Тастаяқ тартысты өтті

Уақыты: 18.07.2024
Оқылды: 349

Алакөлдегі жазғы маусымның ашылуына орай «Посейдон» демалыс аймағында 63 жастан асқан ардагерлер арасында бильярдтан V халықаралық турнир өтті. «Жетісу облысының бильярд спорты федерациясы» қоғамдық бірлестігінің басшылығымен өткен  турнир «Мәскеу пирамидасы» әдісі бойынша болды. 

Жарыс 5 күнге созылды. Қатысқан 6 команда (бір командада 7 ойыншыдан) өзара мықтыны анықтады. Алакөлде алғаш рет өтіп отырған турнирде командалық есеп бойынша «Жетісу» және «Жетісу-2» командасы І-орынға лайық деп танылса, ІІ-орынды Қырғызстаннан келген «Манас» пен Шымкенттің «Тұран» командасы алды. Ал ІІІ-орынға «Ағалар» (Өскемен қаласы) мен «Тарлан» (Астана) командасы ие болды. Жекелей сын бойынша да үстел үстінде тартыс орын алды. Үздіктер ішінен әдіс-айласымен ерекшеленген Есенжан Бекбаев І-орын, Теңелбай Даунулов ІІ-орын алса, ІІІ-орынды Серік Берімбаев пен Теңмағамбет Ибрагимов місе тұтты. 

Ұйымдастырушылар дәл осы форматта алдағы уақытта тағы да халықаралық жарысты ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Алакөлде өткен ардагерлер арасында тастаяқ тартысы жиналғандардың көңілінен шығып, үздіктер лайықты түрде анықталғанын айтты.

Серік ҚАНТАЙ
Фото: billiard1.ru