ҚАТАРЫНАН ҚАРА ҮЗГЕН "ҚАРЕКЕТ"

Уақыты: 30.06.2024
Оқылды: 372

«Қарекет ет, батырым!». Белгілі журналист Бейсен Құранбектің осы бір сөзін ұран етіп, жейденің кеуде тұсына қолтаңбасымен жаздыртып, алаңда доппен көсілген жетісулық журналистердің бүгінгі «Қарекеті» қара үзіп тұр. Әр жарыстан үмітті ақтап, абыроймен шат-шадыман қайтуды дағдыға айналдырған. Бүгінгі жетістіктің басында үлкен істің, сан жарыстың тәжірибесі мен айрықша қолдаудың тұрғандығы анық.


І. БЕЙСЕН АҒАНЫҢ ҚОЛДАУЫ

Жетісудағы көптеген журналистердің қалыптасуына ықпал етіп, жол сілтеп, бағыт көрсетіп, келешегін айқындауға барынша үлес қосқан жанның бірі – Бейсен Құранбек. Жолыға қалсаң «Жетісуда үлкен орта қалыптастыру керек. Ол әдебиет болсын, ол мәдениет болсын, ол спорт болсын» деп жүретін. Бүгінде сол ортаны қалыптастыру үшін достары да, інілері де еңбектеніп жүр. Журналистикадағы мансабын спорт газетінен бастаған, бала арманы футболшы болуды қалаған Бейсен ағаның да аладоп дегенде елжіреп кететіндігі бар. Әр жарыстың нәтижесін хабарласып біліп, келесі кездесулердің де кестесін уақытымен сұрап алатын. Ал журналистер арасындағы жарыстарға ерекше қолдау білдіріп, шынайы жанкүйерлігін көрсетіп жүретіндігін көзкөргендер жақсы біледі. Қандай жарыс болмасын ұйымдастыру тобынан табылып, жарыс алдында сөз сөйлеп, ақ жол тілеп тұратын. 

– Ең алғаш жетісулық журналистерден жасақталған команданы 2010 жылы Шымкентте БАҚ қызметкерлері арасында өткен спартакиада кезінде көрдім. Сол додада жетісулықтар жалпы есеп бойынша бас жүлдені алып, автомобиль мініп қайтқан. Араға 4 жыл салып, Бейсен ағаның шақыртуымен «Жетісуға» келдім. Бірақ сол кезде ойнаған жігіттердің көбісі басқа салаға ауысып кеткен, жеңімпаз команданың жұрнағы да қалмаған. Одан команда жасақтау керек болды. Данияр Мұстафаев, Думан Алтынбекұлы, Айдос Қалиев сынды азаматтар қосылып, журналистерден команда шығардық. Алғашқы жарысымыз 2015 жылы Астанада өткен Сейдахмет Бердіқұловты еске алуға арналған турнир. Сол кезде он балаға көлікті де, жолақысын да шешіп берген Бейсен ағамыз еді. «Жетісудың намысын қорғаңдар» деп қолдап, жарысқа шығарып салды. Өкінішке қарай, біз топтан шыға алмадық. Күшімізді бағамдадық. Еңсеміз түсіп Талдықорғанға келгенде алдымыздан Бейсен аға күтіп алып «Еңсе түспесін, бұл алғашқы жарыстарың. Әлі талай жарыста топ жарасыңдар. Мен сенемін» деп ерекше қолдау білдірді. Одан бір жылдан кейін Алматыда өткен Алаш зиялыларын еске алуға арналған республикалық турнирде топ жардық. Жеңістен кейін жеңімпаз команда сапына қосылып, Жетісудың намысын қорғағысы келетіндердің де қатары көбейді. Солардың арасынан електен өткізіп, жақсы көрінгендерін командаға қостық. Бүгінде «Қарекеттің» намысын қорғап жүрген жігіттердің көбісі сол іріктеуден өткендер, – дейді белгілі тележүргізуші Асыл Махметов. Одан кейін де жетісулық журналистерден жасақталған команда түрлі жарыстарға қатысып, өздерін жақсы қырынан көрсетіп жүрді. Жетістік те аз емес.

ІІ. «ҚАРЕКЕТ» ҚАЛАЙ ҚҰРЫЛДЫ?

Бейсен ағаның дүниеден қайтқанына бір жыл толар шақта аңыз журналистің құрметіне  Жетісу журналистерінен жасақталған команда 2021 жылдың наурызында «Қарекет» деп атын өзгертіп, ұран сөзін «Қарекет ет, батырым!» деп алмастырды. Ойыншылар қатарын кеңейтіп, жаңа форманы салтанатты түрде табыстады. Шараға Бейсен ағаның достары Серік Әбікен мен Досан Атантелов қатысып, түрленген командаға сәттілік тіледі. 

– Бұл Бейсен ағамызды ұмытпау, керісінше, ұлықтау. Жейдеміздің алдын да ағамыздың қолтаңбасымен жаздырттық. Осының өзі үлкен сынға деген нық қадам, – деді сол кезде команданы құрушылардың бірі Ришад Тұрғанбаев. Команда атын алмастырғаннан кейін-ақ түрленіп сала берді. Ойындарда айрықша көрініп, жеңістер сериясын ұзартты. Барған жарыстарынан жүлдемен оралуды әдетке айналдырды. 

– Журналистер арасындағы футболға 2014 жылдан бастап араласа бастадым, ал 2016 жылы Астанада БАҚ лига басталып, соның қазанында қайнадық. Есімде,  2018 жылы Талдықорғанда «Жетісу» газетінің 100 жылдық мерейтойына барғанда жергілікті команданы алғаш көрдім. Жалпы Бейсен аға командаға қолғабыс болып, жолын да, қаржысын да реттеп береді дегенді еститінбіз. О кісі дүниеден өткеннен кейін команда атын ауыстырды. Соны ұйымдастырып, басы-қасында жүрген жігіттерді жақсы танимын. Бүгінде Астана мен Алматыны есепке алмағанда аймақтан жарысқа қатысатындардың арасында «Қарекеттің» шоқтығы биік. Үнемі жүлдеге таласады, мықтылармен терезесі тең ойын көрсетеді. Мен үшін журналистер арасындағы үздік командалардың бірі, – дейді спорт журналисі Бек Төлеу.  

ІІІ. «ҚАРЕКЕТКЕ» БАҒЫНБАЙ КЕЛЕ ЖАТҚАН ЕКІ КУБОК

«Қарекет» құрылғалы республикалық ірі жарыстарда жеңімпаз болды. Айта кететіні, тұңғыш ұйымдастырылған жарыстардың чемпионы есебінде тарихқа аттарын жазды. Мәселен, Амангелді Сейітханды, Марат Қабанбаевты, Мақсат Сіләмбекті еске алуға арналған жарыстардың алғашқы жеңімпаздары. Одан бөлек, бірінші жылы бұйырмаған (2022 жылы 4-орын алды) «Мәжіліс кубогында» 2023 жылы «Қарекет» топ жарды. 

– Команда құрылғалы Сейдахмет Бердіқұлов пен Бейсен Құранбекті еске алуға арналған турнирлерде ғана жолы болмай жүр. Осы екі кубокты ғана алмады демесеңіз, қалған кубоктарды сөреге қойдық. Жылына журналистер арасында бес-алты турнир болса, соның кемі үш-төртеуінің финалында ойнап келеміз, – дейді команданың жетекшісі Есболат Айдабосын. 

 Жақында ғана Қызылордадағы «Еуразия» спорт кешенінде өткен жарыста «Қарекет» әр ойынын сенімді аяқтап отырды. Топтық кезеңде Шымкент құрамасын 2:1, Ақтөбені 3:0 есебімен жеңіп, Атыраумен 3:3 тең ойнап, бірінші орынмен келесі кезеңге өтті. Жартылай финалда жергілікті «Қаламгерді» жеңіп, финалдағы ойында қайта жолыққан Атырауды 5:1 нәтижесімен ойсырата ұтты. Бұл Жетісу журналистерінің Қызылордаға үшінші мәрте баруы. Осының алдындағы екі турнирде үштікке кірмеген еді. Жеңіске жеткен жетісулықтар Қызылорда облысының әкімдігі тағайындаған 1 000 000 теңгеге ие болды.

Серік ҚАНТАЙ