УЧАСКЕЛІК ПОЛИЦИЯ ПУНКТЕРІ АШЫЛДЫ

Уақыты: 01.12.2017
Оқылды: 2044

     Бүгін Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті күнінде өңірімізде бірнеше әлеуметтік нысандар ашылды. Солардың қатарында Қаратал ауданында қолданысқа берілген учаскелік полиция пунктері де бар.


     Дәл осы күні ауданда 4 нысанның салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бірінші болып Ескелді ауылдық округі Ескелді ауылында орналасқан Қаратал аудандық ішкі істер бөлімі жергілікті полиция қызметінің №5 учаскелік полиция пунктінің ашылуына ауыл тұрғындары жиналды. Алғашқы сөздің тізгінін алған Қаратал ауданының әкімі Қайрат Бисембаев:-Бүгінгі үлкен мереке – тұғыш Президент күні құтты болсын. Елбасының ерең еңбегі арқылы Қазақстан төрткүл дүниеге танылды. Халықтың әл-ауқаты жақсарды. Тәуелсіз мемлекетіміздің жетер жетістігі әлі алда. Тыныштық болмаса, тәртіп сақшыларына жағдай жасалмаса онда елде береке болмайды. Сондықтан жаңа нысан xалық игілігіне қызмет істейді деген сенімдімін, - деп тілек білдірді.
    Ал облыстық жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Шыңғыс Сабуров болса ілкімді істердің мән-жайына тоқталды. Тұрғындар енді аудан орталығы Үштөбе қаласына бармай-ақ, туындаған мәселелерін ауылда шеше беретінін айтты. Әрмен қарай қазақы салтқа сай ауыл ақсақалы бата беріп, ақ жаулықты әжелер шашу шашты. Қадірлі қонақтар лента кесіп "қуаныш молая түссін" деген лебіз білдірді.
    Учаскелік полиция пунктің ерекшелігі – нысанмен тұрғын үй де біріктіріліп салынған. Учаскелік инспектор күндіз де, түнде де жұмыс орнынан табылады. Оқыс жағдай орын алып жатса, жылдам шара қолдануға өте ыңғайлы.
    Мереке аясында дәл осындай ашылу рәсім Елтай ауылдық округі Қаражиде ауылы, Жолбарыс батыр ауылдық округі Кәлпе ауылы және Қаңбақты ауылдық округі Алмалы ауылында жалғасын тапты. Жиналған қауым ауданда Тәуелсіздік күні мерекесінің қарсаңында тағы 4 учаскелік полиция пукті ашылатынынан xабардар болды.

 

Мәулен ӘНЕРБАЙ,
Қаратал ауданы.