Балғындар жүрегінде өнердің бүрін жарған

Уақыты: 06.03.2017
Оқылды: 1683

Ұстаз! Осы бір ауыз сөзде қаншама қасиет жатыр. Ұлылықты да, даналықты да, кішіпейілділікті де, өмірде қандай жақсы қасиеттер болса, осының бәрін ұстаздың тәлім-тәрбиесі арқылы бойымызға сіңіреміз. Сондықтан да әрдайым мұғалімнің алдында бас иіп, шексіз құрмет көрсетеміз. Өйткені қатты шөлдеген адамға су беріп, шөлін қандыру үлкен сауапты іс болса, адамзатты білім нәрімен сусындатып, болашаққа кемел жол салатын ұстаздардың алар сауабы, тигізер шарапаты одан да мол болмақ. 

Ұстаздардың ішінде де ерекше балаға жақын, ішкі сырын, көзіндегі мұңын, көңілдегі шаттығын жазбай танитын жандар болады. Мен білетін Мараткүл Абайқызы, міне, сондай балаға ерекше қамқор ұстаздың бірі.
Жамбыл ауданының Сүйінбай атындағы орта мектебінде 1988 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Мараткүл Монтаева бастапқыда музыка пәнінен дәріс берді. Сол кездің өзінде әр баланың жан дүниесіне үңіліп, бір оқушы мұңайып отырса, оның көңілін көтеруге тырысып, мектептегі өнерлі шәкірттерді топтап қасында ертіп жүрді. Оның ішінде домбыра тартатыны, ән айтатыны, би билейтіні, өлең жазатын, кештерді ұйымдастырып, жүргізетін, түрлі өнерге қабілетті балалардың бәрі жанынан табылатын. Ал, олардың бәрін жылы құшағына басып, әрқайсысына уақыт тауып, мектепте үлгере алмаған ісін үйге барып, оқушыларға тәттілері мен жылы шайын ұсына отырып, жалғастыратын. Тәуліктің қай мезгілі болсын, қабақ шытпай оқушыларына уақыт табатын нағыз ұстаз Мараткүл апайдай болса керек. 
Осындай баламен жұмыс істеудің ерекше тетігін таба білетін ұстаз 1991 – 1999 жылдары директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін де атқарды. Кейіннен мектепке психолог деген жаңа мамандық енгізіле бастады. Мараткүл Абайқызының бұған дейін мектепте атқарып келген жұмысы да осы іспеттес еді. Яғни, баланың жан дүниесіне үңіле отырып, жұмыс істеу. Ұстаз бірден жаңа мамандықты меңгеріп, 2003 жылдан бері мектепте педагог- психолог қызметін атқара бастады. Осылайша оқушыларға бұрынғыдан да бетер жақын бола түсті. 
Мараткүл Абайқызының педагогика-психология саласындағы өзекті мәселесі – «Жеке тұлғаның өмірді сүйе біліп, барды бағалай алатын, өздерінің өмірге деген көзқарастарын білдіретін, ерікті, жігерлі тұлға тәрбиелеп, дамыту». Сонымен қатар педагог-психолог 2010 жылдан бері С. Назарбаеваның балаларға рухани-адамгершілік білім, тәрбие беру жобасы бойынша «Өзін-өзі тану» пәнінен жоғары сыныптарға дәріс беріп келеді.
2015 жылы «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім  бағдарламасы деңгейі бойынша мұғалімдер курсын бітіріп шықты. Мараткүл Монтаева осы бағытта бірнеше рет аудан көлемінде ашық сабақтар өткізіп, еңбегі жоғары деңгейде бағаланды. 
Педагог-психолог 2013 жылы Талдықорған қаласында өткен «Суицидтің алдын алу  шаралары мен әдіс-тәсілдері» тақырыбында үлкен алқалы семинар-тренингке қатысты. Семинарға облыстық институттың мамандары мен  жоғары оқу орындарының практик-психологтары  қатысып, Мараткүл Абайқызының іс-тәжірибесін  облыс, республика көлемінде таратуды ұсынды. 
Психологтің  «Мектепте тұлғалар  құзыреттілігін қалыптастырудағы психологиялық қызметтің ұйымдастырылуы», «Мектептегі психологиялық қызмет және оның талаптары» атты авторлық кітаптары жарық көрген. Ізденімпаз ұстаз  аудандық «Үздік психолог – 2013» байқауына қатысып, «Кәсіби шеберлік» номинациясымен  марапатталды.  Сондай-ақ, 2014 жылы Астанада отбасылық тәрбиелеу институты ұйымдастырған «Бақытты отбасы» курсын аяқтап, біліктілікті арттыру сертификатын  алған.
2015 жылы «Девиантты мінез-құлықты балаларды анықтау және оқыту проблемаларын шешу жолдары» тақырыбында аудан педагог-психологтарының семинарын  ұйымдастырды. Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасындағы білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында оқушылардың бойында патриотизм мен азаматтықты қалыптастыру»  атты республикалық ғылыми-практикалық конференцияға қатысып, ҚР Білім және ғылым министрлігі, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының сертификатын  иеленді.
Жантанушы мамандығына жан-тәнімен берілген  әрі өнерге де бір табан жақын Мараткүл Абайқызы өзінің өмірін, еңбектерін шығармашылықпен ұштастырып отырады. Өткен жылы «Ел-Назар»  республикалық журналы жариялаған «Озық ойлы оқушы» атты  бәйгесіне  мектептің дарынды оқушысы Айтақын Айғанымды дайындап, қатыстырды. Бүгінде психолог қызметін атқарып отырса да Мараткүл Абайқызы дарынды, өнерлі шәкірттерін танып, тауып, оларды шыңдап, түрлі бәйгелерге қатыстырудан жалықпайды. 
Ұстаз дайындаған оқушылар Астана, Алматы, Талдықорған қалаларында өз өнерлері мен білімдерін дәлелдеп, көрсете білгендерін бүгінде мақтанышпен айтып отырады.
Қазіргі таңда Мараткүл Абайқызы жас ұрпақтың  бойына адамгершілік-рухани құндылықтарды сіңіру жолында аянбай тер төгіп келеді. Осы орайда  «Жақсылық жан шуағы», «Елім деп соғар жүрегім», «Адами қарым-қатынас өзектері», «Ата салты – асыл қазына», «Сыйлас өмір – қимас көңіл», «Салауатты өмір сүрейік, ойнап-күліп жүрейік», «Мейірімділік – асыл қасиет», тағы басқа да тақырыптарда ашық сабақтар мен іс-шаралар өткізіп тұрады. 
Педагог-психологтің баспасөз беттерінде де өзекті тақырыптардағы материалдары жарық көріп тұрады. Аудан, облыс, республика көлемінде өткізілетін түрлі іс-шараларға да белсене қатысатын Мараткүл Абайқызы «Ұлағатты ұстаз» атты республикалық оқытушылар конкурсында «Оқушыларды ҰБТ-ға психологиялық тұрғыдан дайындау» атты жұмысын қорғап          орынға ие болды. Жалынды, жігерлі жантанушы, оқушының жұлдызын жаға білетін ұстаздың алар асуы, шығар биігі алда деп білеміз. Еңбегі жана берсін дейміз. 

Алма ЕСЕНБАЕВА