ҚОС АЛТЫННЫҢ СЫҢҒЫРЫ...

Уақыты: 06.09.2024
Оқылды: 229

Парижде өтіп жатқан XVII жазғы паралимпиада ойындары аяқталар тұс жақын. Ал елімізден барған спортшылар қазірдің өзінде осыған дейінгі  нәтижесін жоғарылатып, жүлде санын молайтты. Осыған дейінгі паралимпиадада бір алтынмен шектеліп келген ұлттық құрама спортшылары осы жолы 2 алтын алып, ел мерейін үстем етті. 


Қос алтынның жөні бөлек, жолы басқа. Сыңғыры күллі қазақ даласына естілген қос алтынның иелері еңбек пен төзімнің нағыз үлгісі. Оларға жұрт ықыласы да зор. Давид Дегтярев пен Ақмарал Науатбектің алтыны спорт тарихындағы айтулы жүлде. Олардың есімі жаһан жаңалықтарында айтылып, тарих парақтарында қатталды. 

Осыған дейін де паралимпиаданың алтынын алған 28 жастағы  Давид Дегтярев осы жолы да үздік нәтиже көрсетіп, қарсыластарынан оқ бойы озып шықты.  Пара пауэрлифтингтен 54 келі салмақта сынға түскен спортшы 188 келіні еңсерді. Күмісті Рамирес Барриентос (185 келі көтерді,  Куба),  қоланы Ян Жинлан (179 келі көтерді, Қытай) алды. Дегтярев Токиода өткен паралимпиада ойындарында 174 келіні көтеріп, алтын алған еді. Нәтиже жақсарған, қарсыластар да көрсеткішті ұлғайтқан. Ақмола облысының Атбасар қаласында дүниеге келген Давид пауэрлифтингпен 2016 жылдан бері айналысады.  Бірнеше мәрте рекорд орнатып,  жарыстарда керемет нәтиже көрсеткен.  Ол өзінің үздік екенін Франция төрінде тағы бір дәлелдеді.  

Ал дзюдодан 48 келіде (J 2 санаты) күрескен  25 жастағы Ақмарал Науатбек барлық қарсыласын «иппонмен» (таза жеңіс) жеңді. Бірінші кездескен үнді Кокиланы, жартылай финалда жолыққан Жәһиде Экені, финалда татами иесі Сандрина Мартинені (Франция) айқын ұтты. Астаналық ару 11 жасынан бастап дзюдомен шұғылданады. Жастар құрамасында жаттыққан Ақмарал көзінің нашарлауына байланысты 2021 жылдан бері парадзюдоға ауысты. Ол 2022 жылы Бакуде өткен әлем чемпионатында (48 келі,  J2 санаты),  Ханчжоуда (2022 жыл) болған Азия ойындарында жеңіске жетті. 

Одан бөлек,  Еркін Ғаббасов пневматикалық винтовкамен нысана көздеуден (SH 1 санаты) финалда 247.3 ұпай жинап күміс медаль алды. Екінші күміс 100 метрге брасс әдісімен жүзуден (SB 13 санаты) Нұрдәулет Жұмағалиға бұйырды. Нұрдәулет Токио паралимпиадасында қола медаль алған еді. Ал әзірге жалғыз қола медальға ядро лақтырудан 16 метрге лақтыр- ған Дастан Мұқашбаев ие.      

Дәл қазіргі сәтте Қазақстан құрамасы 2  алтын, 2 күміс, 1 қола медаль алып, жалпы турнирлік кестеде 34-орында келеді.

Серік ҚАНТАЙ