ЖЕРЛЕСТЕРІМІЗ ЖҮЛДЕМЕН ОРАЛДЫ

Уақыты: 10.07.2024
Оқылды: 290

Ресейдің Якутск қаласында VIII Халық- аралық «Азия балалары» ойындары өтті. Саха жерінде өткен сында 25 мемлекеттен 25 спорт түрі бойынша 239 медаль сарапқа түсті. Елімізден барған 202 спортшы 21 спорт түрінен жарыс жолына шығып, 107 жүлдеге (17 алтын, 31 күміс, 59 қола) ие болып, жалпы кестеде 7-орын алды.


Төрт жылда бір өтетін жарыстың бәсі жоғары. Азия құрлығын қамтитын елдерден жиналған 16 жасқа толмағандар арасындағы тартыстың жөні басқа. Еліміздің намысын қорғаған спортшылар ішінде еркін күрестен 57 келіде кілемге шығып қола алған Аман Сүлеймен, самбодан 47 келі салмақта қола алған Қарақат Рахымбай сынды жетісулықтар да бар. Жүлдегерлерді жерлестері, спорт басқармасындағы қызметкерлер Алматы әуежайынан салтанатпен күтіп алды. Жиналғандар жас спортшылардың болашағына мол сеніммен қарайтынын айтты.

Келесі XI жазғы ойындар (2028) және 2027 жылы болатын ІІІ қысқы «Азия балалары» ойындарының қайда өтетіні әлі белгісіз.