Бір серпілтті

Уақыты: 28.02.2017
Оқылды: 1513

1 наурыз – Алғыс айту күніне орай Алғабас ауылдық округі кітапханасында «Алғыс айту – парызымыз» атты тәрбие сағаты өтті. Тәрбие сағатын ашып, жүргізіп отырған кітапханашы Б. Шағатаева өз сөзінде былтыр 14 қаңтарда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамбелеясының құрылған күні –          1 наурызды Қазақстанда Алғыс айту күні деп жариялау туралы №173 Жарлыққа қол қойғанын айтып өтті. Сол арқылы елімізде қалыптасқан атаулы күннің маңыздылығын айтып өткен жүргізуші алғашқы сөзді Алғабас ауылының тұрғыны, «Балауса» балабақшасының тәрбиешісі, неміс қызы Мария Гильгенбергке берді.

– Бұл көктем бұрынғы көктемнен өзгерек. Наурыздың алғашқы жұлдызы алғыспен айшықталды. Алғыс айту күні адамдар арасындағы татулық пен бірлікті одан әрі берік ететін орны бөлек мереке, – деген Мария Карлқызы бұл күннің маңыздылығына тоқталды. – Алғыс айту күні – бұл біртұтас азаматтық қағидаттарына негізделген Қазақстан қоғамын дамыту арқылы ел бірлігін нығайтуға ықпал етеді. Алғыс айту күні еліміздің әр азаматының жүрегіне жақын әрі жарқын мерекелердің біріне айналады. Қуаныш пен шаттық сыйлай білген мереке көпшіліктің есінде ұзаққа қалары сөзсіз. Көктемнің алғашқы күнімен көкіректерге қуаныш пен шаттық сыйлайтын атаулы күнді елімізге даралап, бастап берген Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа алғыс айтамыз.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, Ыбырай Алтынсарин атындағы медальдің иегері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, еңбек ардагері Нұртай Қыдырәліұлына, ауылдың әкімшілік қызметкерлеріне, ауыл медбикелеріне, ардагер ұстаздарға рахмет айтқан Мария Гильгенберг өзі үшін осы кісілердің орны ерекше екенін айтып өтті.
Шара аясында «Алғыс білдіремін» атты кітап көрмесі оқырмандарға таныстырылды. Сондай-ақ, шараға қатысқан «Балауса» балабақшасының меңгерушісі        Э. Тауханова, тәрбиешілер М. Гильгенберг пен М. Жексенбаева, әкімшілік пен Мәдениет үйінің қызметкерлері, кітапхана оқырмандары осындай ізгі шара ұйымдастырғандарға ризашылығын білдірді.
Кеш соңында Мәдениет үйінің музыка жетекшісі Қ. Төлебай Шәмші Қалдаяқовтың «Ана туралы» әнін нақышына келтіре орындап берді.


Венера Қонысбаева,
кітапханашы.