Ақсудың ерке Майрасы

Уақыты: 27.02.2017
Оқылды: 1838

Кейде біз тіршіліктің ұсынған сынағына түсінік таппай: «Тағдырдың жазуы ғой» – деп жатамыз. Сол тағдырдың  дегеніне көніп, ағыспен бірге жылжи беретіндер де бар. Керісінше, өмірде кездесетін кедергілерге қарсы тұрып, өз тағдырын өзі қалыптастыруға ұмтылатындар болады. Бүгін біз әңгіме еткелі отырған Б. Сырттанов ауылдық округінің әкімі Майра Әбішеваның осындай өжет те өршіл қыздардың бірі екендігіне дау жоқ.

Ұлы Отан соғысының ардагері, ұзақ жыл бойы Ақсу-Қапал  өңірінде шаруашылық басқарған Есім Әбішев пен Қазақ КСР еңбек сіңірген медицина қызметкері, бар ғұмырын халықтың денсаулығын қорғауға бағыштаған Надира Сағындықованың  отбасында 1959  жылдың мамыражай мамырында дүниеге келген ол әкесі мен анасына қарап бой түзеп, еңбекқор болып өскен еді. Оқуда да, қоғамдық жұмыста да әрқашан алда болуды ұнататын Майра бала кезінен-ақ көшбасшылық қабілетімен танылған. Сондықтан болар, мектепті бітірісімен сыныптас достарын ұйымдастырып, ауыл экономикасын көтеруге үлес қосады. Жалын жігерлі жас жігіттер мен қыздар осылайша сол кездегі комсомолдық бастамаларға үн қосқан болатын. Бір жыл еңбек етіп, шыңдалғанан кейін бұрын барып көрмеген Арқа жеріне жол тартып, Арқалық қаласынан бір-ақ шығады. Ондағы мақсаты осындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы педагогикалық институтқа түсу болатын. Талабы оңғарылып, Майра орыс тілі мен әдебиеті факультетінің студенті атанады. Институт өміріне белсене араласқан ол білім нәрімен сусындаған бес жылдың ішінде өзге де қоғамдық жұмыстармен бірге студенттік құрылыс отрядтарының комиссары болып, Торғай облысының Есіл, Амантоғай, Амангелді аудандарында ондаған тұрғын үйдің бой көтеруіне үлес қосқан болатын.
Оқуды бітірісімен туған ауылы Сағабүйендегі Төлеген Тоқтаров атындағы орта мектепке жолдама алады. Ондағы ойы, қанатымен су сепкен қарлығаштай болса да ауылдың гүлденуіне үлес қосу, жастардың жақсы білім алып, елінің лайықты азаматы болып өсуіне қолғабыс ету еді. Күнделікті балаларға дәріс берумен қатар мектептің қоғамдық жұмысына араласу, комсомол жұмысын жандандыру шаралары Майраның қатысуынсыз өтпейтін.
1985 – 1990 жылдары Арасан ауылына қызмет бабымен келіп, ұстаздық еңбегін жалғастырды. Сол кезде өзі жетекшілік еткен сыныптың түлектерімен Майра Есімқызы бүгінгі күнге дейін мақтанады. Себебі, олардың көпшілігі бүгіндері еңбек майданына араласып, белгілі бір жетістіктерге жетіп үлгерген. Осындағы жемісті еңбегі үшін Майра Әбішева 1990  жылы Қапал аудандық білім бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметіне жоғарылайды. Ал 1992 жылдан аудандық тіл, мәдениет, салт-дәстүр бөлімінің меңгерушісі, «Қазақ тілі» қоғамының бастығы, аудандық «Білім» қоғамының бастығы міндеттерін қоса атқарған. Атының өзі айтып тұрғандай, бұл қысы-жазы бір бітпейтін қым-қуыт жұмыстың ортасы. Күнделікті өзіне тиесілі міндеттерді атқарумен бірге өнерлі ұландарды қанаттандырып, республикалық «Әнші балапан» байқауына қатыстыру, ақын Сара Тастанбекқызының 115 жылдық тойын өткізу, Ғали Ормановтың мерейтойын ұйымдастыру сияқты іргелі істердің қасынан үнемі Майраны көретінбіз. Ол, сонымен бірге, ауданда өткізіліп жататын мәдени-көпшілік шараларға да белсене атсалысты. Дарынды балаларды назарда ұстап, облыс, республика көлемінде өткізілетін жарыс-байқауларға жолдама берді. Болашақта үлкен сахналарда көрінуіне себепші бола білді.
Егер адам өмірін жекелеген белестермен алып қарайтын болса, Майра Есімқызы үшін 1995 жылдың наурызын жаңа бір белес деп айтуға болады. Аудан әкімі Қалыбек Алдабергенов ел экономикасындағы қиындықтарға байланысты ауыл халқының тұрмысын көтеру үшін қабілетті қызметкерлерді ауылдарға жібере бастайды. Солардың қатарында Майра Әбішева да Молалы поселкелік округіне әкім болып аттанған еді. Табиғаты қатал, қысы суық, жазы аптап, суға тапшы өңірде орналасқан бес елді мекеннің басын құрайтын округте еңбек ету ер-азамат үшін де оңай емес екені белгілі. Алғашында қиналғанымен ауыл әкімі елдегі бас көтерер жігіттерді бірлікке шақырып, қиын-қыстау кезеңде жұртты жұтатпай алып шығудың жайын қарастырған. Бір кездері Ақсу, Сарқан, Қапал аудандарын отынмен, жанар-жағармаймен, химиялық тыңайтқыштармен, ағаш өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған ірі теміржол бекетінде әлі де болса тіршілік бар болатын. Аталған мекемелердің басшылары Серік Ермұратов, Марат Сейдахметов, Болат Әліпбеков, Қазыбек Бөрібаевтарды береке- бірлікке шақыра отырып, тұрғындарға азық-түлік, отынмен көмектесу осы кездері қолға алынды. Өзге ауылдық аумақтардан суармалы жер алып, егіншілікпен айналысу да жолға қойылған. Молалыға барысымен жастардың бос уақытын тиімді өткізу үшін ауылға Мәдениет үйін салуға мұрындық болған да осы Майра.  Өнерге деген қамқор көзқарастың нәтижесі емес пе, М. Әуезов атындағы орта мектептің оқушылары Р. Сейдғариев, А. Кенжеханов, А. Смағұлов және Қ. Қожабековтар Алматы қаласындағы цирк-музыкалық колледжіне оқуға түсіп, бүгіндері еліміз бен алыс-жақын шетелдердің өнер ұжымдарында жемісті еңбек етуде. Осы ауылдық округке қарасты Алажиде елді мекенінде жекеменшік балабақша ашып, пайдалануға бергені өз алдына бөлек әңгіме.
Он екі жыл бойы ауданның шеткі аймағы Молалыда әкім болып, ел алғысына бөленген Майра Әбішева 2007 жылдың жазында Барлыбек Сырттанов (бұрынғы Қызылту) ауылына әкім болып тағайындалды. Ән мен күйдің отаны, ақындардың мекені, Құдаш Мұқашевтің туған ауылы, тұңғыш Қазақ Конституциясының авторы Барлыбек Сырттановтың кіндік қаны тамған жерге әкім болу қосымша жауапкершілік жүктегендей. Соған орай  Майра Есімқызы өзіне тән іскерлікпен тұрғындарды ұйымшылдыққа үндеп, жаңа белестерге бастаумен келеді. Бұл жерде де алдымен жастар үшін мәдениет ошағын тұрғызуға күш салды. Талай жылдан бері шешімін таппай келе жатқан ауызсу мәселесі қолға алынып,  бүгіндері екі елді мекенге су құбырлары тартылған. Халықтың денсаулығын жақсарту мақсатында ауылдық амбулаторияның ашылуына да әкім бір кісідей атсалысты. Қопа ауылында бір кездері жабылып қалған кітапханаға қайта жан бітіріп, мектеп жанынан балабақшаның жұмыс жасай бастауына үлес қосқан болатын. Ауылдық округте төрт түліктің қарасы күннен-күнге көбейіп, егіс алқабы ұлғая түсуде. Осының бәрі түптеп келгенде халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының жақсаруына әсер етері сөзсіз. Бұл дегеніміз, экономикасы дамыған отыз елдің қатарына қосылуды мақсат еткен мемлекеттің шағын ауылы үшін аз олжа болмаса керек.
Ел тізгінін ұстау нәзік жандардың да үлесіне тие бастаған мына заманда Майра Есімқызы сияқты қыздарымыздың ер-азаматтармен қатарласа, тіпті, көп жағдайда оларға үлгі боларлықтай еңбек етуі, халықты ұтымды іске ұйытып, жақсы істердің басында жүруі баршамызды қуантады. Содан кейін де ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында Майраның да мерейін үстем етіп, оның үлкен еңбегі жайлы кішкене ғана әңгіме  айтуды мақсат еткен едік. Қашан да қиын-қыстау кезеңде ат жалын тартып мінетін қазағымның  қыздары жасай берсін демекпіз!

Қуат Қайранбаев
Ақсу ауданы.