ЖАЙЫЛЫМДЫҚ ЖЕР ТАПШЫ

Уақыты: 19.01.2023
Оқылды: 1220
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қазақстандықтарды жайылымдық жермен қамтамасыз ету шаралары талқыланды.

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің хабарлауынша, бүгінгі таңда жайылымдық жерлер 183,4 млн. гектарды құрайды, оның ішінде 82,4 млн. гектар – ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер, 63,9 млн. гектар босалқы жерлер, 21,2 млн. гектар елді мекендерге іргелес жерлер, 15,9 млн. гектар басқа санаттағы жерлер (орман қоры, ерекше қорғалатын табиғат аумағы, өнеркәсіп жерлері). Оның айтуынша, 15 өңірде, әсіресе, Түркістан, Қызылорда, Алматы және Атырау облыстарында жеке қосалқы шаруашылықтарда мал жаю үшін жайылымдардың тапшылығы байқалады. Өткен жылы мемлекетке 5,2 млн. гектар пайдаланылмаған және заңнаманы бұза отырып берілген ауыл шаруашылығы жерлері қайтарылды. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 10 есе көп (0,4 млн. га). 2022 жылы тиісті шаралар қабылданғаннан кейін жер пайдаланушылар 1,85 млн. гектар алаңда өздерінің ауыл шаруашылығы жерлерін игеруге кірісті.
Жетісу облысы әкімінің міндетін атқарушы Әлібек Жақанбаев баяндама жасап, өңірдегі халықты жайылымдармен қамтамасыз ету шараларымен таныстырды. Жетісудың жер көлемі  11 млн. 846 мың  гектарды құраса, оның 4 млн. 634 мың гектары ауыл шаруашылығы мақсатындағы, 3 млн. 847 мың гектар жайылымдық жер. Облыс бойынша 358 елді мекен тұрғындарының мал жаюы үшін барлығы 719,4 мың гектар жайылымдық алқап бекітілген. Қазіргі таңда, алдын ала есеп бойынша бұған қосымша 688 мың гектар жайылымға қажеттілік бар. Сонымен қатар, аэроғарыштық зерттеулер арқылы анықталған пайдаланылмай жатқан 857,2 мың гектар ауыл- шаруашылық мақсатындағы жерлердің 2022 жылы мемлекет меншігіне қайтарылғаны – 128,5 мың гектар, оның ішінде 121,3 мың гектар жайылымдық алқаптар. 
Премьер-Министр жайылымдық жерлермен қамтамасыз етпейінше, мал шаруашылығын толыққанды дамыту мүмкін емес екенін атап өтті. 
– Бұл – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей қатысы бар аса маңызды мәселе. Осыған байланысты, заңсыз берілген, бос жатқан жерлерді қайтарып алу жөніндегі арнайы комиссия былтырғы сәуір айынан бері жұмыс істеп келеді. Нәтижесінде өткен жылы мемлекет пайдасына 5,2 млн. гектар жер қайтарылып алынды. Оның ішінде 4,8 млн. гектары – жайылымдық жер, – деген Әлихан Смайылов ғарыштық мониторингті қолдана отырып, бос жатқан және мақсатсыз пайдаланылған жерлердің бар-жоғына бағалау жүргізу керектігін тапсырды.

Мәулен ӘНЕРБАЙ,
Жетісу облысы