Әже тәрбиесін алған әкім

Уақыты: 06.02.2017
Оқылды: 1749

Әй, қайдам, әлмисақтың әжелері айтатын ертегіге ойы тұнық балалар түгілі ересектердің өздері де шөліркеп жүр-ау. Жыл емес, сағат санап өсетін алыптардың ақиқат жолындағы айқасына, ұшы-қиырсыз көкті кезетін ұшқыш кілемге әлі күнге имандай сенетініміз шындық. Сенгеніміз былай тұрсын, ертегі кейіпкерлері мен оқиға желісін жатқа білсек те, қиялға құрылған қазыналы әңгімені қайта-қайта тыңдауға құштармыз. Бүгінгі ұялы телефон ұстаған ұрпаққа әжелер тағылымы жетпей жататыны қандай өкінішті! Ұзақ жыл әр салада жауапты қызметтер атқарып, Жетісу жеріндегі алғашқы аяқ алысын облыс әкімінің орынбасарлығынан бастаған, екі жыл өңірдің идеологиясына тың серпін беріп, бүгінде тау қойнауындағы жасыл құрақты Текеліге басшылық жасап отырған Бақтияр ӨНЕРБАЕВ әже әлдиімен есейген бақытты балалығын жиі сағынады. Әкім қариялар мектебін көбіне көре бермейтін бүгінгі бүлдіршіндердің болашағына, ата-әже мен немере-шөберенің арасын ақырындап алшақтата бастаған беймаза замана ағымына алаңдайды. Әсіресе, ойын қуған он немересіне өмірлік өнеге қалдырған әжесі туралы әңгіме тиегін ағытса, шаң қапқан балдәурен шағына ғайыптан тайып қайта оралғандай күй кешетіні бар. Бәлкім, бұл да әжеден қалған тағылым тамшыларына қаныққаннан шығар. Әйтпесе...

Ауылдастары Әлтайдың балалары шығатын қақпадан алыс жүретін. Өйткені, он баланың сегізі – ұл. Сегізі асыр салып көшеге шыққанда бүкіл ауылды азан-қазан қылып, басына көтеретін. Одан қалса ұйымшыл ұлдар сыртқа айбар шашып, ауласын бейсауат адамдардан қорғаштаушы еді. Шуылдақтар бірде шекісіп, бірде бекісіп жатады. Кейде ары-бері өткен жүргіншілерді қуғыштап, үй маңынан өткізбейді. Бірақ қамқор әже тәтті немерелерін мейірімділікке, ізгілікке, имандылыққа баулыды. Балаларды бетімен жіберген жоқ. Жеткіншектерге дер кезінде рухани тәлім беріп отырды. Қайран балалық-ай, қазір ойласа, қанша жерден ойын қуаласа да адал еңбектің дәмі қандай тәтті боларын біліп есейіпті ғой. Бақтияр көктем шыға жер жырту жұмыстарына араласты. Әжесімен бірге жүн түтісті. Текемет басып, тебісуге көмектесті.
Қазақтың қорасы берекеге толы. Оңтүстік өңірде алдына тұяқ салмаған отбасы аз. Өнербайдан тараған әулет те төскейде мал өргізіп, қорада қой қоздатты. Бақтияр бала кезінен тезектің иісін иіскеп, қорада мал жайғап есейді. Аула сыпырады. Қора тазалайды. Су тасиды. Бір сөзбен айтқанда, ауылдың бірқалыпты қоңыр тіршілігі. Әкесі Әлтай таң алакеуімде жұмысқа кетіп, кешкі апақ-сапақта үйге оралады. Күні бойы көлік жүргізеді. Ал анасы ұжымшарда қызмет етті. Үйелмелі-сүйелмелі балалар мейірімді әженің қарауында қалатын.
– Әжемнің есімі – Сейдінгүл Мыңжасарқызы, – дейді Бақтияр Әлтайұлы балалық шағынан сағынышпен сыр шертіп отырып. – Текті, берер тағылымы мол, қазыналы кісі еді. Әжемізден алған тәрбие бойымызда әлі бар. Қызметімде де көп пайдасы тиді. Әлі де тиіп келе жатыр. Бойымда иненің жасуындай бауырмашылдық, байсалдылық болса, ол әжемнің тәрбиесімен тікелей байланысты. Әжемнің өмірден көргені мол, өнегелі отбасынан шыққан инабатты жан болды. Балалықпен қиыс кетсек, айғаймен емес, ақылмен жөнге салатын. Кейде қазіргі қоғамнан жас ұрпақтың жаңылыс басқан қадамдарын көрсем, әжелер мектебінен өтпеген немерелер ме екен деп қынжыламын. Біздің қоғамда ертегі айтатын қазыналы адамдардың азайып бара жатқаны жаныма батады.
Сейдінгүл әженің балалық шағы ауыртпалықта өткен. Әкесі жамау мәсімен жүріпті. Бірде тұрмыстың тапшылығына ұшыраған отағасы жол бойына жарты қап бидайдың төгіліп жатқанын көреді. Дереу әлгі бидайды бір-бірлеп теріп, жинап алады. Маңынан өткен бірлі-жарым бейсауат адамдар: «Не көрінді сонша?» – деп бетіне басады. Бірақ әкесі бидайдың аяқ астында шашылғанын обал санап, үйіне алып кетеді. Кейін көктем шыға егіп, күзгесалым мол астық алады. Құдайдың қарасқаны да бұл. Сол жылдан бастап Сейдінгүл әженің әулеті дәулеттілердің санатына қосылыпты. Жұпыны өмірін еске алып тұру үшін ертегідегі Аязби сияқты жыртық мәсісін босағаға іліп қойған екен. «Жарықтық әжем қанша егде тартса да еңкейген емес. Бойын тік ұстап өтті өмірден. Өзін сергек ұстайтын. Тың болатын. Марқұм Өнербай атамыздан үш ұл, бір қыз босанды», – дейді әкім әжесі туралы тебіренісін жалғастырып.
Әжесі Ескендір, Нұрғали, Майра сынды аты аңызға айналған, көмейіне бұлбұл ұя салған әншілерді сүйсініп тыңдады. Өзі де ән шырқағанда әдемі дауысы ауыл аспанында ұзақ уақыт қалықтап жүретін. Әжесінің әкесі де, арғы аталары да шетінен сал-сері атанып, ел аралап өнердің отын лаулата жағыпты. Сол өнер қаннан берілді. Бақтиярдың екі бауыры да өнер жолын қуалады. Соның бірі – Нұрлан Өнербаевты иісі қазақ түгел таниды. Ал кейде Бақтиярдың өзі де бос уақытында гитарамен ән шырқап, көңіл тиегін ағытады. Ағайындар бір-бірін сыйлап, бір-бірін тыңдап өскендікі ме, бұл отбасында «Алдыңғы арба қайда жүрсе, соңғысы сонда» деген тәмсіл сақталған. Бірақ Бақтиярдың бала кездегі арманы сәл басқаша:
– Бала кезімде ұшқыш болсам деп армандайтынмын. Аспанды алақанымда ұстағым келетін. Ол тек ұшқыштардың қолынан келеді деп ойлаушы едім. Негізінде, адам нені ойласа, сонысын өмірде іске асыруға мүмкіндік берілетін секілді. Бір ағам ұшқыштың оқуында оқыды. Мен де сол ағамның жолын қуалауды қаладым. Украинаға әскер қатарына алынған кезде асқақ арманыма жол ашылды. Әуе мамандарын дайындайтын курстан өттім. Әскерде әуе механигі болдым. «Қара жәшіктерді» оқыдым, – дейді ол.
Әскер қатарында бірге борышын өтеп жүрген украин жігітпен шекісіп қалып, қазақтың қанында бар қайсарлығын көрсеткен кезі есінен кетпейді. Бірақ әскер басшылығы Бақтиярды кінәлап, ұлан-ғайыр Ресейдің шығысына ауыстырып жібереді. Мұнда да жас жігіт тікұшақ полкіне түсіп, ұшқыштың оқуына түсуге қамданады. Бірақ үйдегілер шетте жүрген перзентін елге оралуға кеңес берді. Ата-ананың сөзінен аттамайтын байсалды жас ҚазҰУ-дағы оқуын жалғастырады. Химия факультетін аяқтағаннан кейін отандық өндіріске үлес қосқысы келіп Тараздағы фосфор зауытының жұмысымен танысады. Менделеев элементтерінің сырына қаныққысы келген университеттің талапты түлегі ғылым жолын таңдайды. Ғылыми жұмысын жандандыру үшін кафедраға қызметке орналасады.
– Менің туған жерім тура осы Текелі қаласы сияқты, – дейді Бақтияр Әлтайұлы таулы өлкенің тұмса табиғатын нұсқап. – Табиғаты да тура осындай. Жап-жасыл. Ағашты қадай салсаң жайқалып өседі. Түгін тартса майы шығатын құтты топырақ. Сол топырақтан түлеп ұшып, университетті тамамдаған жылы Қазақстан Тәуелсіздігін жариялады. Ел 70 жылдық езгіден құтылды. Дербес ел болдық. Әрине, шексіз қуандық. Сол қуанышым Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік қызметінде жұмыс істеуге жетеледі. Мемлекеттік қызметке келгеніме 25 жылдан асты. Бұл сала – халықтың мұңын, талап-тілегін арқалаған ең жауапты қызмет.
Ғалымдар сауда-саттық жасап кеткен сындарлы уақытта, жылы-жұмсаққа қол жетпеген дағдарыс жылдарында Бақтияр Өнербаев ҚР Коммуналдық меншікті мемлекет иелігінен алу және жекешелендіру комитетінің маманы болып орналасып, Алматы қаласындағы ірі дүкендерді жеке кәсіпкерлердің атына рәсімдеу жұмыстарымен айналысты. Кейіннен Алматы қаласы, Жетісу ауданы әкімінің орынбасары, ҚР Президенті Іс басқармасы ұйымдастыру, сыртқы байланыс және іс-шараларға қызмет көрсету бөлімдерінің меңгерушісі, Алматы қаласының сот әкімшісі, ҚР Жоғарғы Соты жанындағы сот әкімшілігі комитеті төрағасының бірінші орынбасары, соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті басшысының бірінші орынбасары, ҚР Парламенті Сенатының бөлім меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарды. Жетісу өлкесіне 2014 жылдың қарашасында облыс әкімінің орынбасары ретінде аяқ басты.
Әкім үшін халық мүддесі қашанда бірінші тұруы тиіс. Бақтияр Әлтайұлының айтуынша, көкірек керу, кеуде қағу, құзыретін асыра пайдалану, мансабын жеке бастың қамына жұмсау – надандықтың, көрсоқырлықтың шегі. Мансапқа философиялық тұрғыдан қарау керек. Ең бастысы, қандай міндет жүктелсе де, әрбір қызметкер құзыретіне жоғары не төмен деп қарамай, жауапкершілікпен, абыроймен атқарғаны жөн. Халықтың тағдыры басшының өз тағдырынан да биік тұрмаса бәрі бекер. Мұны әкім ширек ғасырлық тәжірибесінен жақсы біледі. «Әкім бол, халқыңа жақын бол. Атам қазақ айтып кеткен осы даналықта терең мән жатыр. Егер елмен етене араласа алмасаң мемлекеттік қызметте жүріп абырой таппайсың. Мен мұны талай байқадым. Талай әріптестерім содан опық жеді. Құрдымға кетті. Сондықтан, қарапайымдылықтан ажырамау қажет. Меніңше, бұл отбасынан, үйдегі тәрбиеден беріледі. Әжем менің бойыма қарапайымдылықтың дәнегін бала кезден септі», – дейді кенді қаланың басшысы.
Облыс әкімінің орынбасары болып тұрған шағында Жамбыл ауданында қанды оқиға орын алды. Отаным деп келген үш қандасымыз бейбіт күнде қарақшылардың қолынан оққа ұшты. Бұл қасіретті есіне түсірсе әкімнің қабырғасы қайысады. Үш малшыдан қалған шиеттей жәудіркөз бала-шаға, жоқтаған жар, қан жылаған ағайын-туыс, бауыр-жекжат. Бақтияр Өнербаев сол кезде қайғылы қазаның жаназасына қатысты. Қайғыға батқан ағайынға басу айтып, Шәкәрімнің өлім туралы өлеңін жатқа оқып берді. Міне, Бақтияр Өнербаевқа сондай күнде әжеден алған өнегесі көп көмектеседі. «Абайдың, Шәкәрімнің өлеңдерінде адал өмір сүрудің кілті жатыр. Екеуінің де шығармаларын сүйіп оқимын. Ал Мұқағали өз алдына поэзияның алып бір төбесі іспеттес. Ақиық ақын екеуміздің туған күніміз бір күнде. Мұқағалидың өлеңдері менің бойыма рухани қуат береді», – дейді Бақтияр Әлтайұлы.
Халық Бақтиярдың сот саласына сіңірген ұшан-теңіз еңбегін әлі күнге айтады. Бақтияр Өнербаевты Жетісу жұртшылығы да жылы қабылдады. Әкімге бұл аймақ жат емес. Бақтияр Өнербаев – Төле бидің жетінші ұрпағы. Ал Төле биге Жетісудың данагөйі, әйгілі Ескелді баба – жиен. «Расында, Жетісу маған жат емес. Текелі туған жерімдей болып кетті. Әр адам Қазақстанның топырағын шексіз сүйгені абзал. Әрбір текелілік тұрғын туған қаласын жақсы көруі керек. Бұл сөзді қаланың кіреберісіне жаздырып қойдым», – дейді әкім.
Текелі – Жетісудың жауһары. Тауларды бөктерлеп аққан өзендерді қараңызшы. Табиғаты сондай әдемі. Бүгінде қалада 32 мың 600 тұрғын бар. Текелінің болашағы туризммен байланысты. Туризм кластерін дамытуға ең қолайлы аймақ. Шаңғы тебуге мүмкіндік бар. Жазы салқын, қысы жылы, жанға жайлы жер. Бұрын кенді қалада қазақтың үлес салмағы 3 пайыздан аспайтын. Бірақ қазіргі таңда қаладағы қазақтар 52 пайызға жетіп отыр. Бұл – үлкен қуаныш, демографиялық өсімнің әсері. Әкімнің айтуынша, Текеліде атқарылар шаруа әлі алда. Туризмнен бөлек, мұнда шойын қорытатын зауыт жуырда нарық бағамына байланысты өз жұмысын бастамақ. «Текелі қаласының биыл 65 жылдығы тойланады. Соған орай, біз жаңа бастама көтердік. Осы өңірде кіндік қаны тамған әрбір азаматқа қай қиырда жүрсе де әлеуметтік желі арқылы сұрау салып, туған жеріне үлес қосуға шақырамыз. Мейлі, ол қыруар қаржы беріп, ел игілігіне бір нысан салсын, мейлі, ол бір тал ағаш ексін, оған шектеу жоқ. Ең бастысы, туған қаласына өз ізін қалдырса жеткілікті», – дейді Бақтияр Әлтайұлы.

Бағзыдан абыройлы қызмет жауапкершілікпен бағаланады. Текелі қаласының әкімі осы уақытқа дейін жүріп өткен сан-қилы жолына жиі үңіледі. Әр қадамында өмірлік сабақ болатын дүниелер менмұндалайды. Әсіресе, билік жүйесіндегі білікті басшылардың мектебінен өткен аса маңызды. Бақтияр Өнербаев әйгілі саясаттанушылар, белгілі қоғам қайраткерлерін, атап айтқанда, университеттегі ұстазы Рахметолла Ерқасовты, еңбек жолындағы тәлімгерлері  Сарыбай Қалмұрзаевты, Мұхтар Алтынбаевты, Қайрат Мәмиді, Ирак Елекеевті, Қасымжомарт Тоқаевты, Тілеуқали Күзембаевты өнеге тұтады. Ал облыс әкімі Амандық Баталовтың мектебінен өткен жылдары  үлкен абырой әрі қайталанбас шеберлік сыныбы тәріздес.

Қуаныш ТҰНҒАТАР