Әскерге аттанды

Уақыты: 15.11.2016
Оқылды: 1945

Халқымыздың тыныштығын, мемлекеттің тұрақтылығын, ел іргесінің беріктігін күзету әскерге жарамды азаматтардың қасиетті борышы. Осыған байланысты әскер қатарына шақырылатын жастарды іріктеу қатаң тәртіппен жүргізіледі. Жетісу жерінің жігіттері әбден тексеруден өткеннен кейін ғана азаматтық борышын өтеуге аттанады.

Күзгі әскер қатарына шақыру науқанына орай Талдықорған қаласынан 50 шақты бозбала әскери өмірге бет алды. Биылғы әскерге алынушылардың алдыңғы тобы Шығыс Қазақстан облысы Жаңа-Ахмер кентінде орналасқан №27943 әскери бөлімінде темірдей тәртіп пен қорғаныс тәсілдерін меңгереді.
Бүгінгі қару-жарақ пен заманауи атыс құралдарының көрмесі қойылған салтанатты шара аясында ту ұстаушылар тобы Көк байрақты Гимн әуеніне орай алып шықты. Бұдан соң облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің басшысы, полковник Бердібек Берістемов, облыстық «Нұр Отан» партиясы төрағасының орынбасары Гүлнар Тойлыбаева, облыстық Ауған соғысы ардагерлері үйлестіру кеңесінің төрағасы Ержан Данабеков, «Қарулы Күштердің ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жанболат Мұхаметқалиев кезекпен сөз алып, әскери борышын өтеушілерге ақ жол тіледі.
– Әскери міндетін өтеу Қазақстан Республикасы азаматтарының қасиетті борышы. Сондықтан да жастарды еліміздің Қарулы Күштерінің қатарына салтанатты түрде шығарып салу ізгі дәстүрге айналып отыр, – деген облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов Жетісу өңірінен аттанатын жауынгерлерге сәттілік тілеп, әскери борышты абыроймен атқаруға тілеулестік білдірді. – Бүгінгі таңда Елбасымыздың салиқалы саясатының арқасында ел әскерінің жауынгерлік дайындықтары жоғарғы деңгейде. Ұлттық әскери органдардың біліктілігі өте күшті. Жыл сайын Алматы облысынан әскер қатарына 3 мыңнан астам азамат шақырылады. Мерзімді әскери борышын өтеуге, әскери қызметке және жоғарғы әскери оқу орындарына тәлімгер жіберу бойынша біздің облыс республика бойынша алдыңғы қатарда. Құрметті әскерге шақырушылар, біздің ата-бабаларымыз кең-байтақ жерімізді жаудан қорғау жолында жан қиып, бүгінгі ұрпаққа табыстап кетті. Осындай ұлан-ғайыр жеріміздің іргесін күзету, халқымыздың тыныштығын сақтау сіздерге артылып отырған үлкен жауапкершілік. Соны абыроймен атқарып, ауылдарыңызға аман-сау оралуларыңызды тілеймін!
Салтанатты шараға жиналған көпшілік – әскер қатарына алынғандардың ата-аналары, туған-туыстары, мектеп оқушылары, Талдықорған гарнизонының әскери қызметшілері жергілікті өнерпаздар дайындаған ән шашуды тыңдап, мерекелік концертті тамашалады.

Мәди Алжанбай