Қарадаланың күміс қызы

Уақыты: 26.09.2016
Оқылды: 1372

Төрткүл дүниені өзіне қаратқан Рио Олимпиадасының дүбірі басылғалы да санаулы күндер өтті. Айтулы додадан кейін бәсеке жолына мүмкіндігі шектеулі жандар шығып, жарыстың қайта алауын тұтатқан еді. Риода паралимпиадалық ойындар өтіп, дүние жүзінің үкілеген үміттері сынға түсіп, жүйріктер алға озды. 

Солардың қатарында Қазақстанның ұлттық құрамасы да өнер көрсетіп, намысты қолдан бермеді. Мұхиттың арғы жағына елімізден он бір спортшы аттанған болатын. Бақ пен баптың сыналатын шағында қайсарлық танытқан екі спортшымыз жүлделі орынға ілінді. 100 метр қашықтықта брасс әдісімен жүзуде алдына жан салмаған Зульфия Ғабидулина алтыннан алқа тағынса, пау­эрлифтингтен 113 келіні еркін еңсерген Раушан Қойшыбаева күміс медальдің иегері атанды. Қазақстан тарихында тұңғыш рет паралимпиадалық ойындардан жүлде алып, жаңа парақ ашылды десек болады. Міне, сол додада жан алып, жан беріскен спортшыларымыз кеше елге оралды. Алдымен ұлттық құрама Астана қаласына таңғы сағат төртте келді. Спорт және мәдениет министрлігі бас болып, барша жанкүйерлер салтанатты түрде ұлттық құраманы күтіп алды. Жүлдемен оралған еліміздің қос қызына құрмет көрсетіп, дастарқан да жайылды. Елорданың сый-құрметі Жетісу жерінде де жалғасын тапты. Бейсенбі күні кешкісін жұрттың барлығы әуежайға ағылды. Қарадаланың қаһарман қызы Раушан Қойшыбаеваны күтіп алуға елмен ілесіп біз де жеттік. Әуежай ішінде ине шаншыр орын жоқ. Жалынды сөздер жазылған транспаранттар ұстаған үлкен-кішілі спорт жанкүйерлері тағатсыз­дана күміс жүлдегерді күтіп тұр. Қандай керемет десеңізші?! Бір адамға осыншама құрмет көрсету бұл елдіктің белгісі емес пе. Айтпақшы, Риодағы бәсекеге Жетісу жерінен екі спортшы аттанған-ды. Бірі  Раушан болса, екіншісі жетінші орын алған Гүлбану Әбдіхалықова. Ығы-жығы халықтың көңілі шат. Ән шырқалып, ұлттық киім киген қыздарымыз шашуын дайындап, есік жаққа телміреді. Дүрілдеп ұшақтың да дауысы естілді. Көп ұзамай жүргізуші Рио паралимпиадасының күміс жүлдегері Раушан Қойшыбаева келеді деп хабарлады. Жанкүйерлердің қолдауы әуежай ішін жаңғыртып, Көк туды желбіретті. Сол сәтте кеудесін қуаныш кернеп, мойына таққан күміс медалін жарқыратып Раушан Қойшыбаева ортамызға келді. Атаның салтымен қыздарымыз шашу шашып, қайсар қызға гүл шоқтарын ұсынып, ортамызға алдық. Қаумалаған, құттықтаған жанкүйерде есеп жоқ. Солардың ішінде жұбайы мен үш қызы да елдің жүрегін толқытып, жүлдегер анасын құттықтады. Мамалап мойнына асылған кішкентай қызды көргенде жиылған жұрттың көзінен қуаныштың тамшысы ыршып шықты. Әрине, мыңдаған мықтының ішінен үздік шығу оңай шаруа емес. Еңбегің ақталып, жүлдеге қолың жеткенде еліңнің қошеметіне бөлену бір басқа. Міне, анасының ерлігі Қазақстанның спорт тарихында алтын әріппен жазылса, кішкентай бүлдіршіннің жүрегінде осы сәт мәңгілік сақталатыны анық. Салтанатты шараның шымылдығын дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Тұратбек Шарапиев ашты. Бірінші болып сөз алған Тұратбек Төлеубекұлы келген жанкүйерлерге рақметін жеткізіп, Риодан күміс сыйлаған Раушанға жүрекжарды тілегін арнады. «Олимпиадада өнер көрсету бір бөлек болса, оған жолдама ұту бір басқа. Міне, біздің Раушан қызымыз жолдаманы қолға түсіріп, ел үмітін арқалап, Риоға аттанған еді. Бағы мен бабы қатар шауып елге күміс сыйлап отыр. Раушанның талай жылғы еңбегі, маңдай тердің өтеуі Қазақстанның абыройын асырды», – деп сөзін түйін­деді ол. Мұнан кейін ортаға Ұйғыр ауданының әкімі В. Тохтахунов шақырылды. Іленің арғы бетінен қуанышын ала келген аудан әкімі Раушанға ыстық ықыласын білдірді. Сөз басында спортшылардың осындай жетістікке жетуіне қолдау танытып отырған Елбасы, облыс әкімі және облыстық спорт басқармасы екенін тілге тиек етіп, барлығына алғысын білдірді. «Рау­шан әлем чемпионатынан жүлдемен оралғанда ауданда осындай құрмет көрсеткенбіз және Рио паралимпиадасына атаның салтымен ақ жол тілеп, салтанатты түрде шығарып салған едік. Сол кезде қайсар қыз «мен жүлдесіз оралмаймын» деген еді. Уәдесінде тұрып, елімізге күміс медаль сыйлап отыр. Үлкен алғыс айтамын», – деп сөзін аяқтады. Мұнан кейін ортаға күміс жүлдегер Раушанның өзі шықты. Жүрегі толқып тұрған Раушан жанкүйерлердің мұндай қолдауына шын рақметін жеткізіп, әлі талай додадан орын аламын деп бір түйіп тастады. Раушан да сөз кезегінде: «Риоға аттанар алдында Елбасыға мен медальсіз қайтпаймын деп уәде еткен едім. Сол уәдемде тұрдым. Оған жетуіме мына сіздер, спорттың басында жүрген барлық басшылар және отбасым көмектесті. Осындай жеңісіміз көп болсын, спортпен шұғылданыңыздар елдің намысын жоғары ұстайық», – деп сөзін түйіндеді. Жетінші орын иегері Г. Әбдіхалықова да ыстық ықыласын білдіріп, халыққа рақметін жеткізді. Салтанатты шараның соңы естелік суретке түсумен аяқталып, есік алдында тосып тұрған көліктер қайсар қызды алып, қалаға қарай қозғалды.

Ришад Тұрғанбаев