МАССАЖ ЖАСАУ КӘСІП ПЕ, ҚАСИЕТ ПЕ?!

Уақыты: 11.04.2023
Оқылды: 1352
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Бұрын массажды бойында кемістігі бар, аурушаң балалар ғана алушы еді. Ал жаңа туған нәрестені апаларымыз маймен сылап, қол-аяғын созып, жауырынын ашып, тез ширау үшін уқалайтын. Бүгінде бүлдіршін ерте даму үшін дәрігерлер жаңа туған сәбилерге де массаж алу керек деп кеңес береді. Маман тапшы, бала массажы қымбат болғаннан кейін қазір 1 апта курс оқып, сертификат сатып алып, өздерінше «массажист» болып, қызмет көрсетіп жүргендер көбейді. 

Интернетті ашып қалсаңыз, «үйге барып массаж жасаймын, сертификатым бар» дейтін жарнамалар толып тұр. Қайсысы мықты маман екенін, қайсысы бір апта оқып, қызмет істеп жүргенін білу қиынның қиыны. Хабарласа қалсаң жап-жас қыздардың өзі осы салада жүргеніме біраз жыл болды деп тұрады. Ал білікті мамандар нәрестеге массаж жасау оңай емес, сәбидің тағдырымен ойнамау керек деп зар қағуда. Біз арқамызды уқалағанның бәрін массаж деп ойлаймыз. Бірақ, ол мүлдем олай емес. Уқалаудың да әр түрі, денеде басатын нүктелер, массажды жасауға болмайтын кез де бар екен. Мәселен, бала ауырып тұрса, екпе алса, үстінде тері аурулары болса, дене қызуы артқанда, аллергиялық реакциялар кезінде уқалауға болмайды. Сонымен қатар, ДЦП, аутизм сияқты ауыр диагноздармен жұмыс істейтін массаж маманы бар. Бірақ бұған медициналық білім қажет, сол үшін ондай балаларды кез келген маман қабылдамайды. Білімі жоқтар баланың денсаулығына зиян келтіреді. Сондықтан біз денсаулық саласын кәсіпке айналдырмауымыз керек. 

Массаждың қыр-сырын білу үшін осы салада табан аудармай 30 жылдан астам жұмыс істеген Талдықорған қаласындағы №2 емханасының массажист-дәрігері Әсия Сабыровамен сөйлестік.  

– Еме алмайтын әлсіз балаларға массаж екі аптадан басталады. Онда да дәрігердің рұқсат қағазы керек. Мен қазақ болғаннан кейін массажды сәби қырқынан шыққаннан кейін бастаймын. Сонымен қатар, емханада жалғыз жұмыс істеген соң денсаулығы жақсы балаларды қабылдамаймын. Маған тек диагнозы бар балалар келеді. Бірақ, жас аналарға баланы қалай майлау, уқалау керектігін көрсетіп жіберемін. Негізі баланың денсаулығы жақсы болса, әр ана баласын өзі майлап, уқалау керек. Қазір жаңа туған сәбиіне профилактикалық массажды дәрігерге жасататын ата-аналар көбейіп келеді. Міне, осыдан кейін екінің бірі массажист болып алды. Кейбіреуі 2-3 күн ғана оқып, енді бірі сертификатты сатып ала салады. Балаға массаж жасау оңай емес. Массажды сезініп отырып жасау керек.  Медицинадан мүлде хабары жоқ адамдар массаж жасауға болмайды. Өйткені бала тағдыры үшін жауап береміз. Көбісі май жағып уқалай саламын дейді. Дені сау ересек адам мен кішкентай балаларды салыстыруға келмейді. Диагнозы бар сәби болса, тіпті қиын. Ол неврология, хирургия, педиатрия болуы мүмкін, бәлкім қақырық шығару керек. Массаждың түрі өте көп. Баланың басы қисық, ет өскен деген сияқты сан алуан диагноз қойылады. Мұның бәрін 1 аптада оқып шығу мүмкін емес, – дейді дәрігер. 

Тәжірибесіз мамандардың салдарынан емханаға балалардың денесі ауырып, шығып немесе сынып келіп жатқандар да бар екен. Оны дәрігер қайта емдеуге мәжбүр. Білікті маман шәкірт тәрбиелеп, массажист болғысы  келетіндерге арнайы курс оқытады екен. Бірақ, ол  үшін сабаққа келетін адамның қолында кем дегенде медициналық колледжді бітірген дипломы болуы керек. Себебі, олар адамның анатомиясын біледі. 
Облысымызда массаж жасайтын қаншама орталық, үйден емдейтін қаншама адам бар. Барлығы медицина мамандары ма?  Оны бізге анықтау мүмкін емес. Үйде отырып тапсырыс қабылдайтын білікті маманның бірі Эльмира Болысбаева сол отбасыға барып қараған балаларға да, ата-аналарға да тиімді екенін айтты. Себебі, ұйқысы қанық, қарны тоқ балаға массаж жасағанда мазасызданбай, тыныш жатады. Оның үстіне қыстың көзі қырауда, ауа райы қолайсыз кезде баланы клиникаға тасып жүру де оңай емес. 

– Балаларды өздері үйреніп қалған орында қарағанымыз дұрыс. Бірақ, жұмыс клиникада емес екен деп сертификат сатып алып, балаларға массаж жасаймын деу үлкен қателік. Себебі, қазіргі таңда балалар «гипертонус», «гипоксия», «дисплазия» деген диагноздармен көп келеді. Ал оны екінің бірі жасай алмайды. Ал сау балаға массажды ата-ана өзі жасағаны жөн. 40 күнге дейін балаға дұрыс массаж жасалса, ары қарай жақсы болып кетеді. Өкінішке қарай, бүгінде жас ата-аналардың көбі балаларына 40 күн толғанша үйге дәрігер шақыртып, профилактикалық массаж жасатуды әдетке айналдырып алды. Баланың дені сау болса – ондай массажды өзіңіз де істей аласыз. Тәжірибесіз массаж жасаушы баланың аяғын, қолын, буынын шығарып алуы мүмкін, – дейді Эльмира Болысбаева.   

Қызмет көрсету сапасына қарай массаж бағасы да әртүрлі. Үйге келіп жасау 2500 теңгеден басталады. Бала бір жасқа дейін кемі 4 сеанс массаж алуы керек екен. Жаңа туған, дені сау сәбидің өзіне қаншама қаражат кетеді. Ал денсаулығында кінәраты бар балаларға тіпті, қып-қызыл қаржы жұмсалады. Тапқан-таянғанын массажға жұмсайтын ата-аналар да бар. Баласы үшін зорға қаржы тауып отырған ата-ана сертификат сатып алған массажистсымаққа тап болса қайтпек?! Жалпы, массаж маманын таңдағанда оның лицензиясы мен тәжірибесіне қарау қажет. Өйткені қазір қаптаған массаж маманының арасынан біліктісін табу қиын. Медициналық білімі болмаса да массаж жасауды кәсіп қылып, ақша тауып отырғандар да баршылық.

Ел ертеңі – дені сау ұрпақ. Сондықтан, қоғамды «массажисттің айлығы көп» деп сертификат сатып алып жүргендерден тазалайық.  «Шымшық сойса да қасапшы сойсын» дегендей, әркімнің өз кәсібімен айналысуы керегі бағзыдан айтылып келеді. Бүгінде сөзден іске көшетін кез келді! Әйтпесе бала денсаулығына немқұрайды қарап, тағдырымен ойнайтындар көбейе берері анық. 

Айдар ҚАЛИЕВ