Өмір жолы өнеге

Уақыты: 29.11.2017
Оқылды: 1362

Ел мен жердің өркендеуіне үлес қосқан адамның өнегелі өмірі көпке үлгі, келешекке насихат. Бар ғұмырын Қазақстанның сот жүйесіне арнаған Аймұхан Қадыров 1946 жылы Сарқан ауданының Қызыләскер ауылында дүниеге келді. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, аман-сау қайтқан әкесі Жақиян сол ауылдың дамуына үлес қосып, халықтың мұң-мұқтажына қызмет еткен жан.
Коммунистік партияның мүшесі, колхоз бастығы ретінде ұрпағының білімді болуын қалаған жан соғыстың салған жарасынан ерте қайтыс болады. Ұжымшардың маңдайалды қызметкерінің артында қалған 8 баласын зайыбы Биғайша өсіріп, жеткізеді. Соғыстан кейін дүниеге келіп, әкесінің көз қуанышына айналған кейіпкеріміз Аймұқан Жақиянұлы сөйтіп өз күнін өзі көруге мәжбүр болып, еңбекке ерте араласады.

Азаматтық борышы – әскери қызметті екі жылда аман-есен өткерген Аймұқан Жақиянұлы қызметтік жолын 1968-1969 жылдары Мемлекеттік архивтің Сарқан аудандық филиалында ғылыми-қызметкер болып бастайды. Жұмыс істей жүріп, білім алуды ойластырған жас жігіт Алматыға арнайы барып, сол тұста Киров атымен аталған, қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің заң факультетіне құжат тапсырады. Емтихан тапсыра сала күтіп тұрған жұмысына асыққан жігіт қатарластарына телеграмма салуды өтінеді. Тағдырдың жазуымен оқуға түсіп кетсе, келеді, түспесе, тынымсыз тіршілігін жалғастыра береді. Осындай шешімге табан тіреген Аймұқан Сарқанға оралады. Арада ай өткенде курстастарынан: «Оқуға түстің. Ауылшаруашылық жұмысына кел!» – деген телеграмма жетеді. Сол жолы Шелек ауданының Қазақстан ауылында жүзім теріп, ауылшаруашылық тәжірибесінен өтеді. Сол жолы өмірлік жары Заһида Абдуллақызымен танысып, бір жылдан соң бас қосады.
Университет бітірген жас маман заң саласындағы еңбек жолын 1974 жылдың сәуір айынан Шығыс Қазақстан облысы, Глубоковский аудандық заң кеңсесінің адвокаты қызметінен бастайды. Арада екі жыл өткен соң, 1976 жылы сәуір айында Зырьянов қалалық халық сотының халық судьясы болып тағайындалады. Табиғаты көркем аймақта еңбек ете жүріп, жаратылыстың сұлулығына сұқтанған Аймұқан Жақиянұлы бір жылдан соң, яғни 1977 жылы мамыр айынан Зырьянов қалалық халық сотының төрағасы болып қызмет ауыстырады. Сот төрағасы қызметін аттай он жыл атқарған соң, 1987 жылы маусым айында Талдықорған облыстық сотының мүшесі болып қабылданады. Онда да ұлының денсаулығына байланысты өзінің туған жеріне қоныс аударуға мәжбүр болады. Сол жылдары сот төрағалығында қажырлы еңбектене жүріп, елге сыйлы, көпшілікке құрметті болып, тек жақсы жағынан көрінеді.
Кеңес одағы құлап, Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін жариялаған жылдарда ел басына түскен ауыр күндерді көре жүріп, қызметтестері арасында абырой биігінен көрінген Аймұқан Қадыров 1996 жылдың қазан айынан бастап, 2010 жылға дейін Алматы облыстық сотының судьясы қызметін атқарады. Жаңа ғасырдың жаңа он жылдығы таусылар кезеңде – қараша айында Аймұқан Жақиянұлы Қадыров зейнеткерлікке шығуына байланысты Қазақстан Республикасы Президентінің №1089 Жарлығымен облыстық соттың судьясы қызметінен босатылды. Қазір еліміздің өркендеуіне, мемлекетіміздің дамуына, халықтың құқықтық тұрғыдан есеюіне дұға-тілек білдіріп отыратын қазыналы қарияға айналды. Өмірге, еңбекке деген құштарлық зейнеткерді тыныш жатқызбайды. Күнделікті жаяу серуеннен қалған уақытын соттардың қызметін көпшілік орындарда жариялауға, студент жастарға танытуда белсенділік көрсетіп келеді. Облыстық соттың жанындағы қоғамдық кеңестің мүшесі Аймұқан Жақиянұлы осындай еңбекқорлығы мен белсенділігі үшін Тәуелсіздік күніне орай Қазақстан Республикасы Судьялар одағының «Судьялар одағының құрметті мүшесі» төсбелгісімен марапатталды.
Жан жары Заһидамен үш ұл өсіріп, қажетті білім берген Аймұқан Қадыров бүгінде немерелерінің ортасында бақытты күн кешкен ата. Ұлдары өздері қалаған саланы меңгеріп, әр тарапта күн кешіп жатыр. Киевтегі азаматтық авиация институтын бітірген үлкен ұлы Аян қазір Алматыда кәсіпкерлікпен айналысса, заңгер білімін алған ортаншы ұлы Алмас Швецарияда. Кіші ұлы Саид әке жолын қуып, прокуратура саласында қоғамдық тәртіпті қадағалауға үлес қосуда. Ол бір кездері әкесі жұмыс істеген Шығыс Қазақстан облысындағы Риддер қаласында прокурор. Үш ұлдан алты немере көрген Аймұқан Жақиянұлы бүгінде ақ бата беріп, ел мен жердің өркендеуін тілеген жанашыр жанның бірі.
М. ӘСЕТҰЛЫ.