Жоба мақұлданды

Уақыты: 04.12.2017
Оқылды: 1042

Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен селекторлық кеңесте «ҚР 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары туралы» ҚР Президенті Жарлығының жобасы, өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қоғамдық кеңестер қызметі: мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылының жаңа мүмкіндіктері бойынша мәселелер қаралды. Осыған байланысты салаға жауапты министрлер хабарлама жасады. 

Үкімет мүшелері бірауыздан Қазақстанның 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарын қолдап, Мемлекет басшысының қарауына жіберді. ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтың айтуынша, Стратегиялық жоспардың басты мақсаты 2025 жылға дейін экономика өсімін қамтамасыз етіп, экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдермен салыстыруға келетін өмір сүру деңгейіне жету. Жобаға сәйкес, жылына кем дегенде 4,5-5 пайызға дейін экономикалық өсімге қол жеткізу жоспарланып отыр. Құжат жобасы әртүрлі талқылаудан өткен. Соның ішінде халықаралық ұйымдардың сараптамалық бағалауы да бар. Жиын барысында Бақытжан Әбдірұлы мұның өте маңызды құжат екенін және оны жұртшылыққа дұрыс түсіндіру керектігін атап өтіп, ҚР Ұлттық экономика министрлігіне ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігімен, өзге де мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, тиісті жұмысты қолға алуды тапсырды. 
Соңғы жылдары қауіпті өндірістік нысандардағы апаттар алпыс пайызға қысқартылған. Бұл туралы ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек айтты. Жазатайым оқиғалардың азаюына негізінен өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында қауіпті бағалау жүйесін енгізу, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру, уәкілетті орган мен бақыланатын кәсіпорындар арасында өзара іс-қимыл жасау арқылы апаттардың алдын алу және оған жол бермеу жұмыстарын күшейту себеп болған. Жалпы, жабдықтар мен ғимараттардың ескіруі, қауіпті өндірістік нысан иелерінің өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын сақтамауы  теріс әсерін тигізетіні, осыған байланысты, ведомство өнеркәсіптік кәсіпорындарды өндірісті жаңғырту мен автоматтандыруға ынталандыру бойынша жұмыстар жүріп жатқаны мәлімделді. 
Бұдан өзге, қазіргі заманғы нормалар мен халықаралық технологиялық талаптарға сәйкес нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру мақсатында «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасының тұжырымдамасы әзірленуде. Сондай-ақ, Елбасының мемлекеттік бақылау және қадағалау функцияларының ауқымды тексерісін жүргізу туралы тапсырмасына сәйкес өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы функциялардың отыз пайызы қысқартылмақ. Аталған міндеттер сәтімен жүзеге асырылса қазақстандықтардың өмірі мен денсаулығы сақтала отырып, қауіпті өндірістік нысандардың апатты жағдайлары төмендемек. 
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мыңнан аса қазақстандық кәсіпорынға еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғаудың халықаралық стандарттары енгізілгенін сөз етті. Қазір осы бойынша жұмыстар жүріп, бұл 2021 жылға дейін аяқталмақ. Сондай-ақ, жиында қоғамдық тыңдауларға азаматтардың алты жүзден астам өзекті мәселесі жіберілгені белгілі болды.

Айгүл Байбосынова.