ОТЫЗЫНДА ОРДА БҰЗҒАН

Уақыты: 06.09.2024
Оқылды: 228

УЕФА Ұлттар лигасы бастау алғанда (2018 жыл) «Д» лигасында ойнаған Қазақстан құрамасы одан кейін екі маусымды «С» лигасында өткізіп, былтыр «В» лигасына жолдама алған. Жыл сайын көрсеткішін жоғарылатып келе жатқан ойыншыларымызды осы жолы Еуропаның таңдаулы құрамалары күтіп тұр. Қазақстан құрамасы Норвегия (6 қыргүйек) және Словениямен (9 қыргүйек) болатын ойынға дайындықты қызу жүргізіп жатыр. 


ттық құраманың ойындары араға төрт жыл салып оралды. Ұлттар лигасының (С лигасы) 2020 жылғы ойындарын Қазақстан құрамасы толықтай Алатаудың баурайында өткізді. Сол кезде Литва мен Белоруссиядан 1:2 есебімен жеңіліп, Албаниямен (0:0) тең түскен еді. Ұлттық құрама капитаны Асхат Тағыберген «Алматының да, Астананың да өз ерекшеліктері бар. Жасанды және табиғи алаңның айырмасы сезілері анық. Біз барымызды саламыз» – деді. Тек жастар арасындағы турнирде жолдары түйіскен қос құрама алғаш рет ресми матч өткізеді. Есте болса, Ақтөбеде 2016 жылы Еуропа чемпионатына іріктеу турнирінде Қазақстан жастары (U 21) Норвегиядан жеңілген еді (0:3 – Мартин Эдегор 53, 85; Захид 68). Сол жастардан бүгінде Абат Айымбетов пен Ян Вороговский қатарда. Ал Әлем футболында есімін қалыптастырып үлгерген Мартин Эдегор («Арсенал» Англия) мен Эрлинг Холланд («Манчестер Сити» Англия) бастаған ойыншылар өз нәтижесін жақсарту үшін осы жолы да барын салары анық. Бұл жөнінде Норвегия құрамасының капитаны Мартин Эдегор: «Жастар арасындағы кездесу өте жақсы өткен. Бүгінде ересектер қатарында ірі турнирде жолығып отырмыз. Сол үшін біз қарсыласымыздан бұрын өзімізді зерттеп, мықты тұстарымызға талдау жасадық»,– дейді. 

Бұл биылғы 3-маусымда тағайындалған ресейлік бапкер Станислав Черчесовтің алғашқы ресми матчы. Осыған дейін Армения, Люксембург құрамаларымен жолдастық кездесу өткізіп, 1:2 есебімен жеңілді. 

Қазақстан құрамасының қатарына шақырту алған ойыншылардың арасында «Жетісудан» 30 жастағы қорғаушы Асхат Балтабеков те бар. Ол соңғы сәтте «КАМАЗ» командасының (Ресейдің Бірінші лигасында ойнайды) 25 жастағы ойыншысы ақтаулық  Талғат Кусяповтың жарақатына байланысты қатарға қосылды. «Жетісу» футбол клубының әр жастағы сатысынан өткен сол қапталдағы қорғаушы биылғы маусымда Премьер-лиганың 18 ойынына қатысып, 2 гол салып, 3 пас берді. Әйгілі transfermarkt сайты Асхаттың футбол әлеміндегі бағасын 225 мың еуро деп көрсеткен (бұл карьерасындағы жоғары баға). Жыл сайын жалынды ойынымен көзге түсіп жүрген ойыншының Ұлттық құрамаға шақырту алуы заңдылық. Бұл Асхаттың Қазақстан жейдесін алғаш киюі. Ойын нөмірі – 20. Баспасөз мәслихатында құрама бапкері Станислав Саламұлы да Асхатты «жаңа есім, жақсы ойын көрсетуі тиіс. Ұлттық құрамаға тегін адам шақырылмайды» дегенге келетін пікір білдірді. Өз кезегінде Асхат барын салып, жанкүйер жадында айрқыша ойынымен сақталады деген ойдамыз.

Серік ҚАНТАЙ