Ұршық дүние

Уақыты: 06.03.2017
Оқылды: 4865

Балалық көкжиегіміз кеңейіп, нағыз ойын қуған сәт. Қуаласпақ, асық ойнау мен ләңгі тебу құмарыңды бір қандырмайтын, шіркін. Үйдің сыртынан гөрі көбіне ішін қызық санайтын әжем кейде бала болып көрініп кететін көзге. Оның да ойыншығы бар. Біз секілді шаршау жоқ, күнде ұршығын қолына алып, шыр көбелекше айналдырады. Санына сипап қалғанда бір қолына қысқан жүні ширатылып, көз ілестірмей дайын жіп болады да қалады. Ұршықтың тынбай айналуынан әжемнің көзі де, қолы да талмайтын. Сол әрекетінен алған әсері болар, әңгіменің тетігін ағытып-ақ жіберетін.

Тауыққа тары-жем шашу мен малдың астын тазарту аса қиын шаруа емес. Ал қыстыгүні оларды суару тіптен қызық. Мінген торы тай тұмсығын суға салғанда, мойнынан сырғып түсердей күй кешесің. Малды қомдап, көше балаларымен жылқы жарыстырып, атты болдырту күнделікті әдетімізге айналады. 
Әжемнің әңгімесі отбасы құндылықтарынан басталып, Отаннан аяқталатын. Тарихтан, ұлттық танымнан сыр шертіп, бізге қазақтың сан қилы тағдырын таныстыратын. Әсіресе, тың және тыңайған жерлерді игеру кезінде қазаққа қиын соққанын айтатын. Теміржол салып, жайылымды жерлердің тарылуы да көшпелі елге оң әсерін тигізбеді. Отырықшылық өңі түгілі түсіне де кіріп-шықпайтын халық заманнан аз таяқ жеген жоқ. «Көш жүре түзеледі» деп ақыр аяғында көндікті, жер жыртып, арпа-бидай мен картоп егуді үйренді. Ал енді көшпелі дәуір мен қазіргі жай-күйімізді салыстырып көріңіз. Құдды ертегі дерсің, әжемнің айтқандарына әлі күнге дейін таңырқап келемін. «Балам оқи бер, оқи бер. Қазір пайдасы тимесе де кейін көресің жемісін. Заман оқығандардыкі болады», – дейтіні есімде. Ол қандай білім, ол қандай заман деп таңдана қараған сұрағымның жауабына кәмпит беретін. Соны жеу үшін күнде «бестік» алып, алдымдағы тұрған кітапты он қайтара оқитынмын. Біз бір сәттік қызықты ойласақ, әжем болашақты ойлаған екен ғой. Әжемді еске алсам қазіргі жай-күйіміз сол кәмпит сияқты тәтті болып кетеді. Әттеген-ай да жоқ емес, әжем өмірден өткен соң қой жүні жіпке айналмады. Ұршық шыр айналып, текемет басылмады. Сан ғасыр мұра болып келе жатқан ұлттық болмысымыз осылайша жоғалып кете ме деп қорқамын. Күндердің күнінде қазіргі қыз-келіншектерді сол әжемнің кейпінде көргім-ақ келеді. Жүн түтіп, тоқыма тоқып, жіп иіретін әжелер көп болса ғой.
Қолынан смартфон түспейтін, әлеуметтік желінің әлегіне душар болған XXI ғасырдың ұрпақтарына осыларды айтсам, ертегі секілді көрінетін шығар. Кейде мақтанбақ болып: «Мен кезінде кәмпит үшін оқығанмын», – десем, қыран-топан күлкінің астында қаламын. Жегені артында, жемегені алдында тұрған оларға бұны түсіну қайда. Көпшілігі әже алақанын сезініп, қызығы мол ертегісіне елтіп жатпағаны айдан анық. Жаргон сөздердің неше түрлісін құлақ естіп, жат қылықтарды көз көріп жүр. Осындайда ұлттық тәрбиенің осалданып бара жатқанына опынасың.
Таңмен таласа тұрып, сиыр-қойды жайылымға шығарып салушы едік. Келген бойда малдың астын тазартып, әкеңе жәрдемдесесің. «Келіңдер, шай ішіңдер», – деген ана дауысы естілгенде үйге қалай кіріп кеткеніңді де сезбей қалатын едік. Самаурынның буы бұрқыраған шайы, кілегей мен май жағылған нан кешке дейін қуат сыйлап, шаршауға мұрша бермейтін. Таңғы салқындықты пайдаланып, бақшадағы арамшөптің түгін қалдырмай жұлатынбыз. «Кім озады?» деп жарысқанда  кейде картоптың сабағы бірге жұлынып кетеді. Ондай кезде аяғымызбен топырақты ашып, соған сол сабақты білдірмей көміп, әрмен қарай арамшөппен арпалысып кетеміз. Күні бойы үй шаруасынан зеріккен көңіліңді кешкі қызық басатын. Ол қызық – жайылымнан мал келгенше футбол, қуаласпақ ойнау. Одан қалса «Аға, бөтен қой бар ма?», – деп сұрау салып, әр үйге бас сұғудың өзі бір ғажап еді.

Аса ыждағаттылықпен ораған әже жібін ширатып жібереміз. Содан соң шатасқан жіпті қайтып орнына келтіріп көр. Ақ жіпке қарасын, қарасына ағын араластырып тәп-тәуір ала жіпті қолдан-ақ жасай салатынбыз. Сағымға айналған сол сәтке көз жүгіртсем, өмір белестері сол жіп сияқтанып кетеді. Бұрылысы мен бұлтарысы көп, ағы мен қарасы қатарласа жүреді. Ал әжемнің ұршығы шыр айналған бүгінгі дүние-дүрмекке ұқсап кетеді. Өкініштісі, өткенге қайта орала алмайсың, тек естелік парақтарын ғана ақтарып қоясың. Мен сол парақтардың ішіндегі әже бейнесін сағындым.

Мәулен Әнербай