МӘСЛИХАТТЫҢ КЕЗЕКТЕН ТЫС СЕССИЯСЫ ӨТІП, ЖАҢА ҚҰРАМ БЕКІТІЛДІ

Уақыты: 08.06.2022
Оқылды: 1337
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Алматы облыстық мәслихатының кезектен тыс XX сессиясы өтті. Онда Алматы және Жетісу облыстық мәслихаттары мен депутаттық корпусты бөлу мәселелері қаралды.

Облыс әкімінің орынбасарлары мен аппарат басшысы, облыстық басқармалардың басшылары және аудан, қала әкімдері мен аудандық, қалалық мәслихаттардың хатшылары онлайн режимде қатысқан сессияға төрағалық еткен облыстық мәслихат хатшысы Дәулет Жарасбаев сессия жұмысын ашық дауыс беру арқылы жүргізіп, қос облысқа бөлінген депутаттардың үлес салмағын таныстырды. Оның айтуынша, Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 3 мамырдағы №887 Жарлығына сәйкес облыстық мәслихат Алматы облыстық және Жетісу облыстық мәслихаттарына бөлінуге тиіс. Осыған орай мәслихат депутаттары дауыс беріп, қаралып отырған мәселеге қолдау көрсетті. Атап айтқанда, «AMANAT», Қазақстан Халық және «Ауыл» партияларымен келісімге сәйкес және екі өңірдегі сайлаушылар санына байланысты Алматы және Жетісу облыстық мәслихаттары арасындағы 45 депутаттық мандат екіге бөлінді. Осылайша, Алматы облыстық мәслихатында 26 депутат, Жетісу облыстық мәслихатында 19 депутат жергілікті халықтың мүддесі үшін жұмыс істейтін болды. Мәселелерге ашық дауыс берген сессия делегаттары Жетісу облыстық мәслихатының хатшысы сайланғанға дейін оның алғашқы ұйымдастыру сессиясының төрағалығына ұсынылған Әсет Қыдырмановтың кандидатурасын қолдады.
Кезектен тыс ХХ сессияны осылайша қорытындылаған төраға тарихи қадамға байланысты пікір білдіру үшін ортаға Алматы облысы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Лаззат Тұрлашовты, Жетісу облыстық мәслихатының депутаты Ақшабай Керімбековті, Алматы облыстық мәслихатының депутаты Асқар Сүлейменовті кезекпен шақырды. Әріптестерін айтулы күнмен құттықтаған сөйлеушілер алдағы күндердің жемісті болуына тілектес екенін жеткізді.
Одан соң жаңадан құрылған Жетісу облыстық мәслихатының алғашқы сесссиясы өтіп, ұйымдастыру шаралары талқыға салынды. Сессия төрағасы – облыстық мәслихаттың депутаты Әсет Қыдырманов күн тәртібінде қаралатын мәселелерді таныстырып өтті.
Жетісу облыстық мәслихат хатшысын сайлау шарасында мінберге шыққан облыстық мәслихаттың депутаты Мұрат Әубәкіров алдымен көпшілікке облыстық мәслихат хатшысы лауазымына «AMANAT» партиясының облыстық филиалының атқарушы хатшысы, облыстық мәслихат депутаты Гүлнар Тойлыбаеваның кандидатурасын ұсынатынын жеткізді. Оның ұсынысын бірауыздан қолдаған депутаттар ашық дауыс берді.
Сессия төрағалығын қолға алған Гүлнар Тойлыбаева күн тәртібіндегі мәселелерді талқылауға кірісіп, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңның 12 бабына сәйкес, Жетісу облыстық мәслихатында тұрақты комиссиялар құрылуы керектігін атап өтті. Экономика, бюджет, құқықтық тәртіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, депутаттық өкілеттіктер мен этика мәселелері бойынша тұрақты комиссиясы; ауылшаруашылығы, жер қатынастары, ветеринария және экология мәселелері бойынша тұрақты комиссиясы; денсаулық сақтау, білім, халықты әлеуметтік қорғау, мәдениет, дін, тіл, этносаралық қатынастар және ішкі саясат мәселелері бойынша тұрақты комиссиясы; индустриялық-инновациялық, көліктік-логистикалық даму, кіші және орта бизнесті, туризм мен спортты қолдау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және құрылыс мәселелері бойынша тұрақты комиссиялардың төрағалары мен мүшелерін таныстырған сессия төрағасы депутаттардың ашық дауыс беруін жүргізді.
Бұдан кейін «Жетісу облыстық мәслихатының аппараты» мемлекеттік мекемесін құруға дауыс берген мәслихат депутаттары «Қазақстан Республикасындағы Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына сәйкес облыстық мәслихат аппаратының құрылымы мен штат кестесін және регламентін бекітіп, жұмысын жаңа бастаған облыстық мәслихатқа тілек арнады.
Жиын соңында депутаттар естелік суретке түсті.

Мәди АЛЖАНБАЙ,
Алматы облысы