МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

Уақыты: 28.11.2017
Оқылды: 1835

Депутат – билік пен халықтың арасын жалғайтын алтын көпір. Сондықтан да қарапайым халық өздерін толғандырып жүрген сауалдарды осы халықтың биліктегі өкілі арқылы жоғарғы жақтың құлағына жеткізеді. 

Облыстық мәслихат депутаттарының жер-жерлерде көшпелі отырыстарының ұйымдастырылуы да осындай мақсат-мұраттан туындағаны анық. 
Облыстық мәслихаттың «Аграрлық сала, жер қатынастары, экология және ветеринария мәселелері бойынша» және «Денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау, тіл, дін және этносаралық қатынастар мәселелері бойынша» тұрақты комиссияларының көшпелі отырысы бұл жолы бақ дарыған Балқаш ауданында жалғасын тапты. 
Құрметті қонақтарды Балқаш ауданының әкімі Ғалым Тоқпейісов күтіп алып, аталмыш топты бастап жүрді. Ең алдымен халық қалаулылары аудан орталығында орналасқан тарихи-өлкетану музейіне аялдады. Елбасы Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынып жатқан дүниелерді көзбен көріп, мұражайдағы құнды жәдігерлермен танысты. Мұнан соң құрметті қонақтар аудан орталығының іргесінде орналасқан Ақдала ауылындағы «Өтес-БиоАзия» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бес мың басқа арналып соғылған мал бордақылау кешеніне ат басын бұрды. Аталмыш серіктестіктің иесі, облыстық мәслихаттың депутаты Дүйсенбек Нұрланов қонақтарды мал бордақылау кешенінің бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстырды. Осы шаруашылыққа тиесілі мал сою цехына аялдап, ондағы жұмыстарды өз көздерімен көрді. Сондай-ақ, осы шаруашылықтың күріш ақтайтын зауытына бас сұғып, ондағы жұмыстың барысымен танысты. 
Тұрақты комиссияның көшпелі отырысы аудандық әкімдіктің мәжіліс залында өтті. Аталмыш жиынды комиссия төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Дүйсенбек Нұрланов ашып,  сөз кезегін Іле-Балқаш су бассейнінде кешенді экожүйелік тәсіл негізінде табиғи ресурстарды тұрақты пайдалану жұмысы бойынша облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Керімбек Жаншабайұлына берді. 
Керімбек Жаншабайұлы өз сөзінде Іле-Балқаш су бассейнінде кешендік экожүйелік тәсіл негізінде табиғи ресурс- тарды кейінгі жылдары тұрақты түрде пайдалануды қолға алып жатқандығын жеткізді. Іле өзенінің кейбір арналарын тазалау жұмыстары бір сәтке де тоқтамағанын айта келе, алдағы жылдары осы бағытта жұмыстарды жалғастыратынын да айтты. Баяндама аяқталған соң сұрақтар қойылып, оған тұшымды жауаптар қайтарылды. 
Бұдан соң мінбеге суресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары Бауыржан Ойшынов көтеріліп, атқарылып жатқан жұмыстарды тілге тиек етті.  Облыстық ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қоюмчан Омаров Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру бойынша облыс көлемінде атқарылып жатқан және атқарылуға тиісті жұмыстарды атап өтті.  Халық қалаулылары басқосқан келелі жиында сөз тізгінін алған облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Ерғали Сыдыманов аталмыш мекеменің         9 айда атқарған жұмысын баяндады. Халық денсаулығын сақтау мақсатында нендей шаралар қолға алынып жатқандығын әңгімесіне арқау етті. 
Мінбе төрінде айтылған баяндамалар бойынша сұрақ-жауапқа кезек берілді. Балқаш ауданының әкімі Ғалым Қасымұлының тарапынан да бірнеше маңызды сұрақтар қойылып, оған лайықты жауаптар қайтарылды. Әсіресе сексеуілді пайдалануға болмайтыны жөніндегі мораторийдің мерзімін одан ары ұзартса деген ұсыныс-тілегі көпшіліктен қолдау тапты. Сондай-ақ, комиссия төрағасы Дүйсенбек Нұрланов орман өрттерінің алдын алу жөніндегі  жұмыстарға қатты көңіл бөлу қажеттігі бүгінгі күннің өзекті  мәселесі деп өз сөзін түйіндеді. 
Тоқсан ауыз сөздің  тобықтай түйінін айтар болсақ, облыстық мәслихаттың мұндай көшпелі отырысы көпшіліктің көкейінде жүрген сұрақтарға нақты жауап қайтарды. Туған жердің табиғатын, оның байлығы саналатын аң-құсын сақтауда бірлесе отырып жұмыс жасау керектігін тағы бір мәрте зердемізге салды. 
 

Күмісбек ЕРБАЕВ.
 Балқаш ауданы.