ҰЗЫНАҒАШ АУЫЛЫНЫҢ ІШІНДЕ АВТОБУСТАР ЖҮРЕ БАСТАДЫ

Уақыты: 08.06.2022
Оқылды: 1369
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

 Араға 32 жыл салып Ұзынағаш ауылының ішінде қоғамдық көліктер қайтадан жолаушы тасымалдай бастады. «Ұзынағаш автопаркі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен 8 автобус үш бағыт бойынша жүре бастағанына екі айдың жүзі болды. 
1990 жылдан бастап  аудан орталығында  қоғамдық көліктер жұмысын тоқтатып, оларды жеке таксилер алмастырған. Бірақ жылдан-жылға такси қызметінің құны өсіп, тұрғындардың қалтасына салмақ салды. Аудан орталығында қоғамдық көліктің қажеттілігі, әсіресе, кейінгі жылдары қатты сезілді. Себебі елді мекен аумағы кеңейіп, жаңа шағын аудандар бой көтеріп, халық саны өсті. Соған орай  жолаушы тасымалына деген сұраныс артты. Бұл мәселе біраз жылдан бері әлеуметтік желіде және жиналыстарда жиі көтерілетін. Енді, міне, халықтың тілегі орындалып, 16 орынды шағын автобустар жолаушы тасымалдау қызметіне кірісті. 
Бүгінде Ұзынағаш, Жаңақұрылыс, Қайназар, Ынтымақ ауылдарында 70 мыңға жуық адам тұрады. Оның ішінде мектеп жасындағы балалар саны – 15 мың. Қоғамдық көліктер тек аудан орталығында ғана жүрмейді, сонымен қатар аталған елді мекендерге дейін қатынайды. Игілікті іс аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен және жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен іске асты. Автобустар таңғы сағат 7:00-ден бастап кешкі 20:00-ге дейін жүреді. Көліктердің қозғалыс аралығы – 15 минуттан.  Жол ақысы үлкендерге 100 теңге, балаларға 50 теңге болып бекітілген. Бұл, әсіресе, көпбалалы отбасыларға үлкен жеңілдік.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"