ҚЫСҚА ЖОЛДАҒЫ ҰЗАҚ САПАР

Уақыты: 21.07.2024
Оқылды: 521

(Жетісу облысының үздік ойыншысы ,"Оле Бразил", "Бәйтерек", "Жетісу" футбол клубтарының түлегі,
Жетісу облысының футбол федерациясының атқарушы директоры болған Әлібек Батырбеков бауырыма арнаймын)

Көлік ішінде ойнап тұрған әуен ерекше. Сағыныш сазындай сезімге толы. Жанын тербеген әуеннің қазіргі жағдайын тап басқанына Заңғар да жымиып, ырғаққа еліп, бойы балқып, ойы қалқып барады. Кенет көз алдына бәрі келді. Өткен шақ...

***

Бразилия. Аладоптағы үздіктерімен күллі жаһан жұртына жақсы таныс. Қазақстаннан сол бір сиқырлы спорттың қыр-сырын меңгеруге аттанған санаулы баланың ішінде шет елдің футболшыларына еліктеп тұлым қойған, арманы асқақ Заңғар да бар. Жәудіреген көздерден білуге құштарлық, үйренуге деген ынтаны жазбай тануға болады. Үйренуден тынбау, үйретуден жалықпау – өмірдің негізгі өзегі. «Таңдаулылар» (Бразилия құрамасының футболдағы лақап аты – «Селесао») тыныстап жүрген ауаны жұтып, солар көрген тірлікті сезіну, футбол әліппесін басынан үйрену – мұхит асып келген Алаш баласы үшін айтулы сәт. Сынаптай сырғып өткен үш жыл ішінде қазақ балалары аладоптың қыры мен сырына қанығып, техникасын меңгеріп, өз деңгейлерін де мүмкіндігінше шамалаған. Футбол патшасы Пелені, допты ұршықша иіретін Роберто Карлосты көрген көз – ішкі сенімді одан сайын бекітіп, алға қойған мақсатты биіктете  түскен. Әр баланың кеуде тұсында таңдаулы фтуболшы болу арманы алаулап тұрды. Алайда өсіп-жетілу жасындағы бозбалалардың бәрі бірдей таңдаулы болып кете алмасы тағы анық...

Жүрек шіркін қанша мықты болса, соншалықты нәзік. Кейде аялауды, аяуды қажет етеді. Шамадан тыс салмақ түссе,  өзінің өрісті тінінен ажырап, әлсіздікке бет алуы да әбден мүмкін. Оған бүгінде өзінің де көзі жетті. Заңғарға дәрігерлердің қойған негізгі диганозы –  бала жасынан ауыр темірді шамадан тыс көп көтеріп, артық күш жұмсау арқылы жүрекке салмақ түсірген. Ел чемпионатында енді жарқырап келе жатқан жас қорғаушы кәсіби спортшы есебінде мансабын ерте аяқтауға мәжбүр болды. Кері кеткен іске елдегі бапкерлердің де шаласауаттылығы әсер етті. Жас ерекшелігі бойынша, кезең-кезеңімен жаттығу жүргізуді жөнді қадағаламағаннан балалар футболында жарақат жиі орын алып жататын және олардың жағдайына кәсіби тұрғыда көңіл бөлінбейтін. Аладопқа арбалған Заңғар алаңнан алыстап кетпеді. Өзі өткен өткелден кейінгілер дұрыс өтуі үшін жұмыс істеп, өзгеріс орнатпақ болды. Өзі жетпеген биікке ізбасарларын жеткізуге бел буды. Әлем әдемі. Ал сол сұлулықты көре білу, жан-тәніңмен сезіну – Тәңір берген сый. Жер бетіндегі әр адам бір іске қабілетті болары сөзсіз. Өз бойындағы талантты тану, оны жетілдіру – адамдық парыз әрі тікелей өзіңе байланысты.  

Жас бапкердің шәкірттері ауданнан бастап республикалық жарыстарда жарқын жеңіспен қуанта бастады. Кешегіден сабақ алып, болашаққа сенімді беттеу үшін де бүгінгі қолға алған істің мәні жоғары болғаны жөн. Бүлдіршіннің аяғына допты салып беріп, әдіс-айланың сан құпиясының сырын  ақтарып тастағанда-ақ, талап қуып келгендер аладоптың алмағайып қызығы мен шыжығын меңгеруге құлшына кірісіп кетті. Бастапқы ойындарда сылбыр қимылдап, командасы есе жіберіп жүргенімен, уақыт өте келе қарсыластарын айқын жеңуді әдетке айналдырды. Үйірмеде үйренгенге баласын сеніп тапсырған  әке мен ана да, талпыныс танытып жүрген бала да риза. Заңғардың жас та болса, бас бола білген талантына, талапшылдығына бәрі тәнті. Тәртіп. Әдеп. Мәдениет. Заңғардың спорттағы басты қағидасы. Сол арқылы өзін шыңдайтын ол шәкірттерінің де бойынан соны көргісі келетін. Адамның өз ортасында сыйлы болуы, достарының көптігі және айналасындағылардың онымен әр кезде санасуы тікелей ашық мінез, кең құшаққа және темірдей тәртіпке байланысты. Кәсіби спортшы үнемі дайындықта жүруі тиіс және күнтәртібін қадағалап, артық-кем тұсты бағамдап отыруы қажет. Шәкірттері шетінен үздіктер тізіміне кіріп, футбол әлеміне оң қадам жасай бастады. Бұл тұрғыда олардың шыңдалуына Заңғардың қосқан үлесі зор. Қазақ футболының жаһан алдында өз ойынын қалыптастырып, әлемдік айтулы клбутарда тек таңдаулыларымыз жүрсе деген тілек Заңғардың көкейінен бір сәтке де өшкен емес. Сол мақсат жолында күш-қайрат, ақыл-парасатын аямады. Бақыттың бірі - ұлттың ұлындай құрметке ие болу. Жаратқан бақ беріп, өрлеуді маңдайға жазса, адам қас-қағым сәтте зор ықыласқа бөленіп, сүйіспеншілікке кенеліп шыға келмек. Жастығына қарамастан Заңғар бапкерлікпен қатар бір өңірдің футбол федерациясының вице-президенті қызметін қоса атқарды. Жоспары анық, келешекке жасалған қадамы нық.

***

Көлік ішінде ойнап тұрған әуен ерекше. Сағыныш сазындай сезімге толы. Жанын тербеген әуеннің қазіргі жағдайын тап басқанына Заңғар да жымиып, ырғаққа еліп, бойы балқып, ойы қалқып барады. Кенет көз алдына бәрі келді. Өткен шақ киноның лентасындай жылжып, әр сәттен үзінділер өте берді. Бұл кезде көлік тізгінге бағынбай, шеттегі қоршауларды қағып өтіп, жол жиегіне шығып кеткен еді...

Ақ тұлпар мініп, Ақжүнісін алып келе жатқанда көктен пәрмен келіп, қос жүрек сол жақты бетке алды. Жердегі жұрт абыр-сабыр, дел-сал күйде қала берді. Жас бапкердің апаттан 26 жасында көз жұмғаны туралы ақпарат кеңістігі лезде шулап кетті. Өмірдің әр сәтінен ләззат алып, айналасына жылуын төгіп, нұрын шашып жүрген жан да сәулеге айналып, сағым болды.

Адамның қысқа ғана жолда ұзақ сапар шегуі мүмкін бе? Бір мезетте барлық жерден табыла кететін тылсым күштің иесіндей уақыт ұттырмай жоспарлы жүруді тек айрықша жаратылған жандардан ғана байқауға болады. Заңғардың өзі көрмей кеткенімен, аладоптағы арманының орындалуын бұлақ басынан су ішкен шәкірттері орындап, қысқа жолдағы сапарын ұзарта бермек.  

Серік ҚАНТАЙ