Қосөрім

Уақыты: 30.01.2017
Оқылды: 1749

Әдетте қызды гүлге теңейміз. Гүл адам өміріне қуаныш сыйлап, құлпырта, жайната түседі. Қай мекемеге барсаңыз да әдемі қыздарға көз тоқтата қарап, сол ортаның ажарын келтіріп тұрғанына көз жеткізесіз. Бүгінде ата басылым саналатын «Жетісудың» да көркін ашып, газеттің мәнді де мағыналы, көз тартарлықтай көркем шығуына үлес қосып жүрген негізгі буын қыз-келіншектер дер едік. Әсіресе, компьютерлік бөлім нәзік жандардың көптігімен дараланады. Солардың қатарында бөлімнің сәнін кіргізіп, көркімен ғана емес, ақыл, парасат-пайымымен де ерекшеленетін қос құрбы бар. Олар газеттің дизайнерлері – Сақып Төкеева мен Роза Жексембекова.

Қосөрімдей еңбек жолы қатар өрілген құрбылардың қашанда жұбы жазылмайды. Қатарласа отырып, газеттің қарбалас жұмысын теңдей бөліп атқаратын замандастар еңбек жолдарын ширек ғасыр бұрын қазақ газеттерінің жүрегіндей болған «Дәуір» баспасынан бастаған еді. Кейіннен газет-журналдар өз алдына тараған кезде  Роза мен Сақып «Жетісуда» қайта қауышты. Екеуі бірге терім бөлімінде қызмет етті. Бұл 90-шы жылдардың орта кезі еді. Ол – компьютердің енді ғана өмірімізге ене бастаған шағы. 
Журналистер түнімен жазған мақалаларын таңертең терімшілерге бастыруға асығады. Осылай таңертең қайнаған тіршілікпен басталатын газеттің жұмысы түн жарымына дейін толастай қоймайтын. Материал алдымен жазылады, теріледі, одан оқылады, корректордан бастап тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасарының қолынан өткенше қаншама рет түзетіліп, өңделеді. Ол қатенің бәрін мұқият, бір үтірі мен сызықшасына дейін жіберіп алмай салу қырағы терімшінің ғана қолынан келер іс. Осы жұмысты қос құрбы асқан шеберлікпен атқарды.
Розаның материалды «соқыр теріммен», демек компьютердің пернетақталарындағы әріптерге қарамай, алдындағы жазуға ғана қөз тастап жылдам теретіндігі әрі сол кезде он саусағының бірдей тоқтаусыз қимылдайтыны көрген жанды тамсандырар еді. Осындай өз ісін терең меңгерген маманды жетісулықтар «Дәуір» баспасынан аттай қалап шақыртқан еді. Сол кездегі «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Ерғали Ахметтің қолқалауымен Роза «Жетісуға» орнықты. Сақып та бұл кездері осы басылымда еңбек ететін еді. Нұрбану апа бастаған үш терімші алдында тау болып үйілген, көбіне шимай-шатпаққа толы материалдарды лезде-ақ жөндеп, мақалалардың газетке айна-қатесіз басылуын қамтамасыз ететін.
Роза өзіндік әдіспен теретіндіктен тек қағазға жазылған мақалаларды компьютермен басатын. Ал, Сақып өз табиғатына сай журналистермен тілдесе отырып, мақаланы дауыстап оқыту, яғни диктовка арқылы тергенді жөн көретін. Сондықтан журналистердің көбі Сақыпқа тергізуге кезек күтіп тұратын. Айтар сөзін қаламмен қағазға түсірмей-ақ, бірден компьютерге тергізетін сол кездегі ойы ұшқыр, майталман журналистер – бас редактордың орынбасары Әміре Әрін, бөлім меңгерушілері Қайрат Әлімбек, Нүсіпбай Әбдірахым, Қуат Қайранбаев, Болат Абаған бірден Сақыпқа жүгінетін. Олардың әрқайсысымен әзілдесе отырып,  ісін тыңғылықты атқаратын өз ісінің шебері.
Уақыттың талабымен бір орында отыра бермей алға қарай жылжуды, ізденуді мақсат тұтқан қос құрбы кейіннен компьютер арқылы газеттің дизайнын жасап, мақалаларды орналастыруды үйрене бастады. Осылайша терім бөлімінен дизайнға ауысты. Бұл жұмыс ерекше ізденісті қажет етеді. Әрбір мақаланың табиғатын ашатындай сурет тауып, оның негізгі тұсын көрсетіп беріп, мақаланы бетке әдемі етіп орналастыру, айшықтау талап етіледі. Бұл істі де тез меңгеріп кеткен замандастар айшықты еңбек нәтижелерімен дараланды. Бүгінде газеттің әрбір санында Сақып пен Розаның өзіндік қолтаңбасы бар десек, ешбір асырып айтқандық бола қоймас.
Бірде Розадан «Бұрын көп жыл терімде отырдың, газеттің беттерін жасау қиындық келтірмей ме?» – деп сұрғанымда: 
– Шындығына келсем, өмір бойы іздегенімді енді ғана тапқандаймын. Мен үшін мақалаларды орналастырып, әрқайсысына киім кигізіп, шапан жапқандай әрлеу, сәндеу жаныма жақын жұмыс екен. Іздене отырып, шабыттанасың. Жасаған бетің көңіліңнен шықса, бір шаттанып, жасарып қаласың, – дейді әдемілікке ғашық, өзі де әсем гүлдей жайнаған Роза.  
Ал, әрдайым айналасына шуағын шашып отыратын Сақып та өмірінің мәні мен сәніне айналған «Жетісудағы» әр күнін бақытқа балайды.
– Жүз жасқа жуық ғұмыры бар басылым – «Жетісуда» жұмыс істеудің өзі бір бақыт. Бұл әркімнің басына бұйыра бермейтін бақ. Келер жылы газетіміз ғасырлық мерейтойын атап өтеді. Оған жеткен де бар, жетпеген де бар. Соны көру бүгінгі ұжымның еншісіне берілген екен. Өміріміздің бір бөлшегі болған «Жетісуда» саналы ғұмырымыз өтуде. Осы газетпен бірге Талдықорғанға қоныс аудардық. Үйлі, отбасылы болдық. Тағдырымыз газетпен тамырлас, – дейді ол.
Әже тәрбиесінде өскен Сақыптың бойынан үнемі даналықты, даралықты байқаймыз. Әрбір айтқан сөзінде терең мағына, мән жатады. Қалжыңдарының өзі астарлы. Мақалдап, мәнеріне келтіріп сөйлейді. Сондықтан да болар, осындағы әріптестер белгілі бір мәселелерге қатысты Сақыптың ой-пікірін тыңдап, көмегіне жүгініп жатады. 
«Жетісу» газеті журналистерінің ұстазына айналған Жанкүміс Жәмеңке әпкеміздің өзі Сақыпты өзгелерден бөлек бағалап, жанына жақын тартып, сіңілісіндей көріп жүреді. Өзгелердің де әріптестердің бәрін бауырындай аялап, қолынан келген жақсылығын аямайтын Сақыпты ерекше құрмет тұтатынын байқаймыз. Бұл да адамның жақсылығынан болса керек.
Роза болса, ибалылық пен биязылықтың үлгісі. Жымиып отырып, алдына таудай болып үйілген жұмысты еш қиындықсыз атқара береді. Ешкіммен артық ауыз ісі жоқ. Біреуге ауыр сөз айтып, ренжітіп, не өзінің өкпелі болып жүргенін көрмейсің. Розаның сабырлы мінезіне, әр нәрсені елеп-екшеп атқаратын тындырымдылығы мен тиянақтылығына қызықпайтын жан жоқ. «Әйел атаулы, әдемілік әлемі Розадай болсын, шіркін», – дейді көргендер.
Розаның өмірдегі қуанышы, көзінің ағы мен қарасы қызы Индира мен кішкентай немересі Айсұлтан. Екі жастан асқан немересінің бал қылығын өмірінің мәні деп білетін Роза апта сайын Алматыға асығады. Сенбі, жексенбі күндері қызы мен немересінің қасында болып, Талдықорғанға қуана оралады. Әріптестеріне Айсұлтанның әрбір қылығын әңгімелеп, айтып тауыса алмайды.
Сақып та үш немеренің әжесі. Қашанда «менің жаным, күнім, айым» деп Әділет, Арнұр, Айаруды айналып, толғанып, балабақшадағы немерелерінің әрбір айтқан сөзін, жасаған қылығын бағып, соған мәз болып отырғанын көреміз. Ана бақыты деген осы болар.
Әркімнің өз өмір жолы, отбасы болғанымен «Жетісуда» қызмет ететін әрбір жанды осынау киелі шаңырақ туыстастырып, бауырластырып жіберетіндей. Мұндағы барша әріптес бір әулеттің баласындай, бірі аға, бірі әпке, енді бірі іні-қарындас болып, ынтымағы мен бірлігі ұйысып жатады. Осынау береке-бірліктің ұйытқысы болып Гауһар, Гүлжан, Зылиха, Бақыт, Сақып, Роза сынды әпкелеріміз жүреді. Олардың өзінен кейінгілерге інім, сіңлім деп қарауының өзі киелі шаңыраққа жылылық ұялатып, шаттыққа бөлейді. Бұл сыйластық үрдісі – бұған дейін де «Жетісу» газетінде қызмет еткен аға-әпкелеріміздің қалыптастырған жолы. Оның жібін үзбей жалғаушы біздің бүгінгі кейіпкерлеріміз – Сақып пен Роза бастаған апайларымыз. 
Сырға сымбат қосқан  замандастардың әдемі үндестігі, сыйластығы кім-кімге де үлгі боларлықтай. Осынау қос құрбыны көрсем, өмірлері қатар өрілген қосөрім көзге елестейді. Бірі Сарқанның кең төсінде құлпырып өскен, енді бірі Сарыарқаның сайын даласының жұпар ауасымен еркін тыныстай бой жеткен замандастарды еңбек жолында өмір табыстырып, алға ұмтылдырды. Бүгінде елу дейтін  желкенді кеменің жалынан да қатар ұстаған әріптестерге еңбек айдынында бірге жүзіп, өмірдің тек қуанышын көріп, жүз жасауды нәсіп етсін дейміз.

Жақсылыққа кенелген 
жарты ғасыр

Жамандықты жуытпаған жанына,
Жоққа сабыр, тәубе ететін барына.
«Жетісуда» жалын жүрек қос қыз бар,
Қазағымның жаратылған бағына.

Асыратын сыйластықтың ұғымын,
Татулықтың биіктеткен тұғырын.
Жүз жылдық тарихы бар «Жетісуға»,
Арнап келді жарты ғасыр ғұмырын.

Әсерлерге толы жүрек  әлемі,
Бұл күндері бәйтеректей мәуелі.
Жан дүние, мінез, ақыл тым көркем,
Сырт келбеті одан асқан әдемі.

Сақыпжамал, Роза мың ғұрыпты,
Жауапты, әр ісіне тыңғылықты.
Тағы бір ширек ғасыр жасаңыздар,
Бойларыңа алдырмай бір күдікті.
Жетісулықтар.

Алма ЕСЕНБАЕВА