Ананың көз жасы

Уақыты: 14.11.2016
Оқылды: 3659

Жанар анасының туған күніне қымбат ұялы телефон сыйға тартты. Алайда бұл сыйлық анасын қуантпады. Сезімтал шеше жүрегі бұл дүниеге қыруар қаржы кеткенін, таяуда ғана жұмысқа орналасқан жас маманның әмиянында көп ақшаның жоқтығын бірден білді. Десе де отбасылық кеште бұл тақырыпты қозғамады. Таңмен таласа оянған Айкүміс ана түнімен кірпік ілмеді. Әу бастан адамды жаман ойға жетелеуді өзіне мақсат еткен шайтан бірінші адам санасына арам пиғылды салады емес пе? Міне, самайын қырау шалған ана осындай ойға тұмшаланып ұзақ жатты. Буалдырлай атқан таңмен үй шаруасына кірісіп кетті. Алайда ойы қызы мен қымбат телефоннан арылар емес. 
Ұйқыдан тұрған Жанарды анасы бөлек шақырып, сөзге тартты. Түнде ұйқысынан, күндіз күлкісінен айырған телефонның әңгімесін бастап еді, жүрген сайын қолаң шашы желмен тербелген бойжеткен: “Мама, оның бағасын білгенде не істейсіз? Ең бастысы сізге берілген сыйлық па сыйлық. Пайдаланыңыз. Рахатын көріңіз. Ішіне барлық әлеуметтік желіні жаздым. Елдер мұндай сыйлыққа рахмет айтатын еді. Сіз болсаңыз мені тергеп әлексіз. Ұнамаса лақтырып жіберіңіз. Жақтырмасаңыз айтыңыз басқасын алып беремін. Болды сұрай бермеңізші. Одан да қызым келді деп бір шәй-пай берсеңіз етті», – деп саңқ етті бойжеткен. Жоқтан бар жасап үстел үстін жайнатып қою анасының әдеті. Бұл дәстүр дәл осы күні де бұзылмады. Дастарқанға жайғасқан отбасы мүшелері арқа-жарқа болып ас ішті. 
Туған күн сыйлығының ыстығы әлі де басылар емес. Су жаңа телефон бұл үйдегі ең қымбат дүние секілді. Бәрі сипалақтап соның қасынан шығар емес. Алақандай құрылғы бәрін магнитше өзіне тартып барады. Алайда ананың көңілі бір көтерілмей қойды. Ойындағы сансыз сұраққа мардымды жауап таба алмады. Түскі астан кейін ардақты жанның қуанышына жиналған перзенттердің оқу оқитыны оқуға, жұмыс істейтіні жұмысқа кетті. Шаңырақтың қос шынары балаларының тілеуін тілеп, қол бұлғап қақпаның сыртында қала берді.
 Араға біраз уақыт сала қаладан артынып-тартынып Жанар жетті. Бұл жолы да ол үйіндегілерді таңғалдырды. Жеңіл көліктің аузы-мұрнынан шығарып, азық-түлік алып келді. Көршілердің де балаларын ұмытпай, әрқайсына тәттіден үлестірді. Сол күнгі кешкі асты көршілер осы үйден ішті. Әңгіменің ауылына жақын әйелдер ауылдың о шетінен, бұ шетіне дейінгі қаңқу сөздерді жіпке тізіп шықты. Сөйтіп отырғанда сағат тілі он екіні көрсетті. Үй ішін тыныштық жайлады. Бәрі тәтті ұйқыға кетті. Түннің бір уақыты болса да анасы тағы да көз іле алмады. Сары уайымға салынған ана аз уақыттың ішінде қызының қолына мұндай көп ақшаның қайдан келгенін білгісі келді. Оның үстіне айлық та келетін уақыт емес еді. Осындай арам ой санасын сан жаққа тартқылап қоймайтын. Түн жарымда қызының күлкісінен шошынған ана дауыс шығып жатқан жаққа құлақ тосты. Қызы ақырын ғана: «Мен де сені сағындым. Ой, қойшы ертең көресің ғой. Қазір бәрі ұйықтап жатыр. Саған айтып тұрмын ғой мен ауылдамын. Ертең барамын. Папам мен мамаға айтар сылтауды ойластыруым керек. Болды мазаламашы. Уәдедеде тұратынымды білесің ғой. Сен де айтқан ақшаңды ала кел. Қалағаның болады», –  деді де қалтафонның жарығын сөндірді. Бұл сөздерді естіген ананың жүрегі зырқ етіп, жамандықты сезді. Содан таңға кірпік ілмей шықты. «Қандай ақша? Уәдесі несі? Қалағаны не? Ол кім?». Қаптаған жауабы жоқ сұрақ қартаң тартқан ананың санасын тоқылдақша тоқылдатып, сыздауықша солқылдатты. Таң атысымен қызы қипақтап, үй шаруасына көмектескендей болып, шешесіне бүгін аяқ астынан жұмысқа шақыртылғанын айтып, қалаға жинала бастады. Түнгі әңгімесінен кейін анасы қызының сылтауына бір пайыз да сенбеді. Бірақ іштен шыққан баласын жамандыққа қимады. 
Жанар тездетіп жиналып, үйден шықты. Айкүміс те қолына тиген киімді үстіне іле сала қызының ізіне түсті. Ауылдан шыға бере жеңіл көлік тоқтады. Көп ұзамай анасы да көлікке жайғасып алдыңғының соңынан жүрді. Орталыққа дейін апарған такси бойжеткенді қонақ үйдің алдына түсірді. Жанар үстіне ілген киімін көлікте ауыстырып та үлгеріпті. Туып өскен қара шаңырағынан киіп шыққан ұзын көйлегі үш есе қысқарғандай. Қызының бұл бейнесін көрген ананың жағдайы ауырлай түсті. Біраз уақыт бойы санасын шырмаған арам ойы шындыққа жанасып жатқандай. Ойға шомып, көзі жасаурап тұрған кезде бойжеткеннің қасына соңғы үлгідегі жылтыраған «темір тұлпар» келіп тоқтады. Көлік ішінен шамамен елуді еңсерген ер азамат түсті де бойжеткенмен құшақтасып, бетінен сүйіп амандасты. Қызының мұндай қылығын көрмеген бейшара ана тұрған орнында сілейіп қатып қалды. «Қызым үйде, қылығы түзде» деген сөзге бұрындары мұнша мән бермегенін енді ұқты. Қасынан өткен адамдар жылаған әйелге көз тоқтатып қарап қояды. Ал жар құлағы жастыққа тимей, түн ұйқысын төрт бөлген, өзі ішпесе де балаларының аузына тықпаштаған, өзі кимесе де перзенттерінің үстіне ілген мейірбан жанға бүкіл ғалам төніп тұрғандай болды. Өткен-кеткендер: «Мынау ма сенің тәрбиелеген қызың? Ана болғаның осы ма. Сұмдық?» – деп саусақпен көрсететіндей. Періштесінің пері екенін мойындағысы келмесе де көзі жетті. Ақиқатын өз көзімен көрді. Бір-біріне күле қарап, құшақтары айқасқан «ғашықтар» қонақ үйдің табалдырығын аттады. Тездетіп басып анасы да есікті ашты.
Қайран, қазақтың мықты аналары десеңізші? Әкесіндей еркекпен құшақтасса да тұла бойы тұңғышын «жамандық» деген шыңырауға қияр емес. Мүмкін жұмыс бабымен кездескен болар деп ойлап қояды. Ентігін басып, екінші қабатқа көтеріліп, қос ғашықсымақ кірген бөлменің есігін қақты. Іштен: «Қазір» деген ер адамның дауысы шықты. Адымдап басқан аяқ ізі жақын естілген сайын ананың буын буыны босап, демі тарылып барады. Дүрсілдеген жүрек кеудеден шығып кеткелі тұр. Жайлап есік те ашылды. Жеңіл халатты иығына жапқан егде тартқан адамды көргенде тілден қалды. Арадағы үнсіздіктің себебін білгісі келген бойжеткен: «Жаным келген кім екен? Даяшы біздің тапсырысты алып келді ме, сүйіктім?» – деп қысқа көйлегімен босаға жаққа келді. Талай қиыншылықтан алақандай бетіне түскен тағдырдың тарам-тарам шиырланған сызығы әп-сәтте тереңдей түскендей. Өз көзіне өзі сенбей, сұп-сұр болып есіктің тұтқасына жабысқан күйі жасына ерік берген егде тартқан анасын көрді. Сасқанынан: «Мама кешірші мені. Сіз қайдан жүрсіз? Мен бәрін түсіндіремін мам», – деп әр сөздің басын бір шалып шықты. Дүрсілдеген бір кесек ет қырық жамау болып, қан жылап тұр. Көздің жасын бір сүртіп, өксігін баса алмаған күйі: «Мен сені осындай бол деп тәрбиеледім бе? Әкең екеуміздің еңбегімізді желге ұшырдың ғой. Осындай жолға түсетіндей басыңа не күн туды? Сені неден тарықтырдық. Мен қай жерде қателестім. Қартайғанда көрсеткен жақсылығың осы ма сенің? Қымбат телефонды осындай теріс жолдан тауып алып келдің бе? Арын ақшаға сатқан ұрпақ менің ішімнен шықпаған. Қайда жүрсең де аман болшы. Сені енді көргім келмейді. Менің Жанар деген қызым жоқ», –  деп бар дауысымен айқайлап, ащы зарға тұншығып далаға жүгіріп кетті. Қонақ үйдегі көпшілік есіктерін ашып, дәлізде болған жағдайды кино көргендей тамашалап тұр. Кейбірі қызықтап, видеоға да түсіріп жатты. Бірақ мұның барлығы да ананың көз жасының қасында түкке тұрмайтын дүниелер еді.  
Жаңбырдың соңынан күн шығады дегендей, уақыт өте келе бұл оқиға да басылды. Бірақ ана жүрегіндегі жара жазылмады. Сол сәттен кейін аурухананы жиі паналайтын да болып алды. Күніне қаншама дәрі ішсе де перзентінің қылығына ем болмады. Уақыт өткен сайын уайымы да, қайғысы да, тіпті, денсаулығы да сыр бере бастады. Бұл әулетке жылдағыдай жаз жайдарлы болмады. Шіліңгір шілдеде түнін уайыммен батырып дәл солай таңын атырамын деген ана жер бесікке мәңгіге бөленді. Ал Жанар болса анасын ақтық сапарға шығарып салуға да келмеді. 
Арада содан бері екі жаз өтті. Жанар туған ауылына аяқ баспады. Бірақ артынан ерген сіңлілерінің оқуына ақша салып тұратын. Отбасы ақшаны емес, оның ішінен хат іздейтін. Бірақ іздегендері табылмайтын. Көрсетілген мекенжайға кенже сіңлісі қанша хат жасса да хабар ала алмады. Бірде анасының туған күнінде туысқандарын жиып, құдайы тамақ беріп жатқанда есік алдына бөтен көлік келіп тоқтады. Ішінен Жанар түсіп, жиылған көпшілікпен амандасып, үйге кірді. Ойламаған жерден оралған әпкесіне сіңлілері құстай ұшып, құшақтасып, сағыныштарын басты. Қараса анадай бұрышта баладай көзі жәутеңдеген әкесін көрді. Бөлмеден анасын іздеді. Соңғы рет анасының суық жанарын, жылаған бейнесін ғана көрген Жанар бұл жолы аяулысын көре алмады. Босағада сілейіп тұрып қалған әкесі: «Сен кешіктің. Енді анаңды ешқашан көрмейсің», – деді де далаға шығып кетті. Сүт пісірім уақытта үйдің іші у да шу. Ыза мен кекке толған өзегін өкініштің оты өртеп барады. “Мама, маматайым, апатайым, анашым, кешірші мені... Кешірші”, –  деген сөздер ғана айтылып, қыздың ащы дауысы ғана естілді.   
Сары күзбен қатар келген уайымның сары орамалы Жанарды айналып өтпеді. Ауыл шетіндегі мазарға барды: «Шет жүрсем сағынарым, жабықсам табынарым. Анашым бір өзіңсің сағынарым», –  деген әнді анасымен бала күнінде жиі айтатын. Сол әуен осы жолы да ойына орала берді. Көңілді, ырғақты емес, зарлы әнді ыңылдап айтты да, уыстап топырақ алды. Мөлт-мөлт еткен жас тамшылай ағып, қара жерді суара берген.  
Еңлік БАУЫРЖАНҚЫЗЫ.