Еуразиядағы өмір ағашы

Уақыты: 05.07.2016
Оқылды: 2397
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Төрткүл дүниені түгендеп, жердің асты мен үсті, қала берді аспанмен астасып Мәң­­гілік Елдің мәйе­гіне айналған «Бәйте­рек» мону­менті бүкіл­әлем­дік бейбітшілік пен ынтымақ­тас­тықтың сим­волы бола біл­ді. Еуразия жүрегінен орын теуіп, көз­дің жауын алар жаңа шаһа­рымыз Астананың да­му тарихынан сыр шертер сәулет өнері әлем­дік маңызға ие өмір аға­шының кейпіне ен­ді. Жапы­ра­ғын жайып жер шарының сая­сы атанған «Бәй­те­рек» жыл сайын та­мы­рын тереңге тарқатып, бар­лығына бірдей нәр беруде.

Қарап тұрсаңыз алып жер барша адамзат атаулының ортақ шаңырағы. Әр елді уық деп қабылдасақ, сол шаңырақтың шайқалмауы әрбір ұлысқа байланысты. Олардың береке-бірлігі мен ынтымағы айрықша маңызға ие. Солардың ішінде бейбіт Қазақстанымыз өзіндік сара да дара жолымен ерекшеленеді. Тарихы терең, мә­дениеті мол, керегесі кең жұрты­мыз­дың тәуел­сіз­дігіне енді ғана ширек ғасыр толып, жас ба­лаша аяғына тұрса да, өз орнын ойып алды. Әйт­песе, аз уақытта дамыған 50 елдің қатарынан орын алып, мүйізі қарағайдай Бүкіләлемдік Сауда ұйымына кіруінің өзі бір төбе. Алғашқы болып, ядролық қарудан бас тартуымыздың өзі әлемдік сахнадағы беделі­мізді асқақтатты. Бүгінгі таңда Ас­танамызда небір ғаламдық маңызға ие бас­қосу­лар мен жиындар ұйымдастырылып келеді. Дәл осы қалада  алғаш рет әлемдік дәстүрлі дін­дер съезі, Еуропадағы ынтымақтастық және қауіп­сіздік жөніндегі ұйымның мерейтойлық саммиті өтуінің кәугері ретінде тағы да Бәйте­ректі айтамыз. Себебі, 2003 жыл тарихта Әлем­дік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының бі­рінші құрылтайы ретінде қалды. Түкпір-түк­пір­ден ат терлеткен қонақтарға арнап 17 киіз үй тігілді. Барлығы бірауыздан, бірдей дұға қылды, бүкіл әлемнің татулығы мен амандығын сұрады. Сөйтті де өздеріннің өшпес қолтаңбаларын қал­дырды.

Өмір ағашы – ежелгі көшпенділердің кос­мо­но­­гиялық ұғымын да бейнелейді. Аңызға сүйен­сек: әлемдер тоғысқан жерде, әлем өзені ағып жа­тады. Оның жағасына көрік беріп тіршілік аға­шы – бәйтерек өсіп тұрады. Тамырымен жер астын, діңімен жердің бетін, ал ұшар басы тәжімен ас­панды ұстап тұрған екен. Жыл сайын сол ағаш­тың басына қасиетті сам­рұқ құс ұя салып, бала­пан басады. Алайда оның жұмыртқасын жы­лан жұтып қоя беретін бола­ған. Мұндай көрініс ха­лық ауыз әдебиетінде де кез­деседі. Барлы­ғы­мыз­дың сүйікті ертегіміз Ертөстікте егжей-тегжейлі бейнеленеді осы алып ағаш. Бір қанаты­ның өзі бір айлық жерді алып жататын самрұқ құсы осы ағашқа келіп жылына бір рет жұмыртқа басады. Балапандарынның қамымен айлап азық іздеуге кетсе, аңдыған айдаһар әсте жеп қояды оларды. Қарынның қамын әдетке айналдырып, байғұс самрұққа ұрпақ көрсетпей, жылда аузы майланып жатады. Бұл жаз бен қыстың, күн мен түннің алмасуын, қайырымдылық пен зұлымдықтың күресін білдіреді. Дәл осындай жауапты міндет жүктел­ген бәйтерегіміз жерді әлемдік қауіп-қатерден қорғап, тыныштық қаймағынның бұзылмауын қадағалап келеді.

Алып сәулет өнері биіктігі 105 метрді құрай­тын металдан, әйнек пен бетоннан жасалған. Салмағы 1000 тоннадан асатын бес жүзге жуық қададан құралған. Бәйтеректің биіктігі 97 метр. Бұл санның астарында үлкен тарих жатыр. Себебі, республика астанасының Алматыдан Астанаға көшірілуі 1997 жылға саяды. Жер шары бойынша алғашқы рет диаметрі 22 метрлік және салмағы 300 тоннаны құрайтын күн сәулесіне қарай түсін тотыша түрлендіретін «хамелеон» әйнегінен жасалған шар биіктігі жағынан әлем­дік рекордқа ие болды. Үш бөліктен тұратын биік нысанның жер асты бөлігі ұлттың тамыр жаюын білдірсе, кейінгі сатылары елдің өркендеу кезең­де­рін бейнелейді. Алып шар­дың ішінде «Аялы алақан» композициясы ор­наластырылып, әр кел­ген қонақ Елбасы Нұрсұл­тан Назарбаев­тың оң алақанына қолын қойып, іштей еліміздің тыныш­тығын тілеп, аялы ала­қанының жылуын сезінеді. Тағы бір еске­ретін жайт «Бәйтерек» тек сәулет нысаны, монумент қана емес, келелі құжатқа айналды. Жұ­мырт­қаның ішінде жер шарының ағаштан кескін­делген композициясы бар. Онда «Бейбіт­шілік пен келісім Қазақстанға жаратушы­ның нұры жаусын» деген алтынға бергісіз сөз жа­зылған. Гүл жапырақшалары іспетті ағаш глобус­тың айналасында 17 қолтаңба орналас­қан. Бұл туралы жоғарыда 2003 жылы орын алған тарихи сәтте баяндаған едік.

2002 жылы құрылысы басталған «Бәйте­рек­­тің» бас жобалаушысы Нұрсұлтан Назар­баев, сәулетшісі Ақмырза Рүстембеков пен инженер-құрылысшы М. Вахштейннің еңбектерін ерекше атап өту керек. Өйткені осынау биік нысанның бой көрсетуі үшін қолына күрек ұстаған қара­пайым құрылысшының да еңбегі елеулі. Олар болашақ, өскелең ұрпақ, әлемдік тыныштық үшін тер төкті.

Қазақстан халқы емес, шетелдік тұрғын­дар­­дың назарына іліккен Бәйтерек көптің ар­манына ай­­налды. Олардың әрқайсысы шардың басына шы­­ғып, көз жауын алар көрікті Астана­ның кей­піне қарағысы келеді. Рухтанып, жігерленіп бірер сәт тыныштық пен бейбітші­лік­тің исі аңқып, кө­кірегіне қуаныш ұялатып қайтады. Сондықтан бә­­ле-жала, саяси қақты­ғыс­тардан аман-есен бо­лып, Мәңгілік Еліміздің шаңырағы шайқалмағай.

Мәулен Әнербай