ПАТШАҒА БАҒЫНУ - ПАРЫЗ

Уақыты: 29.11.2017
Оқылды: 1496

Ислам мен иманның аражігін ажыратуға болмайтыны секілді, дін мен дәстүрді бөліп қарастыруға келмейді. Мәселен, бабалардың салған сара жолына үңілсек, айбынды хандарымыздың шариғат шеңберінен қиыс кетпегенін білеміз. Олар ел билеумен қатар Алланың заңдылығын толықтай ұстана білген парасатты жандар еді. Пайғамбарымыздан (с.ғ.с) жеткен бір хадисте: «Алланың көлеңкесінен басқа ешбір сая табылмайтын қиямет күні, Алла Тағала жеті түрлі адамды өзінің саясына алады. Оның біріншісі – әділ патша...», – делінген. Яғни, бұл хадис арқылы екі дүниені ашып айтуға болады. Біріншіден, ел басқаратын адам Алланың таңдаулысы болса,  екіншіден, патшаның мойнында адамзатқа түскен ең үлкен жауапкершілік барын ұғына аламыз.

Ал, ширек ғасыр ішінде Қазақстанды әлемнің дамыған мемлекеттерімен иық тірестірердей деңгейге көтерген Президентіміз жайлы сөз қозғау үшін, өткен күннің белесіне бір көз жүгіртіп алған дұрыс-ақ. Біз алып империядан ірге бөліп, дербес мемлекет алғанда ішкі-сыртқы қатынастары ажыраған, алдағы күні жұмбақ, соқпағы салынбаған алаң көңілді жүргіншідей едік. Сол тұста Алла тағала «Сабырлылармен біргемін», – деп өзі уәде еткендей, талай ғасыр тарихтың қанды шеңгелінде келген, азаттықты арман еткен қазақ еліне, қайсар рухты, сабырлылығының еншісіне тәуелсіздігімен Нұрсұлтан Назарбаевтай тұлғаны берді.  Иә, сол уақыттағы қуаныштан бүгінгі күнге дейін қазақ сахарасы түрлі тұрғыдан әлемге атын шығарды. Дамушы мемлекеттердің көшін бастады. Ең бастысы, азаттықпен, дін сынды ұлы құндылыққа еркіндік берілген-ді.
Негізінен, қасиетті Құранның «Ниса» сүресінің 56-аятында: Ей, мүминдер! Сендер Аллаға бойұсыныңдар, Пайғамбарға бойұсыныңдар әрі өздеріңнен болған әмір иелеріне де. Егер, бір нәрсе үстінде талас-тартыста қалсаңдар, Аллаға және пайғамбарға жүгініңдер. Егер сендер Аллаға, ақырет күніне сенетін болсаңдар, осылай істеу әрі қайырлы, әрі жақсы нәтижелі болмақ», – делінген. Бұл айтылған Алланың заңдылығымен жүрген әр адам Отан алдындағы адамзаттық жауапкершілігіне қиянат жасамаған болады. Өйткені талай-талай айбарлы хандардың әмірімен жүрмеген халықтың қандай дәрежеде күн кешкендігі,  азып-тозып басқыншы елдің боданына айналғанын қарт тарихтың өзі айқындап берген. Себебі, олар Алласын мойындамай, «өздерінен болған әміріне» қарсы келгендер еді. Тіпті, бүгінгі күні кейбір мемлекет Президентіне қарсы шығамын деп небір қиындық пен қиянатқа ұшырап жатыр. Осы жағынан алғанда, дін мен дәстүріне берік елдің берекесінің артып, айбынының жылдар өткен сайын асқақтай түскеніне сансыз шүкірліктер білдіреміз!
Сахіл ибн Абдуллаһ әт-Тустари: «Адамдар басшысы мен ғалымдарын сыйласа жақсылықта болмақ. Егер (басшысы мен ғалымдарын) құрметтесе, Алла олардың дүниелік тіршілігі мен ақыреттік өмірін түзейді, ал егер оларды елемесе, онда олар өздерінің бұ дүниесі мен о дүниесін құртады», – деген. Яғни, бұл хадиске зер салатын болсақ, біздің халықтың Алланың назары түскен текті жұрт екенін аңдаймыз. Өйткені, біз парасатты Президентіміздің сарабдал саясатын халық болып қолдап, ынтымақ пен бірлікті ту етіп ұстау арқасында жан-жақты даму үстіндеміз. Әлем алдындағы жетістіктеріміз күн санап еселеніп келе жатқанына, тәуелсіздігіміздің беки түсуіне де Пайғамбарымыздан (с.ғ.с) жеткен Алланың осы бір әміріне адалдықпен қарағанымыз дәлел.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) мына хадис шәріпінде: «Сұлтан (патша) Алланың жер бетіндегі саясы. Кім оны (патшаны) құрметтесе, Алла оны құрметтейді. Ал, оны қорлағанды, Алла қорлайды», – деп айтылады.  Яғни, әр адам, тіпті халық өз патшасына бағынатын болса, құрметтесе өзгелердің алдындағы абыройы еселеніп, дүниелік тіршілігі оңалатын болады. Бұған дәлел келтіру үшін алысты шолмай-ақ өз мемлекетімізді алайық. Біз әрқашанда Елбасының ел үшін жасап жатқан әр қадамына қолдау білдіру арқылы осы күнге жетіп отырмыз. Дәстүр мен дінді қатар ұстанған текті бабалардай қанағатшылдықпен ғұмыр кешу арқылы Отанның гүлденуіне жағдай жасаудамыз. Әйтпегенде басшысына бағынбағанның салдарынан берекесі қашып, бірлігі сетінеп, дағдарысқа түсіп жатқан елдер жетерлік. Сондықтан да, қазақ елін әлемге танытқан, Қазақстанның бүгіні мен болашағы үшін аянбай еңбек етіп, толайым табыстарға жетелеген, Түркі әлемінің Көшбасшысы болып табылған Елбасымызға амандық  сұрап, тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуын тілейміз. Сонымен қатар, Алланың әміріне мойынсұнып, патшаға бағыну парыз екенді естен шығармасақ, екі өміріміз де абатты болары сөзсіз.

Ардақ ОРАЗБАЕВ,
ҚМДБ-ның Талдықорған өңірі бойынша өкіл имамы.