Бақ бесігін тербеткен

Уақыты: 13.02.2017
Оқылды: 2263

Ана – өмір бастауы, ана – бақыт бесігін тербетер аяулы жан. Ана – тіршілік гүлі, отбасының берекесі, шаңырақтың ұйытқысы. Ананың мейірім тұнған көзінен нұр,  жүрегінен шуақ төгіледі. Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде де, ең алдымен, ананы құрметтеу парыз екені айтылады. Ана жайлы осындай әдемі, өрнекті, терең мағыналы ойларды ақ қағазға түсіруге себепкер болған, ел анасына айналған жан, «Алтын алқа» иегері, батыр ана – Рысжан Жарасбекқызы.

Ерекше ізгі қасиеттерді бойына жиған жан отбасының ғана емес, бүкіл әулеттің, тұтас ауыл-аймақтың ардақтысына айналған аяулы адам.   Рысжан Жарасбекқызы осыдан 75 жыл бұрын Панфилов ауданы, Айдарлы ұжымшарында дүниеге келген. 1960 жылы Жаркент қаласындағы Ы. Алтынсарин атындағы қазақ орта мектебін тамамдап, 1962 жылы Мәскеу кооперативтік сауда техникумының Алматыдағы филиалында бухгалтерлік бөлімін тамамдаған. 1968 жылы Алматы қаласындағы Абай атындағы педагогикалық институттың химия-биология факультетін бітірген. Алғашқы еңбек жолын Айдарлы, Көктал кеңшарында бухгалтер болып бастап, соңғы жылдарында Абай атындағы қазақ орта мектебінде мұғалім, «Күншуақ» балабақшасында тәрбиеші, бухгалтер, шаруашылық меңгерушісі болып қызмет істеп, зейнеткерлікке шыққан. Әкесі Жарасбек Ұлы Отан соғысында қаза тауыпты, анасы  Сақыпжамал тылда жұмыс жасай жүріп, 2 ұл, 2 қызды «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай» тәрбиелеп өсірген. Бар ауыртпалық бір басына түссе де қиындыққа мойымай, ұрпағын оқытып жеткізген. 
Қазақ халқы әйел затын ерекше қадір тұтқан. Өмірдің ащы-тұщысын көріп ысыла берсін, «тұяғы тасқа салса, кетілер, суға салса, жетілер» деген оймен ұлын жел өтінде ұстаса, қызын «аз күндік қонағым, алтынның сынығы, шұғаның қиығы» деп бөркінің төбесіне үкі қадап, үлпілдетіп өсірген. Жарасбектің қызы Рысжан да бойжетіп, ана тәрбиесін бойына сіңіріп, қасиетті би ауылына – Салпық би, Жақыбай би әулетіне келін болып түседі. Бала жастан билер даналығы мен әке өсиетін құлағына құйып өскен Төрехан ақынның ұлы
Әдепхан: 
Жалын бар-ау, жаным-ау, жанарыңда,
Мен де солай қараушы ем,жанарымда.
Шөліркеген қу көңіл кетті батып,
Сезімі көл, шаралы жанарыңа, – 
деп сүйгеніне жыр арнай жүріп, Рысжан қызды өзіне ғашық жар етеді. Екеуі қол ұстасып, өмір атты керуенге жұп болып ілеседі. Тағдырларын бір арнаға тоғыстырып, баянды бақыттың берік ұясын салады. 
Ғабит Мүсірепов: «Қазақ әйелін «жан жолдасым» дейді. Бұл үлкен сөз ғой. Жаны мен жаны үндес, ойы, арманы үйлес, егіз адамбыз дегені ғой», – деп жазыпты. Расында да, асыл армандары бір қос ғашықтың егіз жандарға айналары сөзсіз. Әдепхан мен Рысжан да дәл сондай жандар болатын. Бір кездегі бір-біріне ұрлана қараған бозбала мен бойжеткен бүгінде бір өңірдің беткеұстар, мақтаныштарына айналған. Сырт көзге абыз ақсақал, ақжаулықты әже болып көрінсе де, өз орталарында сол баяғы бұла бойжеткен мен жасөспірім жігіт.
Жетісу жерінде Әдепхан Төреханұлын білмейтін жан кемде-кем шығар, сірә! 43 жыл бойы шәкірт бойына білім нәрін құйып, тәрбие беріп, бүгінде жасы сексеннің сеңгіріне таянған асқар таудай әке – үлкен  абырой иесі. Өнегелі ісімен өңірге сыйлы, тәлімді ұрпағын жұрт үлгі тұтатындай дәрежеге жеткізген Әдепхан аға – ақын-этнограф, «ҚР халық ағарту ісінің үздігі», «Алтынсарин» медалінің иегері, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, Панфилов ауданы мен Алматы облысының Құрметті азаматы, «Елім дарқан, жерім бай» атты 3 томдық таңдамалы шығармалар жинағының иегері. 
Отбасы – өмірдің тұтқасы. Үй-ішінің қызыққа, қуанышқа толы болуы – отбасындағы бауырмалдық, береке-бірлікке байланысты. Жақыбаевтар әулеті – шаңырақтың осындай қадір-қасиетін өрелі һәм тәлімді ұрпағының арқасында жалғастырып отырған мерейлі отбасының бірі. Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы өз сөзінде былай дейді: «Үйдің берекесі қабырғасының қиюымен емес, теңінің жиюымен, отбасындағы сыйластықпен, татулықпен кіреді». Елбасымыз айтқандай, отбасындағы сыйластық, татулық – баға жетпес байлық. Берекені көктен тілеп, өз құтын, өз ырысын қашырып жүрген жандар қаншама?! Осындайда, бір елдің ғана емес, бүкіл ұлыстың анасына айналған Домалақ ананың (Нұрилә ана), қазақтың біртуар мақтаныштары Шоқан мен Абайдың маңдайынан әжелік мейіріммен сүйіп, киелі кимешектерімен ұлылықтың үлгісін көрсеткен Айғаным мен Зеренің, отбасы мен елдің жүгін қатар көтеріп, Еңбек ері атанған Зылиханың, әнімен әлемді, жүрегімен отбасын жылытып жүрген Бибігүл мен Розаның, аты аңызға айналған даңқты батыр Бауыржан Момышұлының қолына жылы суын құйып, батасын алған Зейнептің даналықтары мен аналық ақ жолдары – жас ұрпаққа үлгі-өнеге.              
Ұлы аналардың жолымен жүріп келе жатқан Рысжан  Жарасбекқызы – данагөй асылдардың сынығындай, бір әулеттің берекесін кіргізіп, айрандай ұйытып отырған жан. Өмірлік қосағы Әдепхан Төреханұлы екеуінің бүгінде шаңырақтың көз қуанышына айналған «немерелері мен шөберелерінің бағындырар асуы биік болса екен» деген аталық,  әжелік аппақ тілекке жеткізген 6 ұл,    4 қызы – олардың бар байлығы. Жазиралы Жаркенттің жасыл желек жамылған Көктал ауылындағы олардың кие тұтар қасиетті қара шаңырағында өсіп-өнген ұл-қыздан немере-шөбере өріп отыр. «Балалы үй базар» демекші, шаттық орнаған шаңырақтан  бүлдіршіндердің бақытты үні естілгенде, мына әлемнің бар қызығы балаларда екен-ау деген ойға келесің.    
Бұқар жырау «Жақсы әйел ұл туса – патшадан болмас кемдігі» деген екен. Аллаға шүкір, алтын құрсақты анадан туған ұл-қыздары ата-ана үмітін ақтап, Тәуелсіз елімізге қызмет етіп жатыр. Тұңғышы Айбын – ауылшаруашылық ғылымының докторы, профессор, академик. Жақсы жолға түскен арбаның алдыңғы дөңгелегінің кейінгіге әсеріндей, үйелмелі-сүйелмелі бір үйдің балаларының бірінің артынан бірі білім қуып, талаптанып, ізденіп, әділдік пен адалдықтың қазығына байланып, үлкен арман жолымен жүріп келе жатқандығы мерейді тасытады. Думан, Байтақ, Дархан, Ақберен, Барлық атты ұлдары, Жазерке, Ақерке, Береке, Елерке атты қыздары аттарына сай кең-байтақ қазақ жерінің түкпір-түкпірінде мемлекеттік қызметте, ауылшаруашылық, құрылыс, білім саласында, жеке кәсіпкерлікте және т.б. ел игілігі жолында үлкен абыроймен еңбек етуде. Немерелерінің алды Елбасының ХХІ ғасырдың білім мен ғылымның, дарынды жастардың ғасыры болады деген сенім үдесінен шығу мақсатында «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде білім алып, халықаралық дәрежеде білімдерін шыңдап, заман талабына сай туған еліміздің өркендеуіне «теңізге тамған тамшыдай» болса да өз үлестерін қосып жатыр.  
Ағаш жапырағымен көрікті болса, адам өрелі өмірімен, өркен жайған ұрпағымен дәулетті, бақытты. Мәуелі ағаштай тамыры тереңге жайылған әулеттің иелері ұл-қыздарынан өрбіген 41 немере, 10 шөберенің тәрбиесін назардан тыс қалдырмай, жіті мән беріп келеді. Жүздерінен жылылық нұры кетпеген, көңілдерінен тектіліктің табы сезілетін ұлағатты жандар тарихтан сыр шертіп, немере-шөберелеріне қызықты аңыз-ертегілер желісін құлақтарына құйып отырады.  Адамның бақыты мен қуанышы, өмірінің мәні мен  мағынасы осында жатса керек. Ана болу – ұрпақтың бүкіл өміріне ұлы рухани күш пен ерен еңбекті сіңіру шығар. Осы тұрғыдан келгенде, Рысжан Жарасбекқызы 75  жылдық ғұмырында бақ бесігін тербеген Ардақты Ана атына мәртебелі жолмен келіп отыр. Үлкен жүрегімен, аялы алақанымен, жан жылуымен  бүкіл бір әулетті нұрландырып отырған Рысжан анаға Алла ұзақ ғұмыр берсін!


Гүлбақыт ҚАСЕН.