Бар сый аналарға

Уақыты: 12.03.2018
Оқылды: 1275

«Нұр Отан» партиясы Талдықорған қалалық филиалының кіші залында Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы Талдықорған аумақтық ұйымының ұйымдастыруымен «Бар сый аналарға» атты салтанатты қабылдау өтті. Онда облысымыздың 11 ауданынан «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлері шақырылды.

Елімізде жылдан-жылға жас және көпбалалы отбасыларды қолдау, аналар мен балаларды қорғауда мемлекет тарапынан көптеген іс-шаралар атқарылып келеді. Білім саласында нәтижелі еңбек етіп, қоғамның дамуына айрықша үлес қосып жүрген облыстың батыр аналары елеусіз қалмады. Ақжаулықты аналарға Талдықорған аумақтық кәсіподақ ұйымының төрағасы Садық Әбдіқадыров жыр-шумақтарын арнап, ақ тілегін ақтарды. 
– Әйел адам – тіршіліктің бастауы, тірегі. Ұрпақ тәрбиелеуде сіздердің атқарар еңбектеріңіз зор. Әрқашан cіздердің алдыларыңызда басымызды иіп өтеміз. Шаңырақтарыңыз шаттыққа толып, қуаныштарыңыз еселене берсін. Ұзақ ғұмыр тілеймін, – деп әрқайсысына гүл шоқтары мен ақшалай сыйлық табыс етті. Бүгінде алтыннан алқа таққан  Бибігүл Бисембаева:
– Бұл күн біз үшін ерекше күн болды. Өмірге ұрпақ әкеліп, тәрбиелеудің өзі зор бақыт. Балаларым – байлығым. Әрқайсысының өз несібесі бар. Олардың болашақта елін сүйер, елі сүйер азаматтар мен азаматшалар болатынына кәміл сенемін және соған барынша еңбек етемін, – деп лебіз білдірді.
Шара соңында асыл жандар әуелетіп ән шырқап, қонақтарды сүйсіндірді. Одан кейін аналар ақ дастарқаннан дәм татты.

Әмина Құдайбергенова