КҮЛЛІ ӘЛЕМ КӨЗ ТІГЕТІН СӘТ

Уақыты: 14.07.2024
Оқылды: 407

Спортшылардың сыналар сәті жақындады. Әр ел өз жүйрігін жарысқа қосып, нәтижесін тағатсыздана күтетін кез. Күллі жаһан 26 шілдеден бастап 11 тамызға дейін Франция астанасы Парижге көз тігеді. XXXIII Олимпиада ойындары әріптері алтынмен жазылар тарихты құшақтауға дайын. Еліміздің де бұл төртжылдықтың басты додасынан күтері мол.


Париж – Олимп ойындарын үшінші мәрте (осыған дейін 1900 жылы және 1924 жылы ұйымдастырды) қабылдап отырған екінші қала (Лондон – 1908, 1948 және 2012 жылы өткізді). Биыл негізгі 28 олимпиадалық спорт түрінен бөлек брейк-данс, спорттық альпинизм, скейтбординг және серфинг қосылды. Қазақстан 25 спорт түрінен 80 лицензия жеңіп алса, соның бес жолдамасы жетісулықтарға тиесілі (садақ ату – 4, велоспорт – 1; алдыңғы Олимпиадада жетісулықтар 11 жолдама алған). Командалық жүйеде лицензия ескерілмейтін дзюдо күресінен +75 келіде татамиге шығатын жерлесіміз Камила Берліқашты да айырықша айтып өту керек. Елімізге алғашқылардың бірі болып Олимпиада жолдамасын Тайландтың Бангкок қаласында өткен Азия чемпионатында екінші орынмен алған жетісулық садақшылар Ильфат Абдуллин, Александр Еременко және Дәулеткелді Жаңбырбайдан жасақталған Қазақстан құрамасы жекелей және командалық сында бақ сынайды. Одан бөлек, жастар арасында әлем чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы Евгений Федоров тас жолдағы веложарыста барын салмақ.

Үлкен сын алдында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев спортшыларды қабылдап, сәттілік тіледі.

– Біз сіздерге зор үміт артамыз. Бүкіл халқымыз – сіздерге жанкүйер. Жалпы, қазақ спорт мектебінің мәртебесі қашанда биік. Спортшыларымыз әрдайым елге жүлдемен оралып жүр. Осы даңқты жолды абыроймен жалғайсыздар деп сенемін. Шын мәнінде, сіздердің жеңістеріңіз тұтас Қазақстанның жеңісі болмақ. Көк туымыз желбіресе, ұлтымыздың рухы асқақтайды, – деді Мемлекет басшысы. Артынша Мемлекеттік туды Олимпиада ойындарының ашылуында ұстап шығатын боксшы Асланбек Шымбергенов пен жеңіл атлет Ольга Сафроноваға табыстады. Өз кезегінде Асланбек Шымбергенов: «Олимпиаданың алтынын алу – басты арманым. Есімде, 2004 жылы Бақтияр Артаев ағамыз чемпион атанған соң, туған ағам мені бокс үйірмесіне алып барды. Енді, міне, жазғы Олимпиадада еліміздің туын көтеріп шықпақпын. Ең бірінші кезекте бұл мәртебе, үлкен жауапкершілік. Туымызды желбіретіп барып, желбіретіп қайтамыз», – деді.

Кейінгі өткен Токио Олимпиадасында жерлестеріміз сүреңсіз өнер көрсетіп, жанкүйерлерді жерге қаратқан еді. Жапония жерінде бар болғаны 8 қола медаль алып, жалпыкомандалық есепте 83-орынды қанағат тұтты. Оған дейінгі Қазақстанның Олимпиададағы нәтижесі дәл осындай төмен, жағдайы мүшкіл болмаған еді.  Сол  8 қоланың екеуін жетісулық ауыр атлет Игорь Сон мен Зүлфия Чиншанло алды. Өкініштісі, Париж Олимпиадасына ауыр атлеттеріміз бен әйелдер күресінен бірде-бір спортшы қатыспайды.

Әр Олимпиададан жүлдемен оралатын жетісулықтардың жолына осы жолы да үмітпен қараймыз.

ҚЫСҚА-НҰСҚА
* Бокстан Қазақстан ерлер құрамасы Олимпиадаға толық құрамда барады. Ал әйелдер құрамасы алғаш рет жазғы ойындарға үш боксшы апарады.
* Брейкинг пен бадминтоннан Қазақстан тұңғыш рет Олимпиада жолдамасын иеленді. Брейкингтен Амир Закиров, бадминтоннан Дмитрий Панарин ел намысын қорғайды.
* Әйелдер күресінен Қазақстан командасы Олимпиададан сырт қалды.
* Семсерлесуден Қазақстан құрамасы алғаш рет командалық жарыста бақ сынайды.
* Қазақстан тұңғыш рет гимнастиканың үш түрінен (батуттық, спорттық және көркем) жазғы Олимпиадада сынға түседі.
* Нысана көздеуден Қазақстан командасы алты спортшыны Олимпиадаға апарады.
* Париж Олимпиадасына қатысатын 80 спортшының ішінде 54 атлет жазғы ойындарда алғаш рет бақ сынайды.
* Қазақстан олимпиадалық құрамасының сапында жазғы ойындарға 4-ші рет қатысатын 2 спортшы бар. Олар – жеңіл атлет Ольга Сафронова мен академиялық есу шебері Владислав Яковлев. Ал Елдос Сметов (дзюдо), Кирилл Герасименко (үстел теннисі) және Елена Потапенко (қазіргі бессайыс) Олимпиада ойындарына 3-ші рет қатыспақ.

Серік ҚАНТАЙ