"ӨЗЕКТІ": ҚОЯН ЖЫЛЫНДА ҚОЯНДАР ҚЫРЫЛЫП ЖАТЫР

Уақыты: 19.01.2023
Оқылды: 1246
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Редакциямызға Қаратал ауданының шалғай жатқан ауылдарының бірі – Байшегір елді мекенінен шаруалар хабарласып, төменгі Қаратал жақта дала қояндарының жаппай өліп жатқанын жеткізді. Мән-жайды білмекке ҚР АШМ ВБҚК Қаратал ауданы аумақтық инспекциясының басшысы Саламат Нұрланұлына хабарласқан едік.

Жабайы аң-құсқа бай Сарыесік – Атырау алқабында дала қояндары өздігінен өліп жатыр. Бұта түбінде серейіп, қатып қалған қояндарды көрген шаруалар бұл жайтқа қатты алаңдаулы. Қыстың суығына шыдамады деуге әкетіп бара жатқан аяз жоқ, басқа аңдар мен үй жануарларының өлексесі байқалмайды. Егер қоянға қандайда бір кесел келсе ертең басқа жануарлар мен үй жануарларына да тарала ма, деп қауіптенеді. Бірқатар шаруа қожалығының иелері өлген қоянды аудандық ветеринарлық инспекцияға тексеруге жіберген екен.
– «Бұл жағдайдан құлағдармыз. Бізге шаруалар хабарласып, өлген қоянды беріп жіберген. Негізінен біз үй жануарларына қатысты жұмыс жүргіземіз. Даланың жабайы аңдарына басқа мекеме жауапты. Бірақ, бір аудан болғандықтан шаруалардың өтінішіне құлақ асып, кесел шыққан болса, ертең үй жануарларына кесірі тимесі үшін алдын алу жұмыстарын жүргіздік. Әкелген қоянды облыстағы орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау инспекциясына тексеруге жібердік»,–деді.
Расымен де, бұл мәселеге бейжай қарамау керек. Сарышұнақ аяз жоқ, айдың күні аманында дала қояндарының өлуі алаңдататын жайт. Оның үстіне қояндардың  қыста қатып қалғаны жайлы бұрындары тіркелмеген. Сондықтан биылғы жағдайды мұқият зерттеу қажет. Қансонарда жалғыз қоян жабағының бір жылда жүретін жүрісін бір түнде жортып тастайды екен. Бұл нені білдіреді, қатты суықта қатып қалмау үшін, түнімен тоқтамай жорта береді. Енді осыны ескерсек, айтарлықтай аяз жоқ қазіргі кезде қояндардың қатып қалуы екіталай. Сонымен аталған инспекцияға хабарласып, жауапты мекеменің жауабын тыңдадық.
«Төменгі Қаратал аумағында қояндардың өздігінен өліп жатқаны жайлы аудандық ветинспекция хабарлады және өлген қоянды сақтық шарасын орындай отырып, бізге жіберетінін жеткізді. Біз оны арнайы тексеру зертханасына тапсырамыз. Сол жерде нақты шешімі анықталады. Әзірге ештеңе айта алмаймыз, сараптама шешімі шыққан кезде, сіздерге арнайы жауабын жолдаймыз», – деді Жетісу облысы орман шаруашылығы жануарлар дүниесін қорғау инспекциясының басшысы Нұрқуат Қонысбаев.
Міне, әзірге қояндардың қырылуы жұмбақ болып тұр. Сараптама жұмысы бір-екі аптадай болады. Себебі анықталған кезде бұл мәселеге қайта ораламыз.

Ришад ТҰРҒАНБАЙ,
Қаратал ауданы