ҰЛЫ ДАЛА ДҮБІРІ

Уақыты: 06.09.2024
Оқылды: 246

Астана V Дүниежүзілік көшпенділер ойынын қабылдауға дайын. Жарысқа жан-жақтан жиналған жаһан жұртына өз ұсынары бар. Себебі, бұл сын, бұрынғы додадан өзгерек. Ауқымы жағынан да, спорт түрлерінің көптігінен де осыған дейінгі өткен ойындардан айрықша. Мемлекет басшысы да ұйымдастырылу жағын бақылауда ұстап, тікелей тапсырма жүктеп отыр. Айтулы сынға әлемнің 89 елінен 2500-ден астам қатысушы спорттың  21 түрінен 97 медаль жиынтығын сарапқа салады.


ПРЕЗИДЕНТ ЖҮКТЕГЕН ТАПСЫРМА

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев V Көшпенділер ойыны қарсаңында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр, Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу, Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Ішкі істер минис- трі Ержан Сәденов, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың баяндамасын тыңдап, жарысқа дайындықты пысықтады. Жиында Ұлттық құраманың, спорт кешендерінің, қонақ үйлер мен мәдениет орындарының дайындық барысы, сондай-ақ, қоғамдық көлік, қауіпсіздік және тазалық мәселесі айтылды. Президент Көшпенділер ойындары ұлттық спорт түрлері бойынша өтетін әлемдегі ең ірі жарыс екенін атап өтіп, оны жоғары деңгейде өткізу халқымыздың терең тарихы мен мәдениетін, қонақжайлығын көрсету, меймандар мен спортшыларға қажетті жағдайды жасаудың маңызы ерекше екенін атап өтті. 

Жарыс кезінде Астана халқына ыңғайлы болу үшін арнайы автобустар іске қосылады. Бұл Мемлекет басшысы атап өткен маңызды детальдардың бірі. Елорда тұрғындары мен қонақтары үшін сағат 08.00-ден 20.00-ге дейін «Астана Арена», «Бас мешіт», «ЕХРО» тұрақ аймағынан арнайы автобустар жүреді. Дүние- жүзілік көшпенділер ойындарына қатысушылар мен қонақтарды қабылдау үшін 20 қонақүй мен 331 көлік құралы қарастырылған.  

Тарихи орындарды дәріптеу мақсатында V Дүниежүзілік көшпенділер ойынының аясында «Ұлы Дала жорығы» халықаралық марафон-бәйгесі Солтүстік Қазақстандағы Ботай қонысынан басталып, Астанада аяқталады. Жол-жөнекей тарихы терең жерлерді басып өтіп, әр шақырымда ерекше елді мекендерді көрмек. Ал «Ұлы Дала жорығы» жобасының негізгі мақсаты – ұмыт бола бастаған жылқы тұқымдарын қайта жаңғырту. Марафон-бәйге аясында ұйымдастырылған маңызды іс-шараның бірі – «Ботай – Ұлы Дала мәдениеті» атты жылжымалы көрме. Қатысушылар, келген қонақтар Ботай мәдениетімен танысып, энеолит заманындағы құнды тарихи жәдігерлерді тамашалайды. 

Одан бөлек, жарысты өткізу жөніндегі штаб мүшелері Елорданың коммуналдық, медициналық, полиция және өрт сөндіру қызметтерінің дайындығын тексерді.  Бүгінде барлық қызмет көрсететін мамандардың тұратын орындары анықталып, тамақтану мәселесі толық шешілді. V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары барысында медициналық штабта 150 медициналық қызметкер жұмыс істейді. Сонымен қатар 23 ветеринар да жарыс алаңында қызмет атқарады. Көшпенділер ойындарына шамамен 560 спорттық ат және 45 құс қатысады. Ойындар кезінде барлығы 1 300 волонтер қызмет ұсынады.

Президент жүктеген тапсырма толығымен орындалған. Жарысты ұйымдастырушылар, спортшыларға көмектесетін қызметкерлер, туристерге әр жерді таныстыратын еріктілерге міндет жүктелген. Барлығы сақадай сай. Сондай-ақ БАҚ-қа арналған аккредитацияға жалпы 64 елден 1 185 өтінім келіп түскен. Олардың қатарында CNN, BBC, Euronews, CCTV, Rai, CBC TV, Balkan Trip TV, TRT Turk телеарналары, National Geographic, Agence-France Presse (Канада), Lonely Planet, Nikkei Asia және басқа да ірі БАҚ өкілдері бар. 

БҰЛАҚ КӨЗІНЕН ТАЙҚАЗАНҒА

Еліміздің әр өңірі арнайы делегация жіберіп, онда өз елді мекендеріндегі қасиет тұтып, құрмет білдіретін бұлақ суынан арнайы әзірленген торсыққа су құйып, Астанаға алып келді. Көшпенділер ойынын ресми театрландырылған «Бірлік Керуені» салтанатты іс-шарасы бастайды. Еліміздің әр жерінен жиналған су үлкен тайқазанға құйылып, ол бірліктің белгісін білдірмек. Бұл Көшпенділер ойындарының ашылу салтанатындағы негізгі элементтердің бірі. Жетісулықтар қасиетті Бұрқанбұлақ суын торсыққа құйып, керуен қатарындағы батыр Руслан Әбдіразаққа тапсырған еді. Ал ашылу кезінде әр өңірден жиналған батырлар су толы торсықты арнайы шерумен алып жүреді.

Жарыс барысына дайындық та қызу. Ат баптап, құс қарап әр күнді жаттығумен өткізіп жатқан спортшылар көп. Сайыста барын салып, жүлде алып, елді қуанту негізгі жоспар.
– Осы уақытқа дейін ұлттық құрама құрал-жабдықтардың басым бөлігін Түркия, Мажарстан, Ресейден тапсырыс беріп алдыртатын. Кейінгі жылдары еліміздегі өндіріс те жолға қойыла бастады. Алдағы Көшпенділер ойынына отандық өнім «Алтын жебе» атты цехтың шығарған оқтарын қолданамыз. Сол үшін халықаралық стандарттарға сай жасалған 2000-нан аса оқ дайындап қойдық, – дейді дәстүрлі садақ атудан ұлттық құрама мүшесі Ербол Тапенов. Өз өнімімізді насихаттау, тұрып жатқан жерімізді, өскен елімізді кең әлемге жариялау – басты міндет.

Дүниежүзілік көшпенділер ойыны еліміз үшін үлкен имидждік жоба. Осы орайда еліміздегі тоғызқұмалақ федерациясы қамқоршылар кеңесінің мүшесі Дулат Тастекей: «Дүниежүзілік көшпенділер ойындары елімізде өткен қысқы Азия ойындары мен Универсиада ойындарымен бір қатарда тұратын айтулы шара. Қазақстанда өткізілуі ұлттық ойындарымызға жаңа леп әкеліп, ұлықталатынына қуаныштымын. Бұл ойындардан соң, бабадан қалған ұлттық спортымыз жаңғырып, дамитынына сенімдімін. Дүниежүзілік көшпенділер ойыны түбі бір түркі жұртын одан әрі біріктіреді», – деді.

Серік ҚАНТАЙ