп жылдан бері шешімін таппай келе жатқан мәселе болатын. Міне, осы бір күрделі істің де күрмеуі шешіліп, таза ауыз сумен қамтылып отыр. Осындай ілкімді іспен қатар ауылға әкімдіктің жаңа ғимараты салынып, лентасы қиылды. Ұлан Әлдибек- ұлы жыл бойына істеліп жатқан игілікті істерді саралай келе ауыл тұрғындары мен ғимаратты салған мердігер компанияға алғысын айтты. Мұнан кейін ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Нұрғазы Жасанов ақ батасын арнап, жаңа ғимараттың лентасын қиды. Әжелеріміз шашу шашып, салтанатты шараның шырайын одан әрі асырды. Әкімдік ғимараты блокты-модульдан құрастырылған. Небәры екі айдың ішінде бой көтерген нысан ауылға көрік беріп тұр. Ішінде ауыл әкімінің жеке кабинетімен қатар мамандардың жеке бөлмелері, келген тұрғындарды қабылдайтын арнайы бөлме және ауылдық кітапханаға да орын бар. Осындай жағымды жаңалықтың куәсі болған ауыл халқы дән ризашылықтарын білдіріп, жаңа ғимараттың ішін аралап көрді.

Түс ауа аталған ауылда тағы бір сүйінші жаңалық болды. Ол ауыл ортасынан бой көтерген спорт кешенінің ашылу шарасы.

Спорт кешені екі қабаттан тұрады. 240 шаршы метрді құрайтын спорттық нысанда күрес, волейбол, баскетбол, тоғызқұмалақ ойындарынан жаттығулар өтіп, ауыл балаларын спортқа баулиды. Салтанатты шараға ауыл тұрғындарымен қатар республиканың түпкір-түпкірінен келген қонақтар да жиылды. Белгілі спорт журналисі, Қазақстан журналистер, Жазушылар одағының мүшесі, спорт шебері, Көпбірлік ауылының тумасы Несіп Жүнісбайұлы, ҚР Ұлттық олимпиада комитеті спорт департаментінің директоры Елсияр Қанағатов, тоғызқұмалақтан әлемнің бес дүркін чемпионы, ұлттық құрама командасының бас жаттықтырушысы Айнұр Жақыпбаева, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ұлан Рысқұл, Қазақстанның құрметті энергетигі, ауыл түлегі Кенжемұрат Дүкенбаев, ҚР Ұлттық кітап палатасының директоры Әділ Қойтанов, аудан әкімі Ұлан Досымбековтер де шараға қатысты. 

  Ашылу салтанатында бірінші болып сөз алған аудан әкімі Ұлан Досымбеков шараға жиылған жұртты жаңа спорт кешеннің ашылу салтанатымен құттықтап, ғимараттың бой көтеруіне өз үлестерін қосқан азаматтарға алғысын айтты. Сондай-ақ, ауылдан түлеп ұшып, бүгінде республикаға танымал азаматтарға, Жетісу жері, Қаратал ауданына ат басын бұрған қадірменді қонақтарға ризашылығын білдіріп, аудандық мәслихаттың сый-сияпатын табыс етіп, қазақы дәстүрмен иықтарына шапан жапты.

Мұнан кейін тұңғыш Қазақстан барысы, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ұлан Рысқұл сөз сөйлеп, ауыл тұрғындары мен болашақ чемпиондарға ақ тілегін арнады. «Жақсыдан шарапат» дегендей, қазақтың батырынан жұғысты болсын деген ниетпен жасөспірімдер Қазақстан Барысының қолынан алып, құрмет көрсетті. Сондай-ақ, Ұлан Ғалымұлы алдағы уақытта жаңа спорт кешенінен чемпиондардың шығатынына сенім білдіріп, тілектестігін жеткізді. Одан кейін ортаға Ұлттық олимпиада комитеті спорт департаментінің директоры Елсияр Қанағатов шығып, шалғай ауылда спорт кешенінің ашылып жатқанына қуанышын айтып, ақжарма тілегін арнады.

– Жерлестеріңіз,  Қазақ-станның белгілі спорт журналисі, он мәрте Олимпиада ойындарына қатысып, кітап жазған Несіп Жүнісбаевтың ауылында спорт кешені ашылады дегенде үйде тыныш жата алмадық. Әр қазақтың кіндігі ауылмен жалғасып жатқанын өздеріңіз жақсы білесіздер. Болашақ чемпиондар ауылдан шығады. Осы орайда мынадай үлкен іске қолдау білдірген облыс әкімі Бейбіт Исабаевқа алғыс айтамын. Бұл – ауылмен қатар, болашаққа жасаған қамқорлық деп түсіну керек. Сондықтан, зәулім спорт кешенінен елдің намысын қорғайтын чемпиондар шыға берсін деп тілеймін – деді ол.

Келесі кезекте ауыл түлектері Кенжемұрат Дүкенбаев пен Несіп Жүнісбайұлы сөз алып, ауылға қамқорлық танытқан облыс әкімі Бейбіт Исабаев пен шаруаның басында жүріп, әрі қағылған шегесіне дейін қадағалаған аудан әкімі мен аппаратына ризашылықтарын айтып, ақ алғысын жаудырды.

Мұнан кейін келген қонақтар спорт кешенінің лентасын қиып, ішін аралап көрді. 

Екі қабаттан тұратын спорт кешені өте сапалы тұрғызылған. Екінші қабатта күрес залы болса, бірінші қабатта ойын залымен қатар тоғызқұмалақ, кітапхана бөлмелері бар. Жуынатын, шешінетін арнайы бөлмелері де толықтай жабдықталып, жас жеткіншектерге қызмет көрсетпек. Келген қонақтар спорт кешеніне спорттық киім, тоғызқұмалақ тақтасы, доптар әкеліп сыйға тартты. Өз кезегінде қонақтардың қолынан сый алған жас спортшылар алғыстарын айтып, осындай спорт кешенінің ауылдан бой көтергеніне қуанышты екенін жеткізді.

Салтанатты шарадан кейін қаладан келген қонақтар мен ауыл жастарынан құралған волейбол командасы жолдастық кездесу өткізіп, мерекенің шырайын асырды.

Ришад ТҰРҒАНБАЙ