ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ АТАНДЫ

Уақыты: 30.08.2024
Оқылды: 446

Қырғызстанда гір тасын көтеру спортынан өткен әлем біріншілігінде еліміздің намысын жыртқан жетісулық №18404 десанттық-шабуылдау әскери бөлімінің қызметкерлері Ержан Төлеубаев пен Дастан Аблезов олжамен оралды. Осыған орай ел абыройын асқақтатқан спортшыны әскери бөлім алдында салтанатты түрде күтіп алдық.


Жиында №18404 әскери бөлімінің командирі, подполковник Алмас Төлегенов:
– Бүгін біз үлкен қуанышты сәтте бас қосып отырмыз. Әлем біріншілігінен жеңіспен оралу толағай табыс. Әрине, мұның барлығы үлкен еңбектің арқасында келетін дүние. Алаштың абыройы арта берсін, – деп ізгі тілегін білдіріп, спортшылардың иығына шапан жапты. 

Шолпан-Атада өткен әлем чемпионатына 28 елден 500-ден астам спортшы қатысты. Ел намысын қорғаған Ержан Төлеубаев 68 келі салмақта топ жарып, екі дүркін әлем чемпионы атанды. Ол екі қолмен 10 минутта 24 келі гір тасын 90 рет көтерді. Айта кетейік, Ержан былтыр Өзбекстанның Хиуа қаласында гір көтеруден өткен әлем чемпионатында 63 келі салмақта жеңімпаз атанған болатын.

 – Былтыр да, биыл да басты қарсыласым ресейлік спортшы болды. Екеуінде де жеңіске жеттім. Алдағы мақсатым – келер жылы Грекия елінде өтеді деп жоспарлап отырған әлем біріншілігінде топ жарып, үш дүркін чемпион атану, – деген Ержан Төлеубаев жаттығуға жағдай жасап, жарысқа баруға қолдау көрсеткен №18404 әскери бөлімінің командирі Алмас Төлегенұлына, жаттықтырушыларға алғысын білдірді.

85 келі салмақта сынға түскен Дастан Аблезов 24 келі гір тасын бір қолмен 150 рет көтеріп, қола жүлдегер атанды. Былтыр ол Қырғызстанда өткен Азия чемпионатында күміс жүлдегер атанған еді. Спортшының ендігі арманы – әлемді бағындыру. Жеңімпаздарды құттықтауға келген жұрттың қарасы көп болды. Жиналған халық спортшыларға көкейіндегі сауалдарын қойып, ақ тілектерін ақтарды. Спортшылар да мұқым жұрттың ізгі тілегінен кейін тебіреніске толы сезіммен сұрақтарына жауап берді. 

Айдар ҚАЛИЕВ