Олимпиада алауы тұтанды

Уақыты: 26.07.2024
Оқылды: 398

Жаһанның үздік спортшылары бір арнаға тоғысып, өзара мықтыны анықтайтын сәт. Сена өзенінің жағасында орналасқан шаһар 26 шілдеден бастап 11 тамызға дейін XXXIII Олимпиада ойындарын ұсынады. Париж – Олимп ойындарын үшінші мәрте (осыған дейін 1900 жылы және 1924 жылы ұйымдастырды) қабылдап отырған Лондоннан кейінгі (1908, 1948 және 2012 жыл) екінші қала. Яғни, араға 100 жыл салып төртжылдықтың басты бәсекесі Парижге қайта оралуда. Бұл сыннан еліміздің де күтері мол.

Париж қаласы Олимпиада ойындарын өткізу құқығын 2017 жылғы қыркүйекте Перудің Лима қаласында Халықаралық олимпиада комитетінің 131 сессиясында жеңіп алды. Дауыс берушілер бірауыздан қолдаған болатын. Биылғы Олимпиада ойындары 32 спорт түрінен өтеді. Биыл негізгі 28 олимпиадалық спорт түрінен бөлек брейк-данс, спорттық альпинизм, скейтбординг және серфинг қосылды. Әлемнің 205 елінен 10 500 спортшы қатысады. Қазақстан 25 спорт түрінен 80 спортшы 92 лицензия жеңіп алған.  

Ашылу және жабылу салтанаты 78 338 көрерменге есептелген «Стад де Франста» өтеді. Одан бөлек, сайыс «Парк де Пренс», «Пари-Ла-Дефанс Арена», «Ролан Гаррос», «Париж-Берси», «Ив дю Мануар», «Зенит», «Марсель-Сердан», «Ле-Бурже», «Сен-Дени», «Жан-Буэн», «Сена», «Велодром», «Версюр-Марн», «Гран-Пале», «Версаль» сынды заманауи алаңдарда болмақ. Негізгі жарыс Парижде өткенімен кей сайыс Марсель, Лион, Тулуза, Ницца, Сент-Этьен, Бордо және Нант қалаларында да ұйымдастырылады. Жанкүйерлер арасындағы қызығушылық та ерекше. Халықаралық Олимпиада комитеті 8,8 миллионнан астам билеттің сатылып кеткенін мәлімдеді. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Осыған дейінгі рекордтық көрсеткіш 1996 жылы Атланта ойындарында спортсүйер қауым  8,3 миллион билет алған болатын. 

Қазақстан құрамасы Париж Олимпиадасында жақсы нәтиже көрсетіп, ірі табысқа жетуді көздейді. Иә, Олимпиада жолына шыққан әр мемлекеттің жеңіс үшін барын салатыны белгілі. Бірақ біздің бүгінгі серпіліс ерекше. Өйткені  кейінгі өткен Токио Олимпиадасында жерлестеріміз сүреңсіз нәтиже көрсетіп, жанкүйерлерді жерге қаратқан еді. Жапония жерінде 2021 жылы (2020 жылы өтуі тиіс Олимпиада пандемияға байланысты бір жыл кейін өтті) бар болғаны 8 қола медаль алып, жалпыкомандалық есепте 83-орынға орналасқан. Осыған дейінгі Қазақстанның Олимпиададағы нәтижесі дәл осындай төмен, жағдайы мүшкіл болмаған. Сол олқылықтың орнын толтыру мақсатында спортшыларымыз да, оны қадағалап отырған басшыларымыз да дұрыс жоспар құрып, барын салады деген ниеттеміз.

"Жетісу-Ақпарат"