НАЗАРБАЕВ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕБІНІҢ ОҚУШЫЛАРЫ ЗАҒИП ЖАНДАРҒА АРНАЛҒАН КӨЗІЛДІРІК ОЙЛАП ТАПТЫ

Уақыты: 20.01.2023
Оқылды: 1415
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектеп оқушыларының нашар көретін және зағип жандарға арналған көзілдірік жобасы Мысыр елін таң қалдырды.

Каирде өткен «Ai forum» жастар форумында бірегей жоба таныстырылды. Әлемнің 26 елінен келген командалар өнеркәсіптік революция, жасанды интеллект, блокчейн, өнер және экология саласындағы проектілерімен бөлісті.

Форумда әр тақырып бойынша дәрістер мен семинарлар өткізілді.

– Біздің жоба қазылар алқасы мен көрермендердің жақсы бағасын алды. Осы өнертабыспен біз былтырдан бері айналысып келеміз. Форумда танымдық экскурсия ұйымдастырылды, бұл шығармашылық бастаманы дамытуға көмектесетіні сөзсіз, – дейді жоба авторларының бірі Виктор Кахно.

Виктор Кахно, Максим Сурин, Мирхаят Дени ноу-хауы екінші жыл қатарынан «Enactus World Cup» студенттік кәсіпкерліктің финалисті атанды. Өткен жылы балаларға NARXOZ университетінің мемлекеттік грантының сертификаттары табыс етілген еді. Айта кетейік, нашар көретін және зағип жандарға арналған көзілдірік камераның көмегімен, арнайы сенсормен жұмыс істейді. Бұл камераның жұмыс істеуі үшін оқушылар арнайы бағдарлама кодын жазды. Осылайша, инфрақызыл толқындардың арқасында технология объектілерге, көліктің кез келген түріне, бағдаршамдарға, жол белгілеріне, велосипедшілер мен адамдарға дейінгі қашықтықты анықтай алады.

«ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ»