ПАРАСАТ ПЕН САЯСАТ БИІГІНДЕГІ ЖАН

Уақыты: 07.03.2017
Оқылды: 1692

Қазақы тәрбиенің қайнарына әбден сусындап, ұлылардың кіндік қаны тамған жер жаннатына айналған Жетісу жеріне келіп, ел үшін туған азаматтардың ізін жалғап, өнегесімен өркендеп, бойындағы бар күш-жігерімен тынбай еңбек еткен Гүлжиян Сүлейменованың шолпан жұлдыздай жарқыраған бағы мен бақыты киелі мекенде жанған десек қателеспеспіз. 

Адамгершілік деген мағыналы да мерейлі ұғымның қамтитын аумағы кең. Оған кез-келген жағдайда адамның өне бойынан төгіліп тұратын қаапайымдылығын, пенде ретіндегі ізеттілігін, білімі мен парасатын, туа бітті туралығын, үлкен мейлі кіші болсын тіл табыса алатын кішіпейілдігін қосып, одан шығатын адамның тұтастай болмысын жасайтын болсақ, әңгіме өзегіне айналған Гүлжиян Мағданқызының образын бірден аңғаруға болады. Өйткені біз айтқан адами қасиеттің барлығын нәзік жанды бола тұра бір бойына дарытып, жанын жылылық пен махаббатқа толтырып үлгергеніне қарап қызығасың.
Қыз да болса әкесінің ұлындай болған Гүлжиян Мағданқызы қаншама атқамінер азаматтар атқармаған істі атқарды. Республика бойынша алдыңғы қатарда бой түзеген облыстың сан саласында өзін сынап көрді. Еңбек жолында кездескен тау тұлғалы жақсылардан көп дүние үйренді. Ең ауыр әрі жауапты саналатын идеология саласын басқарды. Бұл жұмыстың міндетін қарапайым тілмен түсіндіретін болсақ, майданға қарусыз аттанумен тең. Ол облыстың ішкі саясат басқармасының тізгінін қолға алғанда қазақ, орыс тілінде халыққа жағымды жаңалықты паш ететін басылымдардың таралымын көбейтті. Бұл оның бір ғана жұмысының айғағы. Бірлігі мен берекесі жарасқан мекенде қаншама этнос өкілдері өмір сүреді. Олардың достығы, татулығы, ауызбіршілігі облыс идеологиясының дұрыс жүруіне байланысты. Өзінің туа бітті мінезі, қанына біткен қайсарлығы мен өжеттігінің нәтижесінде өрге шығып, үнемі халықтың арасында жүрді. Жан жүрегі жарқырап, елдің үнін билікке жеткізе білуімен ерекшеленген жан талай жылдар бойы идеология майданының мықты жауынгері болғанын күллі жетісулық жақсы біледі. Өзіне артылған міндетті бұлжытпай, дер кезінде орындағанының нәтижесінде кешегі толқын ағалар мен бүгінгі толқын інілерге құрметті, сыйлы бола білді. Ердің жүгін арқалап жүріп, түйткілді мәселенің сетінеп кетпеуі үшін қаншама жанға көмектескенін ризашылықпен айтып жүретіндердің қатары аз емес. 
Бүтіндей саналы ғұмырын Жетісу өңірінде еңбек етіп, қай істе болмасын жақсы жағынан көріне білген Гүлжиян Мағданқызының еңбегі бағаланып келеді. Зейнеткерлік жасқа келсе де қоғамда өзінің ойып алған орны бар қайраткер қаламға және оның жазуына адалдық танытуды өзінің негізгі міндеті мен парызы санайды. Бейнетінің зейнетін бар өмірін арнаған Елбасы саясатын халыққа жеткізу жолында шығарып жатқан «Кәсіпкер» журналы арқылы көріп келеді. Бұдан біз елі үшін туған азаматшаның әрбір ісінен тек халыққа пайдам тисе деген мақсаты мен арманының барын аңғарамыз. 
Тайға таңба болып басылған құнды тарихымыздағы Тұмар ханша, Бопай, Зарина берісі Мәншүк, Әлия, Ләззат сынды аттың жалында, түйенің қомында, Отан үшін от кешіп түн ұйқысын төрт бөлген ер мінезді қыздарымызбен мақтанамыз. Олардың әрқайсысы да қазақ ұлтын тұтастай сақтап, келешек ұрпаққа ата-баба жерін аманаттау жолында, ұлттың жарқын болашағы үшін үлкен қадам жасады. Тәуекелге бел буып, ерлермен тізе қосып күреске бірге аттанды. Сондай сұрапыл соғыста жүрсе де қазақ қыздары ақыл мен сұлулықтан, көркем мінез бен тәрбиеден, дәстүр мен салттан аттаған жоқ. Тізбектей берсек қазақ әйелінің міндеті мен мақсаты қоғам ортасында айқын болғаны бәрімізге аян. Демек, бүгінгінің қыз-келіншектері кешегі тарихта ардақты да батыр нәзік жандылар сомдаған асыл бейнені жоғалтқан емес. Солардың сарқыты ретінде биліктің тұтқасын бекем ұстап, ел үшін, туған жер үшін ат жалын тартып мінген Гүлжиян Сүлейменованы  мақтанышпен атауға болады. Қазақтың маңдайына біткен өзіңіздей нәзік жандылар қатары көп болсын демекпіз.


Еңлік БАУЫРЖАНҚЫЗЫ.