Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ІРІ КӘСІПОРЫНДАРДАҒЫ ІРГЕЛІ ЖҰМЫС       

Уақыты: 26.06.2022
Оқылды: 934
Бөлім: БАСТЫ БЕТ

Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Көксу ауданы мен Талдықорған қаласындағы ірі кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Аймақ басшысы өндіріс орындарының басшыларымен әңгімелесу барысында  республика көлемінде қолға алынып жатқан жобаларға қатысып, өнім көлемін ұлғайтуды тапсырды.

Ол алдымен “Көксу” қант зауытына барды. Қайта өңдеу кәсіпорны жаз мезгілінде қант қамысын өңдеп, тәулігіне 300 тонна өнімді сатылымға шығарады. Қайта өңдеу кәсіпорны  бүгінде қанттың келесін 400-450 теңгеден саудалауда. Көктемнен осы күнге дейін зауыт 21000 тонна жартылай фабрикат өнімін өңдеген. Жақын арада Бразилиядан 22000 тонна шикізат әкелінбек. Өндіріс орны бір маусымда 45000 тонна қант қамысын өңдей алады. Ауылшаруашылық мамандары өңірдің төл дақылы - қант қызылшасы алқабын кеңейтуге судың тапшылығы кері әсер ететінін жеткізді. Бұл жөнінде облыс басшысы Бейбіт Өксікбайұлы ирригация жүйесін жаңалау барысында жұмыс жүргізілетінін айтты.

Ол “Темірбетон” жауапкершілігі  шектеулі серіктестігінің жұмысымен таныса жүріп,  ирригациялық жүйеге пайдаланатын бетон науаны көптеп шығаруды тапсырды. Жалпы өндіріс орны жылына 65 000 шаршы метр өнім өндіреді. Облыс әкімі кәсіпорын жетекшісіне "Бескөл – Ақши, Ақши– Көктұма – Ақтоғай" бағытына электр желілерін тартумен шұғылданып, мүмкіндігін тексеруді ұсынды. Кәсіпоырынның ірі жобаларға қатысуы - жұмыс орнындарының көптеп ашылып, өнім көлемінің ұлғайып,  бюджетке түсетін салықтың өсуіне оңды әсер ететіні сөзсіз. Бейбіт Өксікбайұлы “Темірбетон” кәсіпорнының жетекшілеріне алдағы уақытта  “Балқаш - Мойынты - Достық" теміржолының электр бағандарын тартып, жобалау-монтаждау жұмыстарына да батыл кірісуге болатынын айтты. Аталмыш темір жолдың 351 шақырымы  біздің облыс аумағы арқылы өтеді.  

“Қайнар АКБ” зауытының жұмысымен танысу барысында өндіріс орнының ауылшаруашылық, әскери техникалардың және басқа да көліктерге арналған аккумулятор батареялары таныстырылды. Зауыт жылына 3,7 млн. дана тауар өндіреді. Келесі кезекте шаһардағы екі жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан “Айсұлу” жеңіл өнеркәсібінің жұмысымен танысты. Пандемия кезінде іс тігуді бастаған цех бүгінге дейін 256 кәсіпорынмен келісімшарт жасасқан. Бүгінде олар мекемелердің жұмысшыларына арналған арнайы киім, медициналық ақ желең, төсек-орын жаймасы, әдемі футболкалар тігумен айналысуда. Өнеркәсіп 300 адамды жұмыспен қамтуға қауқарлы. Әзірге онда 100 адам жұмыс істеуде. Мұнда жұмысшыларды тасымалдау және түскі ас тегін. Аймақ басшысы алдағы уақытта облысқа қарасты кәсіпорындардың арнайы киімдері, әлеуметтік мекемелерге қажетті  көрпе-жастық қаптарын осында тіккізуге тапсырыс беру керектігін айтты. Жергілікті әкімдік жеңіл өнеркәсіп орнына инфрақұрылым тартып  беретін болды.

Әкім барған келесі нысан - «JLС Сүт» зауыты.  Кәсіпорын жылына 21000  тонна сүтті қайта өңдеумен шұғылданады. Олар болашақта сары май шығару көлемін ұлғайтпақшы. «Жетісу Мажико агрокешені” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі күнбағыс, майбұршақ, рапс майлы дақылдарын қайта өңдеумен шұғылданады. Олар көбінесе шикізатты ресейден алатынын айтты. Оған себеп, жергілікті өнім сапасының төмендігі мен сату құнының жоғарылығында деп түсіндірді зауыт басшысы  Элизбар Скокбаев. Бірақ, облыс басшысы кәсіпорын біздің аумақта орналасқандықтан өңірдің шаруаларымен жұмыс істеу жағын ойластыру керектігін тапсырды.  Содан кейін облыс басшысы индустриялық аймақты көруге барды. Аймақтың көлемі - 594, 9 гектарды құрайды. Оның біразы жекеменшікте. Облыстық әкімдік аймақтың 200 гектарын  инвестиция тартуға пайдаланбақшы. Бұл жерде дәнді дақыл сақтайтын қойма, пластик құбыр және өндіріске қажетті индустриялық батарея  шығаратын инвестициялық жобалар қолға алынбақшы.

Жетісу облысы тоғыз жолдың торабында тұрғандықтан кәсіппен шұғылдануға ыңғайлы. Болашақта мұнда өнім өндіру жанданып,  индустриялық аймақтың кең құлаш жаятынына сенім мол. 

Гүлжан Тұрсын
Жетісу облысы