Он алты күн бойы жер әлемді дүр сілкіндірген Рио Олимпиадасының алауы сөнді. Талай қызыққа батырған спорттық доданың алауы сөнгенімен әңгімесі ел аузында ұзаққа дейін жүретіні сөзсіз. Сенің де жарғақ құлағың жастыққа тимей, тағатсыздана жаңалық пен кесімді ойды тосып отырғаның белгілі, Ришаджан! Білемін, Жетісу жұрты үкілеген үміттерінің тек біреуі ғана жүлдеге ілікті. Көңілі күпті болар. Сенім артқан мықтыларының ішінде серкесі де жүлдеден тыс қалды. Әрине, шамасының жетпегені емес, төрешінің қиянаты десек артық болмас. Ал тау тұлғалы азаматтан сүйінші хабар келмеді. Оның кім екенін өздеріңіз де сезіп отырған боларсыздар. Осы жайында алда көптеген мәселе күтіп тұр. Оны кезең-кезеңімен баяндайын. Алдымен осы он алты күн бойы тамашалаған Олимпиаданың жабылуына тоқталайын. Содан кейін өзіңді мазалап, жалпы жұрттың көкейінде жүрген сауалға жауап іздеп көрейік. Сондықтан бүгінгі мақаланы ұстаз бен шәкірт арасындағы екеуара әңгіме етіп оқырманға жеткізгенді жөн санап отырмын. Мен қазір Рионың төрінде отырсам, менен жауап тосып, жер жаннаты Жетісуда сен тұрсың. Сондықтан әңгімемнің желісін дүбірлі додаға қарай бұрайын. Ал шәкіртім Ришад, басайық. Алла сәтін салсын!
– Әрине, Несіп аға! «Жетісудың» қалың оқырманы сізге құлақ түруде. Сауалымды қоя жатармын. Сіз өз ойыңызды толық баяндап алыңыз. Содан кейін көкейдегі сұрақтың да кезегі келер.
– «Туған ай туралған етпен тең», – деп қазақ бекер айтпаған. Кеше ғана Рио Олимпиадасы басталып еді, бүгін, міне, сол дода соңғы нүктесін қойып үлгерді. Жексенбі күні Риода жауын жауып тұр. Таң ата бұлттанған Рио аспаны біресе бояуды қалың жаққандай немесе сол бұлттардың арасын спортшының найзасы тесіп өткендей болып жерге жауынын төгіп қояды. Кейде тым сылбыр, баяу ғана жылап аққан өзендей жұмсақ жауын себелейді аспаннан. Бұл жауын спортшылардың төгілген тері мен көз жасын қайталағандай болып көрінеді маған. Бірі қуанып, екіншісі өкініп жылаған спортшылар көп болды. Риода тұңғыш рет өткен мыңдаған жылдық тарихы бар Олимпиада ойындарымен қош айтысып көзіне жас алып тұрғандай әсер қалдырды десем де болады. Спортшылардың көз жасын бекер айтқан жоқпын. Бұл Олимпиадада басқа Олимпиадағыдай спортшылардың көз жасы көп төгілді. Спортшылардың көз жасы Олимпиада басталмай-ақ төгілгенін білесіздер. Халықаралық Олимпиадалық комитет пен допингке қарсы күрес комитеті кенет ұйқысынан оянғандай бұрын ішкен дәрісі спортшылардың бойында әлі тұр деген желеумен бірнеше спортшыны Рио Олимпиадасына жібермей жарыстан сүйреп тастады. Бір ғана Ресейдің өзінде қырықтан аса спортшыны шеттетсе, біздің де төрт-бес саңлағымызды осы қара тізімге іліктірді. Ресей жерінен екі бірдей команданы ауыр атлетика мен жеңіл атлетиканы жарыстан шет қалдырды. Әрине, оның ақ-қарасын тиісті орындар анықтайтын болар. Біздің оған құқығымыз жоқ екені сіздерге мәлім. Тек қазақ спортының жақсы мүмкіндіктерін, біраз медальдардың қолымыздан сусып кеткендігін ғана өкінішпен айтқымыз келеді. Жалпы қорытындыға келер болсақ, Америка Құрама Штаттары Ресейді әлсіреткеннен кейін басқа командалардан оқ бойы озық кетті. Олар жалпы командалық есепте бірінші орын жеңіп алды. Жүз жиырманың үстінде жүлде қоры бар. Оның елуге таяуы алтын, қалғаны күміс пен қола. Екінші орынды Ұлыбритания елі еншіледі. Бұл ел жайлы әңгіме бөлек. Неге десеңіздер, кешегі өздерінде өткен Лондон Олимпиадасы, тіпті Пекин Олимпиадасында да азуларын батырып, Қытай секілді алып державаны артқа тастағаны спортының жыл санап алға қадам басып келе жатқанын байқатады. Қансырап жатса да алып Ресей мемлекеті төртінші орынды алды. Бұл жерде біздің айтпағымыз, Ресей секілді экономикасы тұрақты, күші мығым елді жазалау қандай халықаралық ұйымға жараспайтын іс екенін айтқымыз келеді. Бұл спорттық бәсеке. Ежелден белгілі бейбітшілік пен татулықтың символына айналған Олимпиада осындай шешімдерімен өз құндылығын түсіріп алғандай. Бұл дегеніміз не? Батыс Ресей секілді мемлекетті экономикалық жағынан қыспаққа алып, ақыры тізесі бүгілмеген соң осындай спорт арқылы жер бауырлатқысы келді. Бірақ, алып держава екі бірдей командасы қатыспаса да екі жүзден аса мемлекеттің ішінен төртінші орынды иеленді, бәрібір берілмеді. «ВАДА» мен «ХОК» шешімінен талай кінәсіз спортшылар зардап шекті. Соның бірі екі бірдей Олимпиада чемпионы, жеті дүркін әлем чемпионы, отызға тарта әлемдік рекорд жасаған сырықпен секіруші Елена Исенбаева тұр. Одан басқа да спортшының күйіп кеткенін білеміз. Осындай шала шешімнің құрбанына біздің де Олимпиада чемпиондарының іліккені жүрекке ауыр тиетіні анық. Енді ел спортына оралайық. Қазақстан спортшылары 22- орынға тұрақтады. Бұл өте жоғары көрсеткіш. Біз сонау Сидней Олимпиадасында дәл осындай орын алып, үлкен нәтиже көрсеткен болатынбыз. Одан кейін Лондонда айды аспанға шығарып, 12-орыннан көрінгені тарих бетінде сайрап тұр. Бүгін 3 алтын, 5 күміс, 9 қоламен жиырма екінші орынға табан тіредік. Атап айтқанда, Қазақстан мемлекеті тұңғыш рет олимпиаданың 17 медалін жеңіп алды. Бұған дейін мұндай көрсеткішке қол жеткізгенбіз. Мұны да астын сызып айтуға болатын нәтиже. Жалпы Олимпиада ойындарында 78 мемлекет медальдарға ие болды. Олардың ішінде жалғыз медаль алғандар да бар. Тағы бір таңғаларлығы, бұған дейін Олимпиада жүлдесіне қол жеткізбеген мемлекеттердің тұғырға көтерілгендігі. Оның қатарына Тунис, Филиппин, Гренада, Бурунди, Сингапур, Индияны қоюымызға болады. Ал кеше ғана Олимпиадаға жеке мемлекет болып келіп отырған Косовада жүлдеге қол жеткізді. Неге бұған тоқталды десеңіз, әлемде олимпиадалық ойындарға қызығушылықтың артып келе жатқандығын білдіреді. Олимпиадаға тұңғыш рет 206 елдің спортшылары қатысты. Сол екі жүз алты мемлекеттің ішінен алтын ме-даль бойынша 22-орынды алып отырғанымыз, жалпы медальдар санымен 15-орынға табан тірегеніміз Қазақстанның әлемдік деңгейде үлкен спортшы мемлекет екендігінің айқын дәлелі. Мұны қуанышпен айтуға болады. Үш алтынға кім-кімнің қолы жеткенін білесіздер. Мұндағы менің айтпағым қай спорттан бағымыз жанды деген сұрақ. Ең әуелі бокс өнері бір алтын, екі күміс, екі қолаға ілінді. Ауыр атлетикада екі қыз, үш жігітіміз жүлдегер атанды. Қыздардың күресінен үш қызымыз топ жарды. Дзюдодан екі жүлде алды. Жеңіл атлетика мен жүзу спортын қоса айта кеткен жөн. Осы жерде жекелей тоқтала кетсек, қазақ спортының жаңа парағы осы Риода ашылды деуге болады. Ол қазақ қыздарының Олимпиада жүлдесіне қол жеткізуі. Ең бірінші сеңді ауыр атлетикадағы қызымыз Жазира Жаппарқұл бұзды. Екінші қыздар күресінен Эльмира Сыздықова мен боксшы Дариға Шәкімова жалғастырды. Бұл да біз асыға күткен нәтиже.
– Расында да қуанатын жағдай көп. Десе де Алматы облысының спортшыларына тоқтай кетсеңіз?
– Жетісу жері тоғыз бірдей спортшысын үкілеп қосқан болатын. Оның бірі қола жүлдемен оралды. Ал тұғырдан қол бұлғайды деген Жәнібектің аяғын төрешілер тұсады дегенді мамандар айтып жатыр. Күрестегі Нұрмахан Тыналиевке көңіліміз күпті. Осымен екі бірдей Олимпиада ойынында бірінші белдесуінде омақаса құлағаны жігітке жараспайды. Бірнеше әлем чемпионаттарының жүлдесін алған Нұрмаханның осы додадағы өнері мені қатты ойландырды. Сондай жігерсіз, жеңіске деген талпынысы болмады. Бір ұпаймен алға шыққан қарсыласының қолында өлуге болар еді. Жеңіске жетуін былай қойғанда айтарлықтай қарсылық көрсете алмағаны барлығымызды жерге қаратты. Олимпиада ойындары жай жарыс емес. Мұнда үздіктің үздігі жиналады. Нұрмахан да мықтының бірі болып топқа түсіп отыр. Ол қауқарсыз балуанның кебін кигені арқамызға аяздай батты. Осы жерде менің айтпағым, 17 жүлдені мақтан тұтамыз. Ол дұрыс, елге оралған чемпиондарымызды қошеметке бөлейміз. Оған да келісемін. Ел ішінде жоғары насихаттағанымыз жөн. Тек сол ұзаққа созылып кетпесе екен деп тілеймін. Той жасаған дұрыс-ақ. Оны бір күннің аясына сыйғызып, ертесіне Токиоға дайындықты бастап кетсе деген тілегім бар. Сонда ғана қырық күндік жарауы кем тұлпардай емес, нағыз мықты спортшы топқа түседі.
– Ришаджан, сенің қызығы мен шыжығы мол әңгімені айта түссе екен деген ойыңды біліп отырмын. Ендігі жерде сауалды мен қояйын. Сен елде жүрсің, жалпы халықтың Олимпиадаға деген ойы қалай?
– Аға, расында да толғандыратын сауал. Жалпы халық спортшылардың жеңісіне қуанышты. Десе де көлеңкелі тұстары жабырқатып бітірді. Біз түсінбейтін сауалдар, төрешілердің іс-қимылы жандарын жегідей жеуде. Балуандарымызға өкпелі. Лондондағы секілді емес, Рио Олимпиадасы қарапайым жарыстан аса алмады деген пікрлерді де естіп қаламын.
– Әрине, адам болған соң топқа қосқан ұлдарының соңынан үмітпен қарайтыны белгілі. Жарыстың құны түсіп бара жатқандығы да алаңдатады. Ұйымдастырушылар мен төрешілердің ісіне біз де бас шайқап отырмыз. Түбіне жете алмаймыз. Анығын білуге тырыссақ та, ешнәрсеге дәлелді жауап таба алмаймыз. Жә, ол арнайы орындардың анықтауымен шешілетін дүние. Біздің шамамыз жетпейді.
– Аға, осы жерден әңгімеңізді бұзайын. Өткенде бір спорт жанкүйері келіп, спортшыларымыздың жеңілісіне күйініп кетті. Әбден ішіне толып қалған ба, шерін тарқатып, біраз әңгіменің басын қайырдық. Ондай өкініш жалғыз жанкүйердің емес, қырық мыңға жуық оқырманның да тамағына тығылып тұрғаны белгілі. Ал сізде қалай? Спортшылардың жеңісін тізбектеп алдық. Жеңілісі өкіндірмей ме?
– Ой, Ришаджан, өкінгенде қалай. Жанымды жегідей жейді. Ішімді шоқтай қуырады. Ел азаматы ретінде ренішім бар. Мен негізгі өкінішімді ел арасында дау болып жатқан бокске байламай күрес жайлы айтқым келіп тұр. Грек-рим және еркін күрес жайлы. Әсіресе жігіттердің арасындағы белдесуді айтайын. Қыздарымыз жарады. Үшеуі бірдей жүлдеге ілікті. Жігіттердің қыздарға қарайтын беті жоқ деп ойлаймын. Грек-рим күресінен үш жігітіміз де жеңіске жете алмады. Алмат Кебіспаев аздап жақындаған еді. Бірақ жүлдеге қолы жетпеді. Досжан таза ұтылды. Ал Нұрмаханды алдында да айттым. Тағы да айта кетейін. Оның бойынан жеңіске деген жігерді көре алмадым. Осыған қатты өкінем. Сөздің қысқасы, 1980 жылдан бері Жақсылық Үшкемпіровтың жеңісінен кейін қазақ балаларына алтын жүлде бұйырмай келеді. Ең қиыны осы және бұған жаны ауыратын басшы-қосшы, бапкерлер жоқ демеймін. Дегенмен, батыл шешім қабылданып жатқан жоқ. Басқа спорттың түрлері жүлде әкеліп жатқаннан кейін бе, күрестің нәтижесіне атүсті қарайтындаймыз. Бұл дұрыс емес. Қазақ елі күреспен де аты шыққан мемлекет. Сонау Қажымұқаннан бастап тізбектей берсек, бүгінгі күнге дейін атағымен жер жаратын балуандарымыз бар. Бірақ Жақсылықтан басқаға Олимпиада чемпионы болмағаны арқаға аяздай батады. Енді еркін күреске келетін болсақ, Олимпиаданың екі дүркін чемпионы Сергей Белоглазовқа сеніп тапсырғанбыз. Өкінішке қарай, Сергей мықты спортшы болғанымен бапкерліктен айтарлықтай нәтижеге қол жеткізбеді. Сергейдің Олимпиада чемпионы болған кезін көзіммен көргем. Талай рет жазғанмын да. Ал бапкерлікте жеңіске жетті дегенін көрген де, естіген де жоқ. Сергейдің елімізге бас бапкер болғалы түрлі әңгімелер айтылып жүр. Соның бірі мынау. Риоға аттанар алдында Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері Ислам Байрамуков хабарласқан еді. Аға, сіз қашанда әділеттің жағында екеніңізді білеміз. Еркін күрес құрамасының басшылары әділетсіздік жасап, көрсеткіші төмен балуанды алып бара жатыр деген еді. 86 келі салмақта өнер көрсеткен Аслан Хакидзе айтарлықтай мықты емес. Оның орнына Әділет Даулынбаев бару керек еді. Асланды менің шәкіртім Әділет бірнеше рет ресми турнирде жеңген болатын. Сонысына қарамай басшылық Асланды әкетті деген. Расында да Аслан Рионың бозкілемінде бірінші белдесуінде ақ атынан ауып түсті. Әділетті әкелгенде жеңіске жетер ме еді? Жеңілсе де өз бауырым емес пе? Осы жайы мені қатты толғандырды. Баспасөзге жазармын, бірақ құлақ асып жатқан басшылар шамалы. Бүгінде сырттан маман шақыртып, қыруар ақша шашқанша Исламдай нар жігітті неге қоймасқа. Ел деп еңірегенде етегі толатын жігіттеріміз сыртта қалып, өзгенің маманын төрге шығарғанды қашан қоямыз?! Өкінішім осы күреске байланысты, Ришаджан!
Рио мен Талдықорғанның арасын байланысқа бөлеген уақыт та өз мәресіне жетті. Жеңіс пен жеңіліс, қуаныш пен реніш қатар жүретіні белгілі. Риода жүріп ел спортына алаңдаған белгілі спорт журналисі, Алматы облысының Құрметті азаматы Несіп Жүнісбайұлымен арадағы әңгіме ұзаққа созылды. Десе де қаймағын қалқып, оқырманның талабын ескеріп, керектісін газет бетіне жариялауды жөн санадық. Ал атын ерттеп, қоржынын түйіп, үзеңгіге аяғын салып тұрған Несіп ағамызға аман-есен елге оралуына тілектестік білдірдік. Елге келген соң да айтар әңгіме табылар...
Сұхбатты жүргізген
Ришад ТҰРҒАНБАЕВ.