Азамат асуы

Уақыты: 28.11.2016
Оқылды: 1558

Отбасының тұңғышы дүниеге келгенде Балмия – ана, Төлеубай – әке атанып, шаңырақ шаттыққа кенелді. Ерлі-зайыптылар алғашқы бөпелерін үлкендерден тығыла аймалады. Төлеубай – Көтентәуіп атаның жетінші ұрпағы. Ел ішінде еңбекқорлығымен ерекшеленген, ақкөңіл жігіт. Балмия – Досымхан есімді абыз қарттың үкілеп өсірген жалғыз қызы. Қарттар жағы көптен күткен немерелерін иіскеп, еміренгенде  осы қуанышқа жеткізген Жаратқанға мың шүкір айтты. Досымхан атаның сексен жасқа келгенде көрген алғашқы немересі өмірінің бар қызығы еді. Қарияның жан дүниесі нұрланып, қуанышы жүзінен байқалып, қызылшырайланып сала берді. Көпшілік те сүйегі асыл қарияның тілегін қабыл еткен Аллаға мың шүкіршілік етіп, сәбидің есімін қою құрметін нағашы атасына ұсынды. «Сексенге келгенде көрген  көзқуанышым. Баламның есімін Сексембай қоямын.
Ұрпағыма пейілім ерекше түсті. Көрген бейнетімді емес, жасымды берсін. Еліне елеулі, халқына қалаулы азамат болсын», – деп бата берді  абыз қарт шаранаға. 

Сексембай  елгезек болып өсті.  Үлкен-кішімен бірден тіл табыса кететін ақкөңіл. Адамды алалауды білмейді. Бастаған ісін соңына дейін жеткізбей қоймайтын табанды болды. Отбасының тұңғышы болғандықтан өзінен кейінгілерді тәрбиелеуді, әулеттің атын шығаруды, ел-жұрттың керегіне жарап,  нардың жүгін арқалауды  мойнына алған.  Өз-өзіне қойған  талап пен жауапкершілік азаматты абырой биігіне көтерді. Адамға бақ табаннан бастап қонады. Табанына бақ қонған бала құлдыраңдап, еңбекқор болып өседі.   Көрсем, білсем,  керектісін бойыма сіңірсем деп тыным таппайды.   Жақсы іске құштар келеді.  Солайша талапты ерге нұр жауады.  Сексембай  Бекішов ойына алған ісін бүге-шігесіне дейін меңгеретін ерекше қасиетімен ерекшеленді. Ол еңбек жолын Сарқан ауданына қарасты Новопокровка ауылында  жұмысшы болудан бастады.  Ұжымшардың басшысы жас жігітті  шаруашылықтың кез келген жұмысына жұмсайтын. Бірде астық егуге қолғабыс етсе, бірде  мал шаруашылығына  көмекке барады.  Секең қай жұмысқа барса да тыңғылықтылығымен ерекшеленетін. Берілген тапсырманы  талапқа сай орындап, нәтижесін басшыға келіп баяндайды.  Нағыз комсомол,  партияның қолғанаты. Еңбекқор жігіт бірден өз ортасында белсенділігімен көзге түсе бастады. Қандай жұмысты қолға алса да дөңгелентіп әкететін ептілігімен танылды.  Осылайша тасы өрге домалап келе жатқан жігіт  1975 жылы әскер қатарына алынды.  Отан алдындағы борышын абыройлы атқарған бозбала  өскен ортасының ыстық-суығына төзімтал,  көнбіс азамат болып оралды.   Бір жақсысы, әскерде көлікті  жүргізуді  меңгерген еді. Бұзылған  көлікті  жөндеуге келгенде алдына жан салмайды.  Ауылға оралған соң бар білгенін  ел игілігі үшін пайдаланудың да сәті түсті.  Қанға сіңген әдетімен бірден еңбекке араласуды ойлады.  Үйелмелі-сүйелмелі отбасының тұңғыш ұлы  ата-анаға қолғабыс етуді кішкентай кезінен санасына сіңіріп өскен еді. Сол  ой-арманын өтеу үшін «Энергия» ұжымшарындағы  машина-трактор стансысына барып,  көлік тізгінін ұстады. Ауылда қысы-жазы демалыс деген жоқ. Жыл бойына бітпейтін шаруа. Көктемде  шама-шарқынша жөндеуден өткізіп алған көлік жыл бойы тоқтамауы тиіс.  Тұқым тасымалдау, астық егу, жазда мал азығын дайындау,  күзде жиын-терінге көмектесу, қыста шалғай жатқан қыстақтағы малшылардың керек-жарағын жеткізу, төрт түлікті жемшөпсіз қалдырмау  жүргізушілердің міндеті.   
Боран соғып кетті, жол лайсаң,  ақ жауынның астында қаламын деген сылтауларды айту  Сексембай Төлеубайұлына жат. Санаулы көліктің біріне мінген екен, ұжымшардың  бар шаруасына атсалысу парыз. Басшылық айтты, бұлжытпай орындауы тиіс. 
Қазақи ұғымда «Маңдайға жазылған» деген тәмсіл бар.  Секең де шыр етіп дүниеге келгендегі бұйрық бойынша  көптің ішінен өз теңін тапты. Бірде  өзі қатарлы жастар ұйымдастырған би кешіне барған еді.  Сол жерде   мектепте өзімен бірге  оқыған Әлия есімді қызды кездестірді. Басында екеуі  ата-аналарының құда боламыз деген сертін әзілге айналдырып, қалыңдық пен күйеу жігітпіз деп қалжыңдасып жүретін.  Бірақ ойынның соңы лаулаған махаббат отына айналарын ол кезде екеуі де сезбеп еді.  Әлде, айтқандарын періште қолдап жіберді ме, әйтеуір екеуі күн санап бір-біріне бауыр басты.  Секең Әлияның ақ жүзін көрмесе сағынатын күйге түсті.  Аңқылдаған, құрбыларының ортасында шоқтығы биік тұратын Әлия кез келген жанның арманы. Әсіресе, ауыл қариялары  мінезі ашық,  үлкен-кішіге сый-құрмет көрсететін, ақылды қызды келін етіп түсірсек деп армандайтын.  Тәрбиелі қыздан жақсы келін, ұлағатты ана шығатынын қарттар сол кезде-ақ сезген. Бірақ бұйырған алып, аққудың көгілдіріндей әдемі қыз Әлия Сексембай бозбаланың  қолына қонды. Балмия ана тұңғыш келінін бақ-құсына балады. Төлінің басы – текті жерден қыз алды. Қазақта: «Алдыңғы арба қалай жүрсе, соңғы  арба солай жүреді»,– деген қағида бар. Құдалары да елге сыйлы жандар.   Өрісі кеңейіп, Төлеубай аға екеуі құда-құдағи атанды.   Әлия отбасындағы мейірім мен шапағаттың қайнар көзіне айналды. Пайғамбардың хадисінде: «Жақсы жар күйеуінің ғұмырын екі есе ұзартады», – деп жазылған.  Әлия шаңырақтың отын маздата жақты.  Жарының жағдайын жасады. Әлияның кеңпейіліне жүрек жылып, дастарқанына дарқандық дарып,  мейіріміне дос-жаран сусындады.  Секең жастық шағын еске ала отырып, ең бір ұмытылмайтын оқиғаны еске алды.  Сол сексенінші жылдардың басында шаруашылыққа жаңадан «Зил –130» көлігі алынады.  Елдің бәрі алаңдаулы. Көлік кімге тиеді екен? Қалыптасқан заңдылық бойынша, машина озат және көлікті күтіп ұстайтын жүргізушіге берілуі тіис.  Басқарма басшысының ұйғарымы бойынша  судай жаңа «Зил»  автокөлігі  Сексембай  Бекішевтің тақымына тиеді.  Сол кезде жүргізушінің қуанышында шек болмады. «Жүк көлігіне емес, өзімді ұшаққа отырғандай сезіндім.  Еңсем көтеріліп, маңдайымнан жел есіп шыға келді. Абырой деген бір күнде артады екен.   Көліктен түскім келмейді. Басқаларға шекемнен қараймын.  Машина – менің беделімді асырды. Жұмыстан кейін гаражға қойған соң, тастап кеткім келмей біраз уақыт айналшықтап жүремін.  Бұл да менің тапсырманы бұрынғыдан да ынтамен атқаруыма септігін тигізді», – дейді ол  албырт шақтың қызығымен бөлісіп.  Бұл кезде Секеңнің  бағыты айқындалып, партия қатарына өтіп, машина, трактор стансысының бастауыш партия ұйымын басқарған еді.  Тәжірибелі маман қызмет баспалдағымен көтеріліп, табанға қонған бақ кеудеге жетті. Сол кездегі заңдылық бойынша, еңбекте өзін көрсеткен, ел сенімін ақтаған азаматтар Жоғары партия мектебіне оқуға жіберілетін.  Сексенінші жылдардың соңына таман Сексембай Бекішов  Алматы Жоғары партия мектебіне тыңдаушы ретінде жіберілді.  Маңдайы жарқыраған Секең  өз ортасында беделді еді.  Сол жердегі жастардың өздері сайлап алған ақылшысы, кеңесшісі болатын. Осыны байқаған  партия жетекшілері  ұйымдастырушылық қасиеті жоғары жігітті тыңдаушылардың  көшбасшысы етіп сайлады. 
Көшбасшының негізгі міндеті – елдегі саясатты ұстанып, замандастарын соңынан ерте білуі тиіс.  Тіпті  атқару комитетін басқарушылардың өзі көшбасшыны шақырып, жастардың беталысын, арман-тілегін біліп отыратын.  Сексембай  Төлеубайұлының  ұйымдастыра білетін қасиеті танылып, ары қарай білім алуына мүмкіншілік жасалды.  Партия мектебіне түсіп, кейіннен  Қазақстан менеджмент, экономика және  болжау институтында оқып, білім алды.  Міне, осы жылдары қосағы Әлия отбасын ұстап, бала-шағаға өзі ие болды.  Айгүл, Сая, Алмас есімді  үш бала бірінен кейін бірі өмірге келіп, шаңырағы кеңейе түсті.  
Ол өзі туып-өскен, күшін сала еңбек еткен Сарқан ауданына басшылыққа барды.  Ауылшаруашылығы шатқаяқтап, кәсіпкерлік құрылмай тұрған кезде ауданның жетекшілігін қолға алу, әрине, тынбай еңбектенуді қажет етті.   Шаруа  қожалықтары жаңадан құрылып жатқан кез. Жекеменшіктерге маманның кеңесін бергізу керек.  Жер игерудің қыр-сырын, ауыспалы егіс жүйесін сақтау барысында  әлсін-әлсін семинарлар ұйымдастырылды.  Жиын-терін кезінде техника тапшылығы сезілді.  Әсіресе, кеш жиналатын мақсары өсімдігі техниканың жетіспеушілігінен қардың астында қалып  жатты.  Не істеу керек? Лизингке техника алудан басқа амал жоқ. Оған барлық шаруаның күші жете бермейді. Бақуатты қожалықтар заманауи комбайндарды алып, пайдаланып еді,  дала жұмысына өте тиімді екен.  Тұқымды өзі себеді, жерді қопсытады, өнімді түптейді, соңында жиын-терінді атқарады.  Басқалар да осындай  техника алу үшін бірнеше шаруашылықты  қосып, ірілендіруге тура келді.  Әйтпесе, ұсақ шаруаларға банк  несие бермейді. Лизингтік компаниялар да кепілге  жылжымайтын  мүлік сұрайды. Осылайша бірнеше қожалықты қосу арқылы  ірі шаруашылықтар құрылды.  Жер көлемі ұлғайып, мал басы көбейген серіктестерге қайта өңдеу кәсіпорындары керек болды. Енді ауданда  кластерлік әдісті жандандыру міндеті тұрды. Нәтижесінде,  Сарқанда нан  зауыты, электр стансысы, май сығатын цех, тағы бірнеше ірілі-ұсақты кәсіпорын іске қосылды.  Бұл – көптеген  адамды жұмыспен қамтуға негіз болды. Мал тұқымын асылдандыру барысында  етті-сүтті бағыттағы іріқара көптеп алынды. Соның нәтижесінде, бес сиырға шығатын шығын бір сиырға ғана шығып, малдан алынатын өнімнің  көлемі мен сапасы артты.  
Шалғай жатқан ауданда мәдениет ошақтарын жандандыру уақыт күттірмес мәселе еді.  Мұхаметжан Тынышпаев,  Мұқан Төлебаев, Еркеғали Рахмадиев, Мұхтар Арын, Құман Тастанбеков, Кәкімжан Қазыбаев шыққан өлкенің мәдени мұрасы жандандырылды. Мұқан Төлебаевтың мұражайын қайта жөндеуден өткізді.  Мұхаметжан  Тынышпаевты мәңгі есте қалдыру барысында  ескерткіш орнатылды. Қойлық ауылында  Кәкімжан  Қазыбаевқа арналып тұғыр  қойылды. 
Ауданда алған тәжірибе облыстағы кәсіпкерлік пен ауылшаруашылығы саласын басқарғанда  көп септігін тигізді. Облыс аграрлы өлке болғандықтан Сексембай Бекішовке ауылшаруашылығы басқармасын басқаруды тапсырғанда  мойнына  қыруар шаруа жүктелді.  Төл дақыл  қант қызылшасын қайта  өсірудің жауапкершілігі шаш етектен.   Бұл жөнінде облыс басшысы Амандық Баталов басқарма басшысына нақты тапсырма берді.  
– Биыл қызылша шаруашылығының жұмысын бақылайтын арнайы топ құрдық. Олар дәннің себілгенінен бастап, қалай күтілгенін, жиын-теріннің  ұйымдастырылуын  назарда ұстайды. Жыл соңында бақылаушылар шаруашылықтың  қант қызылшасын күтіп-баптауға  қалай мән бергенін сараптайды. Соның негізінде   тәтті түбір өсірушілерге субсидия беріледі.  Алқаптың әр гектарына 60 мың теңге және әр тоннаға субсидия беру қарастырылды.  Биылғы жоспарымыз бойынша әр гектардан орта есеппен 300 центнерден өнім алуды мақсат тұтып отырмыз. Сонда 120 мың тонна қант қызылшасы өсірілуі тиіс. Бұл көлем облысымызды қантпен қамтуға жетеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзі тапсырма беріп, қадағалап отырған  шарада кем-кетік деген болмауы тиіс. Жыл соңында жоғары нәтиже көрсеткен шаруаларды  мемлекеттік марапаттарға ұсынатын боламыз.  Көксу,  Ескелді, Ақсу, Сарқан, Алакөл жұртшылығы  негізгі күнкөріс көзіне айналған дақылды өсіруге қайта жұмылдырылуы тиіс, – деді облыс басшысы мән-жайды түсіндіре келіп.  Мәселеге  ауылшаруашылық мамандары бел шеше кірісті.   Күзде нәтижесі көңіл тұшытты.  «Өнімді  жоғары деңгейде алу үшін ең алдымен тұқымына зейін қою керек. «Тұқымы асыл – тозбайды», – деген қағида бар.  Сондықтан, тәтті түбір өсіруде шетелдің өнімді мол беретін тұқымдары пайдаланылды.  Биыл да өнімділік жаман емес.  Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша,  6 мың гектардан аса жерге тәтті түбір себілді. Шығымы да ойдағыдай», – дейді  шаруа жайын егжей-тегжейлі әңгімелеген басшы.  Жетістікке жетудің мәнісін Сексембай Төлеубайұлы  қант қызылшасын өсіруге жасалған мемлекеттік көмектің жан-жақтылығымен  түсіндіреді. Шындығында, төл дақылды қайта өсіру үшін шаруаларға субсидия беріліп, тұқым уақытында тасымалданып, техника алуға жәрдем көрсетілген еді.  Үміт пен сенім ақталды. 
Соңғы жылдары облыс әкімінің  бастамасымен  ирригация жүйесін қалпына келтірудің жобалары жасалған еді.   Республикалық бюджеттен бөлінген қаржы орынды пайдаланылып,  нәтижесінде қыруар шаруа тындырылды. Ол іс те ауылшаруашылық басқармасының басшылығымен жүзеге асты. Көптен бері шатқаяқтап тұрған өзекті мәселе қолға алынды.  Астық алқаптарына су жеткізу үшін атыздарды тазалау, арнасын кеңейту шарасы іске асырыла бастады. Соңында пилоттық жоба нәтижесін берді.  Суармалы алқаптың көлемі ұлғайды. Енді шаруашылықтар судан тапшылық көрмейтін дәрежеге жетті. Кезінде жабайы ағаш қаулап өсіп, қамыспен көмкеріліп қалған каналдың жағасы биіктетіліп, ортасына  тас төгіліпті.   Бұл – суды ысырап етпес үшін жасалған әдіс-тәсіл.  Басшылар ақылдаса келіп,  атыздың  кейбір жерлеріне  бетон қою керектігін ойластырды.  Оған өзімізде шығатын  өнімдерді пайдалану көзделінді. Сонымен,  каналдың кей жерлеріне Талдықорғандағы темір-бетон зауыты шығарған бетондардан қалқа жасалды.  Бүгінде игерілмей жатқан суармалы жерлердің көбі  ел игілігіне пайдаланылуда. 
Соңғы жылдары ауылшаруашылық саласында ілгерінді істер көп. Бір кездері уақытында игерілмегендіктің салдарынан рәсуә болған жүгері бүгінде түп-түгел қайта өңделуде. Жаркентте крахмал-сірне зауыты ашылды.   Игілігін ел көруде.  Сондай-ақ, төрт облыспен экономикалық байланыс орнатуға келісімшарт жасалынды.  Солтүстік Қазақстан, Петропавл, Шығыс Қазақстан облыстарымен жүргізілген  келісімнің нәтижесінде, ауылшаруашылық өнімдерін өндіру,  қайта өңдеу бірлесіп атқарылуда. Қала халқын арзан азық-түлікпен қамтамасыз ету  жақсы жолға қойылған. Үлкен шаһарларда  біздің өңірден барған тағамдар табиғи таза өнім ретінде  бірден сатылып кетіп жатады. Және молдығымен ерекшеленеді.  

Ауылшаруашылығының тиімді әдістерін ұйымдастыруда Сексембай Бекішевтің сіңірген еңбегі зор. Міне, Сексембай Төлеубайұлы ел экономикасын арттыруға барынша күш салып жүрген азамат. Өз ісін жақсы біледі. Ауылшаруашылығының білікті маманы. Ұлағатты ұл. Жақсы жар. Мейірімді әке, қамқор ата. Аграрлы аймақтағы негізгі саланы басқарып отырған азамат болашақтағы жұмыс жоспарында өңірді өркендететін мақсат-міндеттер қойған. Ауыл жұртының еңсе көтеруіне ықпал ететін стратегиялық жоспарлардың көптің көңілінен шығып, салаға серпін тудыратынына сенім мол.  

  Өмірдерек

    Сексембай Төлеубайұлы 1956 жылы             26 қарашада Сарқан ауданы Новопокровка ауылында дүниеге  келген.
    1970 жылдардың соңынан 1980 жылдардың ортасына дейін  «Энергия» ұжымшарында жүргізуші, құрылыс шебері болып жұмыс істеді. 
    1986–1993  жылдары Алматы  жоғары  партия мектебінің тыңдаушысы, кейіннен  Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтында білім алады. 
    1993–94 жылдары «Алатау» ассоциациясы бастығының орынбасары. 
    Содан кейін ауданға электр қуатын тасымалдайтын «Бекет»  жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы.
    1999–2010 жылдарда Сарқан ауданы әкімінің орынбасары және аталмыш ауданның әкімі қызметтерін атқарды. 
    Ал 2010 жылдан  2013-ке дейін  облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары.
    Қазіргі таңда ауылшаруашылық басқармасының басшысы. 

Гүлжан Тұрсын